«Жұрт бос уәдеден шаршады». 2019 жылғы наразылықтың себебі мен салдары
Соңғы 12 айды наразы көңіл-күйдің өршуі, митингілер мен пикеттер саны жағынан Қазақстанның жаңа тарихындағы өзге жылдармен салыстыруға келмейді. Азаттық тілшісі наразылық акцияларының астары, билік реакциясы мен болашақта жағдай қалай дамуы ықтимал екені жайлы сарапшылардың пікірін білді.
2019 жыл басынан бастап соңына дейін наразылық шараларына толы болды. Халық жаппай шыққан немесе аз ғана белсенді қатысқан, жұрт аяқ астынан біріккен немесе алдын-ала ұйымдастырылған — әртүрлі сипатта өткен акцияларда әлеуметтік мәселеден бастап саяси үндеуге дейін әрқилы талап айтылды. Наразылық ірі қалаларда ғана емес, өңірлерде де өтті.
НАРАЗЫЛЫҚ ХРОНИКАСЫ
Жаңа жыл түні Қарағандыдағы мейрамханада болған жаппай төбелес салдарынан жас жігіт қаза тапқаннан кейін жүздеген тұрғын әділ тергеу жүргізуді талап етіп көшеге шықты. Бұған қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілінген адамның шетелге қашқаны туралы сыбыс себеп болған. Билік төбелеске ұлтаралық сипат бергендердің пікірін жоққа шығарып, адам өліміне себеп болған оқиғаны тұрмыстық жанжал деп атады.
Маңғыстау облысындағы мұнай өндіретін моноқала — Жаңаөзенде ақпан-наурыз айларында жүздеген тұрғын билікке жұмыспен қамту туралы талап қойды.
Ақпанда ел астанасында жер үйде болған өрттен бір отбасының бес қызы бірдей мерт болды. Қазақстанның бірнеше өңіріндегі қалаларда жүздеген көп балалы ана мемлекеттен әлеуметтік қолдауды күшейтуді, жәрдемақы көлемін өсіруді, тұрғын үй мәселесін шешуді талап етіп, наразылық білдірді. Нәтижесінде билік бірқатар жеңілдік жасап, әлеуметтік көмек көрсету өлшемдерін қайта қарады.
Астана атауын наурыз айында отставкаға кеткен (бірақ билікке ықпал ететін кең құзыретін сақтап қалған) бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне Нұр-Сұлтан деп өзгерту халық наразылығын туғызып, қарсылық акцияларына шыққан азаматтарды полиция жаппай ұстады.
Кезектен тыс президент сайлауына бойкот жариялауға шақырған жаппай наразылық акциялары мамырдың 1-і және 9-ы күндері Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында өтті. Халықты наразылыққа шетелде тұратын бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов пен елде тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысы (билік бұл қозғалысты «экстремистік» деп атайды, ал Еуропарламент резолюциясында ҚДТ «бейбіт оппозициялық ұйым» деп көрсетілген) шақырған.
2019 жылғы ең ірі наразылық акциялары кезектен тыс президент сайлауы өткен маусымның 9-ы және одан кейінгі күндері болды. Наразылар сайлау барысы мен оның қорытындысына келіспейтінін мәлімдеді (сайлауда бәрі күткендей, билеуші партияның кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті). ІІМ дерегінше, Алматы мен Нұр-Сұлтанда төрт мыңға жуық адам ұсталып, мыңдаған азамат әкімшілік жауапқа тартылған. ЕҚЫҰ бақылаушылары Қазақстандағы сайлау еркін өтпегенін, дауыс беру кезінде заңбұзушылықтарға жол берілгенін, наразылар жаппай ұсталғанын мәлімдеді.
Шілденің 6-сы, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен бір күнде тойланатын Астана күнінде ҚДТ қозғалысы халықты митингіге шақырып, бірнеше қалада жүздеген адам ұсталды. ҚДТ қозғалысы митинг өтетін орын деп белгілеген жерлерде азаматтарды ұстау шарасы қыркүйектің 21-і мен қазанның 26-сы күні де қайталанды.
