Жыл қорытындысы: 80 заң қабылданды
Меншік құқығын қорғау күшейтіледі
Сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» конституциялық Заңды қабылдады.
Заң Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлығын жүзеге асыру мақсатында әзірленген болатын. Заңда «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судъяларының мәртебесі туралы» конституциялық заңдарға түзетулер енгізу көзделіп отыр.
Депутаттар, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, қабылдады. Түзетулер 11 кодекс пен 44 заңға енгізіледі. Мәселен, Салық кодексінде 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Шымкент және Түркістан қалалары үшін салық мөлшерлемелері өзгереді.
Сенат жан-жақты талқылау мен бірқатар сын-ескертпелерден кейін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, қабылдады. Бұл құжатта 42 заңға, оның ішінде 11 кодекске түзету енгізу көзделіп отыр.
Бұл мәселе бойынша баяндама жасаған Әділет министрі Марат Бекетаевтың айтуынша, заң жобасы Елбасының меншік құқығын қорғауды күшейту бойынша тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген. Осы орайда құжатқа енгізілген өзгертулер төрт топқа жіктелген.
– Біріншісі, банктік қарыз шарттары бойынша түзетулер. Мәселен, банктерге кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес банктік қарыз беру шарттары бойынша, сондай-ақ банктік шотқа қарыз есептеуге, банктік шотты жүргізгені үшін комиссия белгілеуге және алуға шектеу қою көзделген. Аталған операциялар несиелеу процесінің құрамдас бөлігі болғандықтан, олар бойынша жеке тұлғалардан комиссиялар алынбауы тиіс. Екіншіден, жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алып қоюға оның нарықтық баға құнымен немесе басқа да жер учаскесін беру шарты сақталған кезде ғана жол беру ұсынылып отыр. Үшіншіден, прокурордың құзыретіне зерделеуге жататын мәселелердің тізбесіне ықтимал тәркілеу үшін негіз болып табылатын мүлік қылмыспен байланысты ма, әлде жоқ па деген мәселені қарастыру ұсынылады. Төртінші топ мұрагерлік, нотариат, ЖШС қатысушыларының үлестерін бөлу және заңды талаптарды тіркеудің кейбір мәселелері бойынша түзетулерді қамтиды, – деді М.Бекетаев.
Жалпы отырыста сенаторлар Қазақстан мен Хорватия арасындағы табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы үкіметаралық келісімді және оған Хаттаманы, сондай-ақ Қазақстан мен ҚХР арасындағы Қазақстанға тікелей инвестициялар салуды жүзеге асыратын Қытай-Қазақстан өндірістік қуаттарының ынтымақтастығы қоры кірісінің жекелеген түрлерін салық салудан босату туралы үкіметаралық келісімді ратификациялады.
Отырыс барысында сенаторлар Үкімет атына депутаттық сауалдарын жария етті. Атап айтқанда, сенатор Дариға Назарбаеваның сауалы мемлекетке тән емес міндеттерді бәсекелестік ортаға және өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беруге қатысты болды. Депутат Сәрсенбай Еңсегенов Атырау облысындағы Жайық өзеніндегі балықтың жаппай қырылуын тергеуге байланысты алаңдаушылық білдірді.
Міндет айқын, жоспар анық
Жалпы отырыстың соңында Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылдың қорытындыларын жариялады. Оның айтуынша, еліміз үшін жетістіктерге толы 2018 жыл тарихымызда өзінің лайықты орнын алатыны сөзсіз.
– Біз осы жыл ішінде Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен барша халықпен бірге мемлекет өмірінде орын алған қоғамдық-саяси маңызы зор оқиғалардың қатысушысы болдық. Халықтың өмір сапасын жақсарту жолындағы Елбасының теңдессіз бастамаларын іске асыру жұмысына белсене қатыстық. Биыл еліміз әмбебап әрі баламасы жоқ әлемдік ұйым – Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретінде жемісті жұмысын жалғастырып, Кеңестегі төрағалық қызметін абыроймен атқарды. Бұл – Елбасының әлемдегі биік беделінің айқын көрінісі, – деді Қ.Тоқаев.
Сенат Төрағасы өз сөзінде елордамыз – Астананың 20 жылдығы абыроймен аталып өткендігіне тоқталды. Оның пайымдауынша, Астана – әлемдегі ең табысты геосаяси жобалардың бірі. Сондай-ақ халқымыздың ұлттық идеясының көрінісі.
Қ.Тоқаев жыл қорытындысын шығара отырып, Президент Парламент палаталарының бірлескен отырысында жариялаған Бес әлеуметтік бастамасы мен биылғы қазан айындағы Қазақстан халқына Жолдауында халқымыздың әл-ауқатын арттыруға және өмір сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды стратегиялық міндеттерді белгілегендігін атап өтті.
