Жылдар бойы түрмеде отырған шымкенттік ақталып шықты

0

Төрт жыл бойы текке түрмеде жатқан шымкенттік Роман Цой өзінің кінәсіздігін дәлелдеп шығып, өтемақы ретінде 5 миллион теңге өндіріп алды

НҰР-СҰЛТАН, 8 ақпан – Sputnik. Есірткі сататын жын-ойнақ орын ұйымдастырды деп айыпталып, 7 жылға сотталған Шымкент тұрғыны түрмеде жатып өзінің кінәсіздігін дәлелдеп шықты.  

Өзін ақтап қана қоймай, мемлекеттен өтемақы талап еткен Роман Цойға Қаратау аудандық соты 5 миллион теңге өндіру туралы үкім шығарды, деп хабарлады КТК.

Оқи отырыңыз: 39 жыл түрмеде отырған қарияның кінәсіз екені дәлелденді

2015 жылы аса ауыр баппен сотталып, жазасы қатаң режимдегі түрмеге тоғытылған Роман Цой өзінің кінәсіз екенін айтып, адвокаты арқылы түрлі инстанцияға тоқтаусыз хат жазыпты. Ақыры 2019 жылы оны ақтаған сот келтірілген залалды өтеу құқын береді. Сондықтан, нашарлаған денсаулығы мен талқандалған тағдырына 20 миллион теңге талап еткен Роман Цой бес миллионның тым аз екенін айтады. Бірақ бостандыққа шыққанына шүкір еткен ол ары қарай арыз жазып, өзін түрмеге нақақтан нақақ таққандарға шағым түсірмеймін деп отыр. Десе де, сот барысында жиналған наласын ақтарды.  

«Түрмеде денсаулығымнан айрылдым. Мені уайымдаған туыстарым, әсіресе, анамның да денсаулығы сыр берді. Өмірімнің күл-талқаны шықты. Тіпті сол жылы үйленемін деп жүрген едім. Мен түрмеге түскен соң, қалыңдығым мен бірге дос-жарандарым менен теріс айналып кетті», — дейді Роман Цой.



sputniknews.kz