Жылқының сүйек құрылымы

0

Жылқының дене бітімі және анатомиялық ерекшелігінің негізі оның сүйек құрылымының орналасуы мен үйлесіміне байланысты болады. Яғни, жылқының сүйек бітімі талапқа сай келгенімен, оның сіңірлері, бұлшық еттері, буын шеміршектері және ішкі ағзалары талапқа сай келмесе, ол жылқы жүйрік болмайды. Нақтырақ айтқанда, жылқының сүйек бітімі ішкі ағза мүшелерімен үйлесім табуы қажет.

Жылқының әрбір дене мүшесінің атқаратын міндеті бар. Мысалы, жылқының төменгі тірек мүшелері (аяғы, саны, жіліншігі, тұяғы) жалпы дене салмағын қозғалыс кезінде алып жүруге міндетті. Яғни, жылқының дене мүшелерінің бітім-болмысы қаншалықты дұрыс үйлесім табады, соншалықты сапасы артады.

Ал, жылқының сүйегі оның негізгі қаңқасын құрайды. Сүйектері ірі әрі мықты болса, ол сапалы жылқы деп есептеледі. Жылқының сүйегі ірі болған сайын оның салмағы артады және тұлғасы көрнекті келеді.

Сүйектердің міндеті – жылқының қимыл-қозғалысын ретке келтірумен қатар, ішкі ағзалардың табиғи түрде орналасуын қамтиды және бұлшық етпен қапталады. Еттің сыртынан тақыр жүнді қалың тері орай орналасады.

Жылқының жалпы денесі ірілі-ұсақты 205 сүйектен құралады. Бұл сүйектер буын арқылы қозғалып, жұмсақ әрі берік шеміршек-сіңірлер мен бұлшық етке бекиді.

Жылқы сүйектерінің негізгі құрылымы:

• бас сүйек;

• мойын және арқа сүйек буындары;

• қабырға сүйектері;

• алдыңғы-артқы аяқ сүйектері жатады.

Бас сүйектің құрылымы: екі жақ сүйек (астыңғы және үстіңгі), маңдай және төбе сүйегі, көз ұясы, кеңсірік, азу және қасқа (маңдай) тістер, таңдай сүйегі, сояу тіс жатады.

Алдыңғы аяқ сүйектеріне: жауырын, тоқпан жілік, кәрі жілік, жіліншік, бақай сүйектері және тұяқ жатады.

Артқы аяқ сүйектеріне: жамбас, ортан жілік, асық жілік, тірсек, жіліншік, жетім сүйек, бақай және тұяқ жатады.

Қабырға сүйектеріне: қабырға сүйектерін үш топқа бөледі. Біріншісі – төс сүйекке бітіскен бұғана қабырғалар, екіншісі – қара қабырғалар, үшіншісі – сүбе қабырғалар.

Мойын және арқа сүйек буындарына: желке құйысы, мойын буындары, шоқтықтың буын-сүйектері, арқа буындары, сауыр құйысқаны, құйрықтың жіңішке буын-сілбе сүйектері жатады.

● Буынның құрамы – буын ұясы, шеміршек қабығы және сарысудан (сұйық зат) тұрады. Бұл құрам буын сүйектерінің үйкелісін реттейді. Яғни, буын қозғалысқа енген жағдайда еркін қызмет атқару мүмкіндігін жасайды.

Буындарды – жікті буын, тұтасқан буын, қозғалмалы буын деп үш топқа бөліп қарастырған жөн.

● Жікті буынға – жік арқылы тұтасқан бас сүйек буындары және жамбас-жауырын жігі мен төс сүйек жіктері жатады.

● Тұтасқан буынға – мойынның жеті буыны, шоқтықтың 18 буыны, арқаның 6 буыны, жаяның 6 бітеу буыны, құйрық буындары (жылқының жасына байланысты 13-19 буын) жатады.

● Қозғалмалы буынға – жылқының қозғалысын қамтамасыз ететін, яғни, бүгіліп-жазылатын барлық буындар жатады. Буын қозғалыстарын иінді және жабық иінді деп екіге бөледі.

● Иінді буынға — жылқының күрделі қозғалысын қамтамасыз ететін аяқ буындары мен шүйдеге тұтасқан (қарақұс) мойынның ауыз буыны мен кеудеге тұтасқан соңғы буыны жатады.

● Жабық иінді буынға – қабырға сүйектерінің арқаға тұтасқан үстіңгі бунақтары және төс сүйекке байланған бұғана қабырға буындарын жатқызамыз.

Қозғалмалы буындарды орналасуына қарай – алдыңғы және артқы буын тізбегі, арқа-қабырға-төс буын сүйектері деп бөледі.

● Алдыңғы буын тізбегіне – жауырын мен тоқпан жілік қоспасы, жіліншіктің үстіңгі буыны, тізенің 6 буын сүйегі, бақай және тұяқтың ұсақ буындары жатады.

● Артқы буын тізбегіне – жамбас қоспасы, тобық, асық буыны, жіліншік пен бақай қоспасы және тұяқ буын сүйектері жатады.

● Арқа-қабырға-төс буын сүйектеріне – төс пен қабырға, арқа мен қабырғаның тұтасқан шеміршекті буындары жатады.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/