– Жолдауға сәйкес, ең алдымен қазақстандықтардың кіріс деңгейін арттыру шаралары қолға алынды. 2019 жылғы
1 қаңтардан бастап ең төмен жалақы 1,5 есеге арттырылады, зейнетақы мөлшері көбейтіледі, коммуналдық қызметтердің тарифтері төмендетіледі. Осы жылы Каспийдің құқықтық мәртебесі бойынша 5 мемлекет 20 жылдық келіссөздердің нәтижесінде арнайы конвенцияға қол қойды. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтау жөніндегі конвенцияны ратификациялауға қатысты заң жобасын палатамыз жаңа жылда қарайды, – деді Сенат Төрағасы.
Палата Төрағасы «Астана» халықаралық қаржы орталығының маңызына, бүкіл түркі жұртының рухани орталығы Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесінің берілуі – Елбасының ел мерейін арттырған стратегиялық әрі тарихи шешімі болғандығына, «Діни көшбасшылар қауіпсіз әлем үшін» тақырыбына арналған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кезекті VI съезі жоғары деңгейде өткендігіне ерекше тоқталды.
– Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы барша қоғам мен әлем жұртшылығының назарын аударды және бірегей туынды ретінде қабылданды. Тамыры тереңге бойлаған мақалада біздің ұлттық тарихымыздың мән-маңызы, оның әлем тарихындағы орны мен жаһандық өркениетке тигізген ықпалы жан-жақты сарапталды, – деді Қ.Тоқаев.
Сенат Төрағасының айтуынша, жалпы, биыл Парламент 80 заң қабылдаған. Оған қоса, қабылданған заңдардың 30-ға жуығы Елбасының нақты тапсырмаларын орындауға бағытталған.
– Сенаторлар заң жобаларының басым көпшілігін қысқа мерзімде жан-жақты мұқият қарастырып, көптеген маңызды түзетулер енгізгенін атап өту қажет. Сенат депутаттары қоғамымыздағы ең өзекті мәселелер бойынша Үкіметке 100-ден аса депутаттық сауал жолдады. Биыл палата заң шығару жұмысымен қатар парламенттік қызметтің басқа да бағыттары бойынша өте белсенді жұмыс істеді. Біз осы жылы өзекті тақырыптарға арналған бірқатар маңызды іс-шаралар өткіздік. Олардың ішінде парламенттік бақылаудың тиімді формасы болып табылатын парламенттік тыңдаулар өтті. Өткізілген 4 парламенттік тыңдаудың нәтижесі бойынша атқарушы органдарға нақты ұсыныстар берілді. Олардың орындалу барысы комитеттердің ұдайы бақылауында болады, – деді Сенат Төрағасы.
Қ.Тоқаевтың айтуына қарағанда, палатаның халықаралық қызметінің күн тәртібі әдеттегідей ауқымды әрі мазмұнды іс-шараларды қамтыды.
Шетелдермен екіжақты және көпжақты негізде парламентаралық байланыстарды тереңдетуге ерекше мән берілген.
Осылай дей келе, Қ.Тоқаев 2019 жылға белгіленген мақсат-міндеттерді де атап өтті.
– Алдағы 2019 жылы біздің алдымызда жүйелі түрде жүргізілетін күрделі жұмыстарды атқару міндеті тұр. Елбасының тапсырмаларын орындауға бағытталған маңызды заң жобаларының тағы бір топтамасы күтілуде. Сондықтан заң шығармашылық жұмысымыздың қарқыны арта түсетіні анық. Жалпы, жаңа жылдың басында Парламентте 50-ден аса заң жобасы бойынша жұмыс жүргізіледі. Олардың 10-ы Сенатта, ол заң жобаларын қаңтар-ақпан айларында қарау жоспарланған. Жаңа 2019 жыл – еліміздің қоғамдық-саяси және рухани өмірі үшін ерекше жыл болмақ. Елбасының ұсынуымен 2019 жыл мемлекетіміздің қуатты тірегі, жарқын болашағы – жастарға арналатын болды, – деді палата Төрағасы.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы Жастар жылы шеңберінде жастарға пайдалы білім беру, жұмыспен қамтамасыз ету, қолайлы әлеуметтік орта қалыптастыру және олардың мәдени, рухани деңгейлерін көтеру мәселелеріне байланысты міндеттердің тұрғандығына және Жастар жылын атап өтуде формалдық көзқарастан аулақ болуымыз қажет, тиісті іс-шаралар еліміздің игілігіне қызмет етуі керек екендігіне назар аударды.
Осы ретте Сенат депутаттары жастарды жан-жақты қолдауға арналған нақты іс-шараларды заңнамалық қамтамасыз етуге белсене қатысатынына кәміл сенім білдірді. Сонымен қатар Мәжіліс және Үкіметпен өзара сындарлы негізде ықпалдаса отырып, Сенат еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын құқықтық жағынан қамтамасыз етуге бағытталған заңдарды сапалы әрі уақтылы қарап, қабылдайтынын айтып, әріптестерін жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Дереккөз: http://egemen.kz/