Жылы сөз жанды да, тәнді де емдейді
Қаладағы емхананың бірінен шығып, салыңқы қабақпен өзара әңгімелесіп келе жатқан екі әйелді әңгімеге тарттым. Әуелі «бәрі жақсы, жақсы ғой» деп қашқақтаған әйелге:
– Сіздің қандай көңіл күйде шыққаныңызды көріп тұрмын, ал үйге барып асүйде отырып ренжігеніңізден не өзгереді? Қазақта «Ауруын жасырған өледі» деген сөз бар. Сіз тегін қаралып жүрген жоқсыз, кепілді медициналық тегін қызметтің затында өзіміз төлеген салық жатыр. Яғни тегін дегенмен оның ақысы сіз бен біз төлеген салықтан бюджетке түскен. Ал айтпағаннан ұтарыңыз қайсы?» дегенбіз. «Қарағым, мен 57 мың теңге зейнетақы аламын. Осы емханада диспансерлік есепте тұрамын. Тегін дәрілер беріледі, бірақ ауыра беремін. Содан балаларым орталарынан қаражат сайлап жеке клиникаға қаратты. 327 мың теңгеге жекеге қаралғаныма болайын, жылы-жылы сөйлеп, әр маманға қаратып, 57 мың теңгеге дәрі жазып берді. Соларды алып ішпеймін бе. Жоқ, жағдайым жақсармады. Енді емханадағы дәрігерге келсем, сізде ақша көп пе? Неге бардыңыз, қайта бұрынғы нәтижеден айрылып, бүкіл еңбек зая кетіпті, артық қыламын деп тыртық қылғансыз деп ұрысты. Кімге сенуге болады? Балаларым аузынан жырып берген қыруар ақшам-ай», дейді.
Ал тек жеке клиникаға қаралуды қалайтын бойжеткен алғашқыда қарапайым емханаға барып, тіркелу дәрігерге кіру, флюрографияға өту сәтінде емдеу мекемесіндегі қызметкерлердің пациенттермен сөйлескенінен шошығанын айтты. «Әрине, жекелердің де барлығы бірдей емес. Өзім қаралатын клиниканы біраз талғап, көпшіліктің пікіріне қарап таңдадым. Ұнайтыны, дәрігер сізден ештеңе жасырмай әңгімелеседі. Ең бірінші қабылдауға ғана ақы төлейсіз. Ал ем алған уақытта дәрігерге қанша кірсеңіз де ақы алмайды. Барлық қызметкері сыпайы. 87 мың теңгенің ішіне бір жарым ай бойы емделу, аппараттарға түсу, физиоем мен барлық дәрі-дәрмек және дәрігер мамандарға қаралу кірді. Сондықтан «Халық айтса қалт айтпайды» дегендей, таңдау жасарда бәрін ескеріп, көпшілік пікіріне ден қою қажет», деді ол.
– Сіз денсаулық саласын жазып жүрсеңіз, Астанадағы Теміржол ауруханасына барып көріңізші. Жуырда әріптесім жұмыста есінен танып құлап, жедел жәрдеммен сонда алып барған еді, – деді көргендерін жаны қиналып отырып жеткізген бір сұхбаттасушым. Оның айтуы бойынша, аталған аурухана Астанадағы емдеу орны деген атқа лайық емес, өткен ғасырдың 80-жылдарына қайта оралғандай сезімді өткересіз. «Қазір елордада бәрі жаңарған, ал теміржолшылар ауруханасы сол заманда қалып қойыпты. Қабылдау бөлімінде Жедел жәрдеммен алып барған құрбымды үстінде ең болмағанда төсеніші жоқ, атам заманғы темір кушеткаға жатқызды. Оның тісі тісіне тимей, сақылдап тоңған соң, үстімдегі костюмімді жауып, медбикелерден көрпе мен жастық сұрап ала алмадым. Басын тастай суық темірге қоймасын деп сүйеп тұрғаннан қолым талды. Сол жерде түрлі келеңсіз көріністердің куәсі болдым. Бір зейнеткер үйінің жанындағы дәріханада система қойғызып жүреді. Бірде дәріге қарсы әсер болып, дәріханадағы қыз жедел жәрдем шақырады. Бригада дәрігерлері ақсақалды Теміржол ауруханасына алып келген екен. Қарияның аяқ киімі дәріханада қалып қойса керек. Ал қабылдау бөлмесіндегі қыз: «Үйіңізге барыңыз, бұл жер сізге мейманхана емес» деп зірк-зірк етіп ұрсады. Әлгі ақсақал: «Қарағым, жалаңаяқ қайда барамын, балаларым жұмыста, жалғыз жүре алмаймын», деп мөлтең-мөлтең етеді. Қазір Астанада халық көп. Қабылдау бөлмесінің жанынан келген науқастарды қарайтын 3-4 кушеткасы бар бір орын сайлауға болмас па? Дәрігер жанына сая бола ма деп келген адам құлап қалса да жантая қоятын орын жоқ. Осы ауруханадағы дөрекі қызметкерлерден түңіліп шықтым. Бәлкім бір қарын майды бір құмалақ шірітетін болар. Бірақ Денсаулық сақтау ведомстволарының бұл мәселеге назары ауады деп ойлаймын.
