«Жылаған үш бала анасын әлі іздейді»: Ақтөбеде бұрынғы әйелін өлтірді деп айыпталған ер адам 11 жылға сотталды
Ақтөбеде бұрынғы әйелін қылқындырып өлтіріп, денені үш баласының қасына тастап кеткен сотталушыға үкім шықты. 27 жастағы ер адам 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бұрынғы әйелін өлтірді деп айыпталған ер адамға үкім оқылды. Сотталушы Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігімен “Адам өлтiру, яғни басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату” бабымен кінәлі деп танылды.
“Нұржан Хайруллаев Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 11 жылға бас бостандығынан айыру жағасы тағайындалсын”, – деді судья Алтынбек Сабыров.
Сотталушы 1997 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Ажырасқан, бұрын сотталмаған. Марқұм болған бұрынғы әйелімен араларында 3 бала бар. Балаларының үлкені биыл 1-сыныпқа барады. Кішісі анасының өлімінен кейін 3 жасқа толды. Ажырасқандарына екі жылдан асқан.
Судья марқұмның артында қалған үш баласының жағдайын ескеріп, жәбірленуші тараптың пайдасына 20 миллион теңге моральдық зиянды өтеуді міндеттеді.
Жәбірленуші тарап тағайындалған жазамен келіспеді. Жазаны ауырлатуға апелляциялық шағым түсіретінін және сотталушыны әкелік құқынан айыруға арыз беретінін айтты.
“Айбанудың балалары қазір менің қолымда. Балалары 6, 5, 3 жаста. Жылаған үш бала анасын әлі іздейді. “Мамам қайда, неге келмей жатыр” деп жылайды. Кеше екінші қызының туған күні болды. Туған күніне келеді деп күтіп жүрген. Неге келмеді деп жылайды. “Мамаң аспаннан қарап тұр” дейміз. Біз соттың үкімімен келіспейміз. 11 жыл өте аз. Айбану бар болғаны 26 жаста, өрімдей қыз еді. Әрі қарай арызданамыз, шағым түсіреміз. Әкелік құқығынан айыруға арыз түсіреміз. Біз қайдан білейік, алғашында полиция мұны оқиға орнына манекенмен алып келгенде оны қорғадық. Жала жауып жатқан шығар деп ойладық. Себебі сіңлім “балаларымның әкесімен қосыламын, қайтадан некеге тұрамыз” деп айтып жүрді. Мұндай жауыздық жасайды деп ойламадық. Ол басына келген бақты тепті. Ұлды да, қызда да туып берген әйелін ақыры өлтіріп тынды”, – деді марқұмның нағашы апасы Сәуле Сағымбаева.
Қайғылы оқиға 2024 жылдың 31 қаңтарынан 1 ақпанға қараған түні Темір ауданының Шұбарши ауылында болған. Осыған дейін хабарлағанымыздай, айыптау актісінде сотталушының жәбірленушіні 2 минут бойы тұншықтырғаны туралы айтылды. Марқұм Айбану Сағымбаева 26 жаста. Ажырасқаннан кейін үш баланы атаулы әлеуметтік көмек арқылы асыраған. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.