Биыл құрылып, жас белсенділердің басын қосқан «Oyan, Qazaqstan» қозғалысы тамыздың 30-ы, Конституция күні және қарашаның 9-ында шеруге шығып, елде саяси реформалар жүргізуді талап етті.
Қыркүйекте, президент Тоқаевтың Қытайға сапары қарсаңында, Қазақстанның бірнеше қаласында «Қытай экспансиясына қарсылық» митингілері өтті. Наразылар Қазақстанда Пекинмен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қарсылық білдіріп, Қытаймен жасалған келісімнің шарттарын ашық жариялауды талап етті.
Желтоқсанның 16-сы, Тәуелсіздік күні Алматы мен Нұр-Сұлтанда 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі (советтік республика басшылығына Кремль тағайындаған Геннадий Колбиннің келуіне қарсы қазақ жастарының шеруін билік қатыгездікпен басқан) және 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы (көп айға созылған мұнайшылар ереуіліне полиция оқ атқан, соның салдарынан, ресми дерек бойынша, 17 адам қаза тапқан) құрбандарын еске алу шарасы өтіп, ондаған адам ұсталды. Митингіге қатысушылар елде саяси реформалар бастауды, саяси тұтқындарды босатуды және Қыйтайдың Шыңжаң өлкесінде аз ұлт өкілдеріне қарсы жүргізілген саясаттан қашып келген этникалық қазақтарды Қытайға қайтармауды талап етті.
2019 жылы өз істеріне байланысты шығарылған сот шешімімен келіспеген азаматтар тобы да наразылық акцияларын өткізген. Түрлі қалада ондаған рет жалғыз адам пикеті ұйымдастырылып, олардың кейбірінде саяси талаптар айтылған.
ІШКІ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ ФАКТОРЛАР
2019 жылы наразы көңіл-күйдің өсуіне әсер еткен себептерді талдаған Тәуекелдерді бағалау тобының директоры, саясаттанушы Досым Сәтпаев «жиналған бу кернеген қазан» жайлы айтып берді.
— Қазақстанда әлеуметтік наразылықтар жылдар бойы қордаланып, жабық қазанда жинала берді. Енді қазанда сызат пайда болғанда, одан әртүрлі себептен туған әлеуметтік наразылық пен түрлі құрамдағы наразылар шыға бастады, — дейді Досым Сатпаев.
Саясаттанушы наразылыққа халықтың Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кеткеннен кейін «саяси және әлеуметтік реформалар болады» деп күткен үмітінің ақталмауы да түрткі болғанын айтады.
— Жұрт бос уәдеден шаршады. Қазір ойын ашық білдірмесе, жүйе өзгермейді деген алаңдаушылық туды. Осы факторлардың барлығы наразылық шараларының жиі әрі жаппай өте бастауына себеп болды деп ойлаймын, — дейді сарапшы.
Орталық Азияда демократияны дамыту қорының директоры Толғанай Үмбетәлиеваның пікірінше, елдегі наразылықтың өршуіне әлеуметтік теңсіздік пен халық табысының азаюы әсер еткен. Ол көп сарапшы ресми сипатта ғана жүзеге асты деп санайтын «билік транзиті» болмаса да наразылық бәрібір басталар еді деп есептейді.
— Қандай жағдай болмасын, биыл наразылық бәрібір басталып, ары қарай өрши түсер еді. Биліктің ауысуы наразылық санын біршама азайтты. Президент «мұрагерінсіз» наразылық шарасы қазіргіден де көп болар еді деп ойлаймын, — дейді Үмбетәлиева.
Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюроның директоры, құқық қорғаушы Евгений Жовтис «наразылықтың қозғаушы күші — 30-40 жас шамасындағы жақсы білім алған қала тұрғындары» екенін айтады.
