Жыл басынан бері 97 мың баспана берілді

0
11 Желтоқсан 2018, 13:03 181 0

Фото: ашық дереккөзден

Астана, BAQ.KZ тілшісі. 2018 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша елімізде 11 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.

«11 айдың қорытындысы бойынша 11,0 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ол 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 114% құрады. Тұрғын үйлерді пайдалануға берудің жылдық жоспары 91% орындалды. Жалпы республика бойынша 96 761 баспана пайдалануға берілді, оның ішінде 37 026 жеке тұрғын үй бар», — деді министр.

Оның айтуынша, тұрғын үйлерді пайдалануға беру көлемінің ұлғайуы өткен жылмен салыстырғанда республиканың 16 өңірінде жалғасуда. Тұрғын үйлерді қолданысқа беру көлемінің төмендеуі тек Павлодар облысында байқалады.

Өнеркәсіп өндірісі 104,5% құрады. Оның ішінде тау-кен өнеркәсібі – 104,7%, өңдеу өнеркәсібі – 104,9%. Еліміздің 14 өңірінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі сақталып отыр. Кен өндіру секторында өндіріс көлемі 7,3%, түсті металл рудасының көлемі 3,9%. Өңдеу өнеркәсібі 4,9%, металлургия 3,7%, машина жасау саласы 15,7%, химия өнеркәсібі 7,2% өсті. Көлік кешенінде нақты көлем индексі – 104,6%.

«Құрылыс бойынша нақты көлем индексі 103,9% құрады. 13 облыста оң серпін байқалады. Бұл ретте 4 өңірде көрсеткіш төмендеген: Ақмола облысында – 11,8%, Павлодар – 2,1%, Жамбыл облысында – 11,2% және Астана қаласында – 13,4%. Алайда жылдық 103,6% жоспарға орай өсімнің аздығы республиканың бес өңірінде, яғни Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Атырау, Алматы облыстарында байқалады. Бұл өңірлерге жылдық жоспарды орындау үшін құрылыс жұмыстарының өсім қарқынын күшейту қажет», — деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