Жыл басынан бері қазақстандық және шетел әуе тасымалдаушылары 13 жаңа бағытты ашты

0

«Бөлінген қаражат есебінен республикалық маңызы бар 2,4 мың шақырым автожол салынып, қайта жаңғыртылса, 7,5 мың шақырым жол жөнделді. Барлық нысанда 100 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Жол құрылысына 95% отандық өндірушілердің материалы пайдаланылды», — дейді Ж. Қасымбек.

Атап айтқанда, Орталық — Оңтүстік дәлізі бойынша Астана — Теміртау учаскесі аяқталды, келесі жылы Теміртау-Қарағанды және Қарағанды қаласын айналып өтетін жол бөлігі аяқталады. Биыл Қарағанды — Балқаш — Бурылбайтал — Күрті учаскелерінде жұмыс басталды. 2019 жылы Күрті — Қапшағай жолында жұмыс басталады.

Орталық — Шығыс дәлізі бойынша Астана — Павлодар учаскесінде Шідерті-Қалқаман учаскесін қоспағанда, қозғалыс ашық. 2 жолақ бойынша жүруге болады. Павлодар — Семей және Семей — Қалбатау учаскелерінде Павлодардан шыға беріс жолдан басқа учаскелердің бәрі аяқталған. Бұл жоба 2019 жылы бітпек.

Орталық — Батыс дәлізі бойынша Қандыағаш — Мақат учаскесінде жұмыс жүріп жатыр. Биыл Атырау — Астрахань және Қандыағаш — Ақтөбе учаскелерінде жұмыс басталды. Қалған учаскедегі жұмыстар келесі жылы басталады. Сондай-ақ, Қостанай — Денисовка учаскесінде жұмыс жүріп жатыр. Дәліз 2020 жылы толық аяқталады.

Жалпы, министрліктің ақпараты бойынша, бастау алған барлық жобалар 2019-2020 жылдары толығымен аяқталады.

«Осы жылдың қорытындысы бойынша, 528 шақырым жол қозғалысын ашу жоспарланып отыр. Орал – Тасқала, Қордай кентінің айналма жолы, Бейнеу – Ақтау, Балпықби – Талдықорған және Сарқандты айналып өту жобалары бойынша жұмыстар толығымен аяқталды», — деді Ж. Қасымбек.

Ақылы автожолдарды дамыту бойынша, биылғы қазан айынан бастап Ішкі істер министрлігінің жүйелерімен интеграцияланған Алматы — Қапшағай, Алматы — Қорғас және Астана — Теміртау учаскелерінде ақы алу жүйелері тесттік пайдалануға енгізілген. Келесі жылдың қаңтар айының екінші жартысынан ақы алуды бастау жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, 5,9 мың шақырымдық жолға ақы алу жүйесін енгізу бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық дәлізі де бар. Төлемдерді жинау жүйесін монтаждауды келесі жылдан бастау жоспарланып отыр. Жалпы, 2020-жылға қарай ұзақтығы шамамен 6,6 мың шақырым жолға төлем алу жүйесі қосылады.

Сонымен қатар, министрлік биылғы жылдың желтоқсан айында Шымкент пен Сарыағаштың айналмалы жолдарының құрылысын салуға және Сарыағаштан Өзбекстан Республикасының шекарасына дейінгі учаскені қайта жаңғыртуға концессиялық негізде конкурс жарияламақ. Құрылыс жұмыстары 2020 жылы басталады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында биыл жергілікті желі автожолдарын қаржыландыру 156 млрд теңгеге дейін жеткізіліп, 4 мың шақырыман астам жол жөнделді», — деді Ж. Қасымбек.

3 жылдық кезеңде жыл сайынғы қаржыландыру көлемі жылына 5 мың шақырым жол жөндеуге мүмкіндік беретін 150 млрд. теңгеден кем болмайды. Бұл шаралар қосымша 10 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Осы қарқын келесі жылы да сақталады. Бұл 2020 жылға дейін шамамен 30 мың шақырым жолды жөндеуге және жергілікті маңыздағы желілердің 85%-ын жақсартуға ықпал етеді.

