Жылдың айшықты оқиғаларын атап өтті

0

Министр осы жылдың еліміз үшін жемісті жыл бол­ға­нын атап өтті. «Тәуел­сіз Қазақ­станның тарихында 2018 жыл үлкен бетбұрыстармен есте қала­ды. Ең алдымен, бұл – Қазақ­стан­ның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төра­ғалық етуі. Еліміздің төрағалығы кезінде түрлі форматта 30-ға жуық отырыс өткізіліп, соған сәйкес ма­ңыз­ды қарар­лар қабылданды», деді Д.Абаев. 

Министрдің мәлімдеуінше, екін­ші елеу­лі оқиға – республикалық деңгей­де жаңа миллионды қаланың және Түркіс­тан облысының мәртебе алуы. Мемлекет басшысының Түркістанды түлету жөніндегі бұл шешімін ел жұрт­шы­лы­ғы ғана емес, тұтас түркі жұрты аса ма­ңызды қадам ретінде қабыл­дады. Ал үшінші  мегаполистің қатарға қосылуы демографиялық өсім­­нің нақ­ты көрсеткіші, бұл қадам эко­но­­ми­ка­лық және аймаққа инвес­ти­ция тарту тұрғы­сынан тиімділігін қазірдің өзінде көрсетіп отыр. 

Тағы бір маңызды оқиға – Каспий маңы 5 мемлекеттері арасындағы 20 жылдық келіссөздердің нәтижесін көрсеткен «Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі» туралы конвенцияға қол қойы­луы. Аталған маңызды құжат Ақтауда өткен бесінші Каспий сам­митін­­де қабылданды. Сол сәттегі сө­зінде: «Конвенция «Каспий теңі­зі­нің кон­ституциясы» болып саналады. Мұн­да теңіз жағасындағы мем­­лекеттердің құқықтары мен мін­дет­теріне, сондай-ақ өңірдің қауіп­сіз­ді­гіне, тұрақтылығы мен өркендеуіне кепіл болуға қатысты барлық кешенді мәселелерді реттеу қарастырылған», деген еді Елбасы. 

Д.Абаев осы жыл­ғы басты әл­еу­­­­меттік қол­дау­дың өзегі Елбасы­ның Үндеуі бол­­ғанын айтты. Президенттің Бес әлеу­­меттік бастама­сын­­да ха­лық­тың тұр­мысын одан әрі жақ­сарту­дың нақты бағыттары белгі­лен­ді. Атап айт­қанда, осы бастама бойынша  коммуналдық қыз­мет­тер тарифі төмендейді. 7 жыл бойы аспандап тұрған  электр энергия­сы­ның тарифтеріне де тосқауыл қой­ыл­мақ. Бұл – үлкен тәуекел. Сонымен қатар ең төменгі жалақы көрсеткіші бір жарым есеге өсті. Және келесі жылы зейнетақы мен бірқатар әлеуметтік жәрдемақылар көтеріледі. 

1 қаңтардан Халықаралық «Ас­та­на» қаржы орта­лы­ғының ресми жұмысын бастауы осы жылдың ай­­шықты оқи­ға­лары қа­тарынан ойып орын алады. Қазақ­стан экономикасына серпіліс әкелу­ді көздейтін орталық, рес­ми мә­лі­мет бойынша, аз уақыттың ішінде өзін халық­аралық аренада таны­тып үлгер­ген. Халықаралық рей­ти­нг агент­тіктерінің мәліметтеріне сәйкес, орта­лық әлемдік 100 қаржы орталығының ішінде 61-орынға, Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірі бойынша 2-орынға ие болған. 

Хабар арасында латын әліпбиінің жаңа нұсқасын қабылдау мен «Ұлы дала­ның жеті қыры» мақаласының жария­лан­уы да жылдың айшықты оқи­ға­сы ретінде аталып өтті. 

Хабарды қорытындылай келе, министр Ақпарат және коммуникациялар министрлігі үшін де биыл жемісті жыл болғанын жеткізді. «Цифрлы Қазақ­стан мемлекеттік бағдарламасы ая­сында ауқымды жұмыс басталды. Astana HUB халықаралық IT-стар­тап­тар технопаркі қысқа уақытта ашыл­ды. Ауылдық жерлерде 20 мың кило­метрлік ірі оптоталшықты байланыс құрылысы басталды. Бұл миллион тұрғынды сапалы интернетпен қамта­масыз етуге мүмкіндік береді. Аймақ­тар­ды аналогты хабар таратудан толық ажырату арқылы цифрлы хабар тарату жүйесіне біртіндеп көшіру басталды. Мемлекеттік қызметтердің 60 пайыздан ас­тамы электронды форматқа көшті. Өңір­лерде цифрлы және көші-қон ХҚКО-лар ашылады», дейді ол. 

Сонымен қатар сөз арасында био­мет­риялық деректерді пайдалана оты­р­ып қызметтерді алуға арналған жоба іске қосылғанын, медиа саласында Аstana Media Week секілді ауқым­ды шаралар мен «Тұмар», «Үркер» сынды БАҚ қызметкерлеріне арнал­ған ұлттық сыйлықтар табыстайтын байқаулар ұйымдастырылғанын, қа­з­ақ тілінде «Тамаша» ойын-сауық теле­­­арнасы ашылғанын және жоғары рей­­тинг көрсетіп үлгерген үздік 10 қазақ­стандық телехикая түсірілгенін тілге тиек етті. 

Сөз арасында Д.Абаев қоғамдағы елеулі іс ретінде атап айтуға тұрарлық оқиға­ның бірі алматылық азаматтың адам­гер­шілік әрекеті екенін атап өтті. Равиля Насифулина 10 жыл бойы жүйелік әкімші ретінде жұмыс істеп, компьютерлерді жөндеумен айналыс­қан. Ал қазір бұзылған компьютерлер мен ноутбуктарды жинап, қайта жөндеп, тұрмысы төмен отбасындағы балаларға таратады екен. 10 айдың ішінде мүгедек, қа­тер­лі ісікпен ауы­ратын, жетім және тұрмысы төмен отбасындағы бала­лар­ға 70 компьютер мен ноутбук берген. Сөз соңында спикер: «Осын­дай азаматтар адамды таңдандырады, шабыттандырады, ізгілікке сенуге шақырады», дейді.

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/