Жыл иесі не дейді? Жаңа жылда сізді не күтіп тұр?

0

Жыл иесі не дейді? Жаңа жылда сізді не күтіп тұр?

Доңыз– өте еңбекқор, табанды әрі өжет жануар ретінде сипатталады. *Жұлдыздардың айтуы бойынша*, бұл жыл – ілгері басу жылы болады: біреулер үшін кәсіп ашып, оны дамытуда жемісті болмақ, ал енді біреуге жұмысын ауыстыруға, жаңа мүмкіндіктерге жетуге мүмкіндік береді. *Жұлдызнамашылардың болжауынша,* Доңыз – қайсарлық пен жігерлілік танытатындарды қолдайды. Өзгерістерден қорықпайтын адамдарды қызықты оқиғалар күтеді.
Ежелден Тәңір Құдайына табынған қазақ халқының ұғымында әр жылдары қандай қиындық көрсе де, жылдың жаманы жоқ. «Тышқан жылы – тыныштық; Сиыр жылы – сыйлық; Барыс жылы – бірлік; Қоян жылы – қамбалы; Ұлу жылы – үлгілі; Жылан жылы – жайлы; Жылқы жылы – жұтсыз; Қой жылы – құтты; Мешін жылы – мерейлі; Тауық жылы – табысты; Ит жылы – игілік; Доңыз жылы – дүниелі» – деп, ежелден-ақ ұл-қызына жыл атауларын үйретіп, әр жылға осындай сипат, баға берген.
Ендеше, Доңыз жылының жорамалына жорта көз жүгіртейік.

ТЫШҚАН
Тышқан жылы туғандар Доңызбен тез тіл табысады. Осы мінезі оның жеке басына қажетті мәселелерін шешіп алуына әрқашан көмектеседі. Өзгелерге жанашырлық танытқанда, өз мүддесін бірінші орынға қояды. Доңыз жылында «қаптесерлерді» көптеген мүмкіндіктер күтіп тұр. Махаббат мен бизнесте және шығармашылықта табысқа жетеді. Жаңа мүмкіндіктің арқасында қосымша сенімділік пен табандылыққа ие болады.
Қуанышты сәттермен қатар, қиындықтар да болу мүмкін. Қаржы жағынан мұқият болғаны жөн. Себебі, осы кезеңде Тышқандар өте ысырапшыл болуы мүмкін. Жеке бизнесінен табыс күткен Тышқандар «саудада достық жоқ» екенін ескеріп, серіктестерінен сақ болғаны жөн. Баспанасын жаңартып, жаңа жиһаздар сатып алуға, демалысқа баруға қаражат жұмсайды. Жалғызбасты тышқандар үшін биыл тапқан табысын тойға шашатын жыл.

СИЫР
Сиыр жылы туғандар үшін, Доңыз ең қолайлы жыл болмақ. Жыл иесі Зеңгі баба тұқымын жақтыра бермесе де, нәсібіне жазған мол ырыздықтан қаға алмайды. Еті де, сүті де бүкіл әулетті асырап отырған жануар туған-туыстарының, достарының қуанышына қосылып, қайғысына қатты күйзеліп, кімге болсын көмегін аямайды.
Доңыз жылы «сүзеген түлік» өз отбасына мүмкіндігінше көп көңіл бөлуі керек. Балаларына қамқорлық жасап, тәрбиесі мен біліміне көңіл бөлгені жөн. Отбасындағы кейбір түсініспеушіліктерге қарамастан, табандылығының арқасында, бизнес пен қарым-қатынаста мол табысқа жету мүмкіндігі бар.
Қызметте жоғары мансапқа қол жеткізіп, қаржы мәселесін де оңды шешуге мүмкіндіктер туады. Сиыр жылғыларды биыл алысқа шығатын, қызықты сапарлар күтіп тұр, жаңа қонысқа көшуі мүмкін. Ақша табамын деп жүріп, денсаулықты күтуді ұмытуға болмайды, әсіресе, жүйкені сақтау керек. Бұл – шығармашылық жұмыспен айналысатындардың нағыз өндіріп жұмыс істейтін жылы.