Су көлігі саласында Құрық портын дамыту іс-шаралары жүзеге асырылды. Қуаттылығы 4 млн тонна болатын темір жол терминалы және биыл қуаты 2 млн тонна болатын автомобиль байланысы іске қосылды. Нәтижесінде, Ақтау мен Құрық порттарының өткізу қабілеттілігі 19,5 млн тоннадан 25,5 млн тоннаға дейін артты.

«Бүгінгі күні Құрық портының жаңа паромдық терминалдары арқылы халықаралық Транскаспийлік бағыты аясында 23 мыңнан астам вагон мен автокөлік немесе шамамен 3 млн тонна жүк тасымалданды. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының Каспий теңізіндегі жүктерді тасымалдау үлесі шамамен 37%-ды құрайды», — деді министр.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру нәтижесінде Қазақстан арқылы жалпы транзиттік контейнерлік тасымалдау көлемі тұрақты өсімді көрсетіп отыр. Мемлекеттік бағдарлама аясында биыл барлық бағыттар бойынша жиырма футтық эквивалентте 536 мың транзиттік контейнер тасымалдау жоспарланған.

«Биылғы 10 айда Қазақстан арқылы өткен контейнерлік тасымалдар көлемі 411,5 мың жиырма футтық эквивалент контейнерді құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңмен салыстырғанда 49%-ға артық. Қытай – Еуропа – Қытай бағыты бойынша бұл көрсеткіш 10 айда 235,5 мың жиырма футтық контейнерді құрады. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 54%-ға артық көрстекіш. Жыл соңына дейін жоспар орындалады деп күтілуде», — деді Ж. Қасымбек.

Азаматтық авиация саласында биыл өсімінің оң қарқыны сақталуда. Қаңтар–қазан айларында әуе көлігімен 6,7 млн жолаушы тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,6%-ға көп. 10 айда еліміздің әуежайлары 12,7 млн адамға қызмет көрсетті, бұл 2017 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 6%-ға жоғары.  

2017 жылы транзиттік авиатасымалдар көлемі 175,2 млн ұш.км құрады. 2018 жылғы қаңтар–қазан кезеңінде транзиттік ұшақ-шақырымы 2017 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 4%-ға өскені байқалады.

Биыл қаңтар–қазан кезеңінде транзиттік авиажолаушылар саны 764 442 адамға жетті. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 47%-ға артық. ҚР ИДМ деректеріне сәйкес, жыл қорытындысы бойынша бұл сан 1 млн адамнан асады.

Биыл жыл басынан бері қазақстандық және шетелдік әуе тасымалдаушылардың қатысуымен 13 жаңа бағыт ашылды. Олар: Хельсинкиден Астанаға, Астанадан Вильнюске, Қазанға, Сочиге, Челябинскке, Краснодарға, Түменге, Томскіге. Рига мен Красноярсктан Алматыға, Атыраудан Франкфуртке, Мәскеуден Қызылордаға және Новосибирсктен Павлодарға.

Қазіргі уақытта Семей қаласы әуежайының ұшу-қону және жермен жүру жолағын, аэровокзалын реконструкциялау жобасын іске асыру жұмыстары жалғасуда. Жұмысты биыл жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Сонымен бірге, биыл Қостанай қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту басталды. 2019 жылы аяқталады.

Бюджет жүктемесін төмендету мақсатында жылумен, сумен жабдықтау және су тарту желілері жүйелерін жаңғырту саласында бюджеттік несиелеу және субсидиялау механизмдері іске асырылуда. 2015–2018 жылдары 404 жобаны іске асыруға 230,1 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 195,5 млрд теңге игерілді. 3 478,6 шақырым жылумен, сумен жабдықтау және су тарту желілерін, 29 қазандық пен 95 басқа да нысандар салу және қайта жаңғырту жоспарлануда. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру кезеңінде 2015 жыл мен 2018 жыл аралығында 2 982 шақырым жылумен, сумен жабдықтау және су тарту желілері мен 24 қазандық, 71 бірлік басқа да нысандар салынды және қайта жаңғыртылды. 2018–2019 жылдары шамамен 290,6 шақырым желі салу және қайта жаңғырту жоспарланып отыр.