Астанада қай емханаға барсаңыз да, маманданған дәрігерге кіре алмай кезек күткен көп кісіні көреріңіз анық. Учаскелік терапевтен жолдама алып, тіркеу бөлімінен маманданған дәрігердің қабылдауына жазылу керек. Кейде қажетті маманды айлап күтуге тура келеді. Бірақ ақылы түрде қараламын десеңіз, қалаған маманға жедел кіруге болады. 1-2 ай бұрын жазылып, талонда көрсетілген уақытта келсеңіз, алдыңызды дәрігердің таныстары, медицина қызметкерімін деушілер орай береді. Жұмыстан белгілі бір уақытқа сұранып келсеңіз де екі көзіңіз төрт болып отырғаныңыз. Сағат 2-де келмек дәрігер әлі жоқ. Нарық билігі жүрген заманда уақыт санаулы. Мені де жұмысымда күтіп отырған жандар бар. Олар да кіжінеді, олардың да уақыты кетіп жатыр. Ал бұған емханадағы дұрыс ұйымдастырылмаған жұмыс кінәлі, дейді кезекті қаралушы.
Қаладағы №10 емханаға қарасты жұртшылықтың флюрографияға түсуі үшін Астананы әрлі-берлі кезгеніне бірнеше айдың жүзі болыпты. Алғашында №3 емханаға барып тексерілуден өткен адамдар, енді екі арадағы келісімнің үзілуіне байланысты жаңадан шарт жасасқан №8 емханада флюрографияға түсуге мәжбүр.
Қаладағы №6 емханаға қаралатын тұрғындардың да маманданған дәрігерлерге қаралуы жоғарыдағы емханалар тәрізді. Жалпы, осы емдеу мекемесінің артқан жүгі молырақ көрінген. Себебі түске дейін де, түстен кейін де, тіпті кешке қалсаңыз да адам қарасы өте мол. Содан ба, ауа райы қанша қолайсыз болса да сыртқы есік таңғы сағат 8.00-ді соқпай ашылмайды. Жауын болсын, қар болсын, дірдектеп астында тұрғаның. «Өткенде жап-жас келіншек есікке ұмтылып, тап берген жұрт нөпірінде қысылып қалды. Ал біз тәрізді қартаң адамдарға жоғары қабатқа көтерілудің өзіне уақыт керек. Бұрын дәлізге кіргізіп, тоңдырмайтын еді. Қазір қалтырап сыртта тұрасың, отыратын орындық та жоқ», деді бір әже.
Емдеу мекемелерінің халыққа көрсетер қызметі жайында мақала жазып жүргенімнен жұртшылықты әлеуметтік желі арқылы хабардар еткенмін. Көптеген адамдар хабарласып, ойымен бөлісті. Әлеуметтік желі пайдаланушыларының бірінің айтуынша, бүгінде министрліктің барлық аурухана мен емханалардың сайттарында онлайн түрде сұрақтарға жауап беретін қызметтері бар. «Мен жалған айтты десеңіз, өзіңіз сол онлайндарға хабарласыңыз. «Сізге қазіргі уақытта жауап беруге мүмкіндік жоқ, бірақ сұрағыңызға жауап аласыз» деген сипатта, сірә автоматтан болар, жауап аласыз. Сонымен бітті, еш жауап берілмейді. Денсаулық сақтау министрлігінің сайты да жауап қатпайды. «Хатыңыз тіркелді, жауап аласыз» дейді. Дегенмен бекерге күтесіз, деген болатын. Шынында солай сияқты. Астанадағы бірқатар клиникалардың онлайнына жазып едік, тура жоғарыдағыдай жағдайға кезіктік? Бұл сонда жоғарыға есеп беруге ғана қажетті қызмет түрі ме?
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»