БАРЫС
Барыс жылы туғандар еңбекқорлығы мен адалдығы және жауапкершілігі үшін барлық салада табысқа қол жеткізеді. Махаббатта, бизнесте және отбасы мәселесінде жолы болады. Жаңа жылдың басында-ақ, өткен жылдан қалған барлық мәселелерді шешіп, жаңа жоспарларды жүзеге асыруға дайын болады.
Алайда Барыстар аса сақ және абай болғаны дұрыс. Қызба мінезді, ашуланшақ, басқаға билік жүргізгенді ұнататын түз тағысы жақындарын ренжітіп алудан сақтанса, Доңыз жылын шаттықпен қарсы алады. Тек Доңыздың сан қилы сынағынан сүрінбей өтулері қажет. Осалдық танытпау, кездескен кедергілерге мойымау керек!
Жылдың алғашқы жартысында күтпеген қызықты оқиғалардың куәсі болады. Күйгелектік танытпаса, табысты жыл болмақ. Айналасындағы адамдармен тез тіл табысып, ұрымтал сәттерді жіберіп алмауға тырысқаны жөн. Еңбек ететін ұжымының ортасында және отбасында бедел-мерейі арта түспек.

ҚОЯН
Доңыз жылы Қояндар үшін – денсаулығы бірінші орында болады. Өзін күтетін уақыт келді, қаржы басты мәселе болуын доғарады. Себебі, Доңыз «ұзын құлақтар» үшін, қаржы саласында табысқа жетуге жағдай жасаса да, амандықтан артық ештеңе жоқ. Сондай-ақ, жақындарына көбірек назар аударуға және тұрмысын түзеуге Доңыз кеңес береді.
«Қитар көзділер» жақсы достарын жолықтырады, думанды күндері көп болады. Алайда Қояндарды кедергілер де айналып өтпейді. Бірақ бір жаманның бір жақсысы болатынын еске сақтап, еңсені биік ұстаған жөн.
Кез келген мәселеге аса сақтықпен қарап, маңызды шешімдерді өз бетімен қабылдауға батылы жете бермейтін Қояндар Доңыз дайындаған тағдыр сыйына қол жеткізу үшін, батылырақ болғандары дұрыс. Әркімге ақтарылып, сыр айта берудің керегі жоқ.

ҰЛУ
Ұлу – келер жылда барлық оқиғалардың қақ ортасында болудан қорықпаса, үлкен жетістіктерге жетеді. Доңыз жылы олардың беделі өсіп, өз ортасының алдында жүреді.
Материалдық тұрғыдан алғанда, олар үшін бұл жылдың басты ерекшелігі — қаржысы молайып, қоғамдағы орыны нақтыланады. Барлық жоспарлы істері ілгері басады. Доңыз жылы әдетте тұйық мінезді, барынша қарапайым көрінуге тырысатын, байсалды, құпияны сақтай білетін, көбінесе үнсіз жүруді ұнататын Ұлулар «өсуге» ұмтылады. Бұл жолы Ұлуларды ешнәрсе тоқтата алмайды. Себебі Ұлу жылы туғандардың қолынан үлкен істерді атқару келеді, қай мәселені де қабырғасымен кеңесіп, өз ақылымен өзі оңаша шеше біледі.
Кейде осындай тұйық мінезді Ұлулар отырыстарда ортаның сәні болып кетеді. Оған үнсіз отырғаннан гөрі, әзіл айтып, адамдардың көңілін көтерген жарасады.

ЖЫЛАН
Доңыз жербауырлаған Жыланды жек көрсе де, сыртынан бағып, жолына кесе көлденең тұрмайды. Сондықтан Жыландарды көп жұмыс күтіп тұр. Бар мүмкіндікті жібермеу үшін, батыл және үнемі мұқият болғаны жөн. Әйтпесе дүлей Доңыз таптап өтеді.
Отбасында әдептілік пен әдепсіздік арасындағы ортаны тапқаны абзал. Жыланға ықылас білдірушілер де көп болады. Еңбекпен жиған ақшаны шаша бермей, қаржы тұрғысынан да мұқият болу керек. Жыланның басына жабысатын пәле — тілі, «екі елі ауызға –бір елі қақпақ». Осы жылы туғандардың көпшілігі үйленіп, үйлі-баранды болмақ.
Жаңа жоспарлары мен жаңа мүмкіндіктерін пайдалана отырып, жетістікке жетеді. Жаңадан танысқан адамдарымен жылы сөйлесуге ұмтылса, олар шешілмей жүрген материалдық жағдайын жақсартып алуына себепші болуы мүмкін. Тек тағдырдың сыйын күтуге төзсе – болғаны, барлық армандарының қалай орындалғанын өзі де сезбей қалады.

