Жылқының қозғалыс аллюры: Аяң түрлері
Аяңның түрлері. Аяң – жылқының жай жүрісі. Бұл жүрісті қазақ халқы жылдамдығы мен қозғалыс ырғағына қарай: ілбу, өгіз аяң, жай аяң, жел аяң, сылаң аяң (жүріс), қатты аяң, көсем жүріс, китің, шоқырақ аяң, т.б. түрге бөлген.
● Ілбу (ілби басу) – Өте жай жүріс. Көбінесе кәрі аттар мен шабан жылқыларға тән қимыл. Ілбіп жүрген жылқының артқы аяқтары алдыңғы аяқ іздеріне жетпейді, әрі қысқа адыммен ілбиді.
● Өгіз аяң – Алдыңғы аяқтың ізіне артқы аяқ жетпей басады. Ұзақ жолға шыққан адам атын қинамас үшін әдейі өгіз аяңмен жүреді. Көбінесе ауыр жүк артылған немесе керуен-арба тартатын жылқылар ұзақ жолға өгіз аяңмен жүреді.
● Жай аяң – Атты өз еркімен тізгінді бос қойып жүргізуді айтады. Бір сөзбен айтқанда, жылқы өз ықтиярымен жүру деген сөз. Бұлай жүрудің мәні – жүрдек жылқылардың қозғалысы кезінде үстіндегі адам жолсоқты болып шаршаған жағдайда, ат үстінде демалып, тынығу үшін атты жай аяңмен жүргізеді.
● Сылаң немесе жел аяң – Бұл жүріс негізінен жас жылқыларға тән. Бойы шалдықпаған тай-құнандар сылаңдап аяңдайды. Сондай-ақ, жүйрік жылқыларды баптау барысында сылаң аяңмен жүргізіп тынысын ашады, көбең терін шығарады.
● Қатты аяң – Өте аяңшыл жылқының жүрісі. Бұндай қозғалысқа қарапайым аттар бүлкіл желіспен әрең ілеседі. Аяңшыл жылқының артқы аяғы алдыңғы аяқтың ізінен асып түсіп отырады. Сағатына шамамен 10-12 шақырым жүреді.
● Көсем жүріс – Абай атамыздың сөзімен айтсақ, «тымақты алшы кигізгендей» аяғын көсіліп көсем тастап, адамның көңілін көтеретін жүріс. Көсем жүрісті жылқы аяғын шадырлап тастайды. Бірақ, бұл жүріспен жылқы алысқа жүрмейді. Өйткені, көсем жүріс жылқыны тез шалдықтырады. Сондықтан, көсем жүрісті жылқыны той-томалаққа немесе ауыл арасына сәндікке мінеді.
● Китің – Аяңның бір түрі. Мінген адамға тынышты, сәл ырғап жеңіл тербеп отырады. Жорға мен аяңның арасынан шыққан аралас жүріс. Бірақ, китіңнен жорға шықпайды. Китің жүріс кезінде аттың аяғы өреленіп қозғалады. Китің аяңның ұйқасымды әсем түрі немесе ритмдік қозғалыс.
● Желiп басар – Алды аяңдап, арты жеңіл лыпып желіп отырады. Артқы аяқтың ізі алдыңғы аяқтың ізінен асып түседі. Бұндай жылқы қазақы тұқымнан көп кезіге бермейді. Бұл жеңіл қимылды әрі елпек ақылды жылқыларға тән қозғалыс. Көбінесе, таза қанды жылқылар желіп басады.
● Шоқырақ аяң – Кейбір аяңшыл аттың алды желіп, арты сыпылдай аяңдайды немесе алды шапшаң аяңдап, арты шоқырақтап желіп отырады.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Дереккөз: http://egemen.kz/