Жұрт көмекке ақша жинап жатқан қызылордалық баспана мен көліктен бас тартты

0

Қызылордалық ер адам Шымкент тұрғыны сыйға тартқысы келген көліктен және блогер Асылхан Дүкенбаевтың сыйлығы — баспанадан бас тартты. Ол өз шешімін белсендінің Instagram-парақшасында видеоүндеу арқылы мәлімдеді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ер адам суыққа қарамастан балаларын велосипедке мінгізіп тасыған, қамқор әке ретінде Желіде танылды.

«Шымкент қаласының тұрғыны маған көлік сыйлағысы келетінін түнде білдім. Мен өте ризамын, Алла разы болсын. Бірақ көлік өзінде қалсын. Оны алдым деп есептеймін», — деді ер адам.

Сондай-ақ, ол баспана сатып алуға ақша жинауды тоқтатуды сұрағанын айтты.

«Құрметті тұрғындар, көпшілігіңіз баспана мәселесін көтердіңіздер, бізге баспана алуға көмектесуге ниет білдірдіңіздер. Бұл үшін рахмет. Бірақ біз отбасымызбен (анасы, әйелі, туыстар) бұл ұсыныстан бас тартуды ұйғардық. Құдайға шүкір, тұратын жеріміз бар, жаздық үйде тұрамыз, баспанаға ақша төлемейміз. Сондықтан, ең алдымен, анамның тілегін тыңдай отырып, баспанаға ақша жинауды тоқтатуды жөн көрдім. Басында айтқанымдай, жиналған ақша жететін кез келген көлікке ризамын. Біздің шешімімізге түсінікпен қарауыңызды сұраймын», — деді Отаров.

Блогер Асылхан Дүкенбаев Instagram желісінде қайырымдылық акциясы 11 ақпанда сағат 13:00-де аяқталатынын айтты.

«8 миллион теңге жиналды. Орталық мешіттің алдында, жұма намазынан кейін тапсырылады», — деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін қызылордалық блогер, белсенді Асылхан Дүкенбаев аязда балаларын велосипедпен тасып жүрген әкеге көлік әперуге ақша жинап жатқаны хабарланған болатын.