«Жыл сайынғы 7% жеңілдетілген ипотеканы әзірлеу” — Ұлттық Құрылтай қалай өтуде?
Бүгін, 2024 жылдың 15 наурызында Ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен Атырауда Ұлттық үшінші Құрылтай отырысы басталды.
Іс-шара барысында құрылтайға қатысушылар өз ойларымен, жаңа идеяларымен, ұсыныстарымен бөлісті.
Президент іс-шараны барша қазақстандықтарды Көрісу күнімен (Амал мерекесі) құттықтаумен бастады.
“Бұл күні ұзақ қыстан аман шыққан ағайын-бауыр кездесіп, жиналады. Аталған мейрамды батыс өңірі ерекше тойлайтынын жиі айтамыз. Алайда бұл біздің халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан егер бүкіл ел болып осы күнді тойласақ дұрыс болады”, — деді Президент.
Ол өз сөзінде Ұлыстың ұлы күні де, Ұлттық Құрылтайда Қасиетті Ораза айымен тұспа-тұс келгенін атап өтті. Наурызда табиғат пен өмір қайта жанданатынын, ал құрылтай қоғамның құндылығын нығайтуға, әрі қарай дамытуға мүмкіндік беретінін жеткізді.
“Себебі жаңару мен модернизация әрқашан жақсылыққа жол ашады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Алғашқы Құрылтай Ұлытауда, екінші құрылтай Түркістанда өткен еді. Кезекті отырыс Атырау облысында өтіп жатыр. Бұл аймақтың тарихи маңызын Президент:
«Жақын жерде бір кездері әйгілі Сарайшық қаласы орналасқан. Тарихтан белгілі болғандай, ол Жошы Ұлысы мен Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығына айналған», — деп жеткізді.
Құрылтай барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда мемлекеттік Елтаңба өзгеруі мүмкін екенін жеткізді. Қазақстан Президенті сарапшылар мен қоғамдық белсенділердің мемлекеттік рәміздер жүйесін жаңғырту жөніндегі ұсыныстарына түсініктеме берді. Сондай-ақ ел басшысы көк туымыздың стилистикалық тұрғыдан мінсіз және ең бастысы еліміздің бірегейлігі мен мұраттарын айқын көрсететінін айтты. Ал әнұранға келсек, “әнұранның сөздері мен музыкасы біздің азаматтарымыздың жүрегіне қатты әсер етеді»,-деп қорытындылады.
Сонымен қатар жыл сайынғы 7% жеңілдікті ипотеканы Тоқаев әзірлеуді тапсырды.
Президенттің айтуынша, ауылдар мен аудан орталықтарының тұрғындары үшін жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қосу қажет. Ол жаңа жеңілдікті ипотеканың іске асырылып жатқанын да жариялады.
«Бұл ретте әлеуметтік осал санаттар үшін қарыз бойынша мөлшерлеме 7 пайыздан аспауы тиіс», — деді Тоқаев.
фото: BES.media