ЖЫЛҚЫ
Жылқылар үшін бұл жыл сәттіліктерге, жақсы жаңалықтарға, соңы сәтті аяқталатын мүмкіндіктерге толы болады. Олар осы жақсылықтардың бәріне өз еңбегімен жетеді. Сәттіліктерге табан астынан оп-оңай қол жеткізеді, ешқашан ерінбейтін, жалықпайтын, бір тыным таппайтын еңбексүйгіштігінің арқасында мол несібеге кенеледі.
Доңыз жылы Жылқыға жұмыс пен бизнесте көптеген қызығарлық ұсыныстар түседі. Үйлі-баранды Жылқылар туыстарымен жылы-жарқын арасып, жан тыныштығын табады.
Жылқы жылының иелері қандай жұмыс болмасын өз қабілеттерін жарқырата көрсете алады. Аяң желістен гөрі, шабысын тездетсе, барлық қиындықтар, күрделі жағдайлар артта қалып, тек күш-жігер, ертеңге деген сенімнің арқасында бәрін жеңіп шығады. Сондықтан Жылқы жылы туғандар үшін ең бастысы — ертеңге сеніммен қараған абзал.

ҚОЙ
Жаңа жыл Қойлар үшін табысты болмақ. Доңыз жылы олар неғұрлым көп кедергілерге тап болса, соғұрлым шынығады. Сондай-ақ, Қой үш-қуат пен белсенділікке ие болып, бизнесте табысқа жетеді. Доңыздар момақан Қойға жақсы көзімен қарайды. Сондықтан сәл нәрсеге ашуланып, қисайған бетінен қайтпайтын Қойлар үшін Доңыз ырыздығымен келеді.
Қой жылы туғандарды жарға жығатын мінезі – шешімді тым асығыс қабылдайтындығы. Олар ашуланған сәттерде өзіне де, жанында жүргендерге де қауіпті. Доңыздар осы мінезін бақылауға, өзін «тәртіпке салуға» тырысып, қой жылы туғандарға жаймашуақ болып, отбасының берекесіне айналады.
Белсенділік, табандылық, еңбексүйгіштік танытқан жағдайда үлкен табыстарға қол жеткізеді. Тек кежегесі кейін тартып, жалқаулыққа салынған жағдайда, тағдырдың сыйынан құралақан қалуы мүмкін.

МЕШІН
Мешіндер үшін, Доңыз жылы жағымды жаңалықтарға толы болады. Жеке өмірдегі жетістіктер тіпті кәсіби саладағы мәселелерді де жеңе алады. Өткен жылға қарағанда, Мешіндер Доңыз жылы өз мансабына және басқаларға көбірек көңіл бөледі. Өзіне-өзі ғашық болып жүретін сәнқой Мешін Доңыз жылында әдеттегідей өзі ұнататын басқосуларға жиі барып, ырду-дырдуы көп көңілді орталардан табылады. Жұлдызы оңынан туып, тағдыры көп күттірген ерекше сый жасайды. Доңызға разы болған мешіндерге бақыттың кілті табылып, мамыражай өмір басталады
Мешін жылғыларға жұмыс ауыстыруға, отбасын құруға, үй салуға батыл кірісіп, көші-қон мәселесіне байланысты күрделі жаңалықтардан қорықпауы керек. Өздері үшін сәтті болғалы тұрған Доңыз жылында қызметінде жақсы табыстарға, түрлі марапаттауларға қол жеткізеді. Олардың бойындағы еңбекқорлығы, ұйымдастырушылық қабілеті, істің көзін таба білер алғырлығы отбасына табыс әкеледі.

