«Жын кірген, Құранмен емдеу керек»: Алладан безіп, Жаратушыға сенуге шақырған танымал журналист желіні шулатты
Танымал журналист, диктор Жанат Бақыт желіде түрлі жазба жазып, елдің назарына ілінді.
Көпшілік тележурналисті танымай қалғандарын айтып, жақындарынан көмек сұраған.
Желі қолданушылары әсіресе журналистің «Алла кетіп, Жаратушы келді» деген жазбасына алаңдаған. Сонымен бірге олар диктордың жақындары қайда қарап отырғанын сұраған.
«Жанат ханым, сізге не болған? Жын кірген ба? Емделу керек», «Бұлай болмайды, адамдарды адастырмаңыз, жақындарыңыз қайда қарап отыр?!» «Мен жақсы көретін тілшілердің бірі едіңіз, Алла хидаят берсін», «Балаларыңызға обал болады, бұлай айтпаңыз» деп жазуда олар.
Айта кетерлігі журналист Facebook-тегі парақшасында бұған дейін Әлихан Бөкейханның атынан сөйлеп, Кенесары хан туралы әңгіме айтқан.
Аталған оқиғаға қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пікір білдірді. ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғар халықты жат ағымдарға еріп кетпеуге шақырды.
«Әлеуметтік желідегі журналист Жанат Бақыттың Алла Тағала туралы айтқан ауыр сөздері мұсылмандар арасында үлкен түсініспеушілік тудырды. Осы орайда, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына әр өңірден түрлі пікірлер білдіріп, наразылық білдірген хаттар түсуде. Жалпы, шариғатта Алланың атынан жалған сөйлеу өте ауыр күнә екені айтылады. Мысалы, Алла Тағала қасиетті Құранның «Әл Анғам» сүресінің 144-аятында: «Адамдарды надандықпен адастыру үшін Алланың атынан жалғанды жалпағынан басатын пендеден өткен залым бар ма» деп баяндаған. …Осы ретте, барша мұсылман қауымын, барша отандастарымызды журналист Жанат Бақыттың сөзіне еріп, дәстүрлі сенімімізге селкеу түсіріп, ел ішінде арандатушылық тудырудан сақ болуға шақырамыз», – деді ҚМДБ төрағасының орынбасары.
Айта кетейік, Жанат Бақыт КТК телеарнасында жаңалықтар жүргізушісі ретінде көпке танылған еді. Белгілі диктор кейіннен жеке кәсіп ашып, қазақы нақыштағы әйелдерге арналған киімдер тігу ісіне бет бұрған болатын.