ТАУЫҚ
Доңыз жылы Тауықтар үшін жағымды тосын сыйларға толы болады. Қаржы мәселесінде және жеке өмірде де оңды өзгерістер болуы мүмкін. Сондай-ақ, келесі жылы болашақта мансаптық тұрғыда өсуге көмектесетін көптеген жаңа адамдармен танысады.
Бірақ, табысқа және жаңа жетістіктерге жету жолында Тауықтар денсаулығына мән бергені жөн. Жаратылысынан ауладан алыс кетпейтін Тауықтар Доңыз жылында отбасына деген адалдығын сақтайды.
Доңыз дән теріп, күнін көріп жүргендерге мақсатқа жетуге бетбұрыс жасайтын оң өзгерістерді меңзейді. Алайда, күнде бірсарынды боп қайталана беретін күйкі тірлік жалықтырып жібермес үшін, Тауықтар өмірлік қағидаларына сәл-пәл өзгеріс енгізгендері абзал.
Доңыз жылында ірі бір компанияның көп акциясын сатып алулары немесе лотореядан ұтысқа ие болуы мүмкін. Тағдыр ұсынған тамаша мүмкіндіктерді жіберіп алмаңыз!

ИТ
Ит – өз табиғатына байланысты бірқатар келеңсіз мәселелерге тап болуы мүмкін. Ал ондай мәселелерді туыстары шешуге көмектеседі. Соған қарамастан, оларды көптеген жағымды оқиғалар күтіп тұр.
Ақкөңіл, айналасына ниеттес Ит жылғылар Доңыз жылын жақын достарының ортасында өткізеді. Оның осы мінезін Доңыз да теріс көрмейді, кездейсоқ сәтті оқиғаларды сыйлайды. Жігерлі, төзімді Иттердің жеңбейтін қиындығы болмайды.
Отбасында бала-шағасына қамқор бола білетін адал Иттер Доңыз жылында мол қазынаға кенеледі, иығынан көп жүк түседі. Бұл жылды табысты ету үшін, Итке уақытпен санаспай еңбек етуге, өз ортасында жақсы қарым-қатынас орнатуға тура келеді.
Ит жылғылардың басы бостары сезімге ерік бергені жөн. Өмірлік серігін таңдар алдында жүректі де, миды да қатар тыңдап, асықпай шешім қабылдаған дұрыс. Сонда ғана махаббат айдынында жүзіп, бақыттан басы айналуы бек мүмкін.

ДОҢЫЗ
Доңыз – жылдың, мүшел жастың иесі. Өзінен бар жақсылықты аямайды. Қорсылдап жүріп, бір сарынды жұмысты азап санайтын доңыздарға бұл жылы ерекше белсенділік бітіп, көшбасшылық қасиет қонады. Жылдың төріне шыққан сәттен бастап, бар күшін өз мақсатына қол жеткізуге арнайды. Қиялы да, арманы да орындалады. Әсірессе, шығармашыл Доңыздар үшін қолайлы жағдайлар көп туады. Жаңа идеялары іске асады.
Келесі жылы қаржылық жағынан табысты болғанымен, ақшаны бекер далаға шашпай, сақ болы тиіс. Себебі, бұл белгінің өкілдері күтпеген жерден қомақты сома жұмсап, үлкен заттар салып алуы мүмкін. Сәттілік сенімді серігіне айналып, қай істе де мол табысқа кенеледі. Көптен күткен бағалы сыйлыққа қолы жетеді.
жылы туғандар әдетте өмірді сүйетін оптимист жандар. Олар ағайын-туыс, достары тарапынан үлкен қолдау көреді. Бірқатарының қызметі өседі, енді бірі сенімді ортаға жолығады. Мүмкіндікті пайдаланып қалса, ғылымда, өнерде, шығармашылықта жұлдызы жанғалы тұр. Кейде барын ортаға салатын жомарт Доңыздар абайламаса, жиған-тергені ортайып қалуы да ғажап емес. Алайда, жыл иесіне бәрі де жарасады!ө

Дереккөз: http://reactor.inform.kz