— Олар советтік өткен шақты көрген жоқ. Олардың қазіргі авторитарлы жүйедегі, жемқорлық жайлаған шынайы өмірге көңілі толмайды. Олар Батыс елдерінде болып көрген және екі арадағы айырмашылықты жақсы түсінеді. Әлі елден кету туралы шешім қабылдамаса, демек жағдайды өзгертуге ұмтылып көреді. Әрине, бұрынғы және кейінгі буын арасындағы қарама-қайшылық та жоқ емес. Олар өздерін қарттар басқарғанынан шаршады, — дейді Евгений Жовтис.
Сарапшылар Қазақстан ішіндегі наразылыққа әсер еткен сыртқы факторлар да барын атап өтті.
— Украинада өткен сайлау нәтижесінде президент қызметіне мүлде жаңа адам келді. Оған дейін Арменияда халықтың қолдауымен саяси процестер жүрді. Көбі Украина мен Арменияда жемқорлықпен іс жүзінде күресуге ұмтылған адамдардың билікке келгенін көріп, дәл сондай жағдайдың біздің елде де болғанын қалады. Мұның бәрі күн өткен сайын өсіп келе жатқан әлеуметтік шиеленіс жағдайында ел ішінде басталған саяси процестермен дөп келді, — дейді Досым Сәтпаев.
БИЛІКТІҢ ЖАУАБЫ ҚАНДАЙ БОЛДЫ?
Алғашқы жарты жылда наразылықтар соңы азаматтарды ұстаумен аяқталып отырды. Ұсталғандар арасында наразылық болып жатқан жерден кездейсоқ өтіп бара жатқан азаматтар да болды. Кейіннен бұл жағдай аздап өзгерді: кей акцияларды билік басып тастаса, кейбіріне еркін пікір білдіруге мүмкіндік берді. Бірақ наурыз, мамыр және жазда байқалған жаппай ұстау шарасы күзге қарай азая бастады. Дегенмен ҚДТ қозғалысы мұрындық болған наразылық акциялары алдында осыған дейінгі наразылықтарға қатысушылар мен белсенділерді митингіге жеткізбей ұстау жылдың екінші жартысында да жалғасты.
Қазақстандық журналист Сергей Дуванов әдетте полиция Мұхтар Әблязовтың шақыруымен шеруге шыққан азаматтарды ұстайтынын айтады.
— Билік биыл жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай көбейген оппозициялық қозғалыстарды әртүрлі қабылдайды. Мемлекет басындағылар Әблязовтан қорқады, өйткені ол Майдан тәжірибесіне сүйеніп, билікті орнынан радикалды әдіспен тайдырғысы келеді. Бұл билікті алаңдатады. Басқа оппозиционерлер биліктің ауысуын талап еткенімен, оны заң аясында жүзеге асыруды қолдайды, — дейді Дуванов.
Толғанай Үмбетәлиева биліктің әртүрлі топтарға әрқилы қарауының астарында «бөліп ал да, билей бер» принципі тұруы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
— Билік әртүрлі стратегия қолдануға тырысады. Наразы топтармен жұмыс әдісін осылай сынақтан өткізеді. Сондықтан жұмсақ және қатаң әдістер өзара ауысып отырады. Және бір нұсқа бар: олар шынымен қалай жұмыс істеу керегін білмейді және бәрі шешім қабылдайтын басшыға тіреледі. Осыдан наразылар арасында дүдәмал көңіл-күй басым. Биліктің түрлі реакциясы әрқалай түсіндіріліп, наразыларға әрқилы қарым-қатынас қалыптасады. Билік кейде наразылар арасында ішкі кикілжің туып, «өзіміздің адам» және «бөтен азамат» деп бөліну пайда болуы үшін түрлі провокация да қолданады. Биліктің көзқарасы бойынша, мұндай әдіс белгілі бір нәтиже берген кездері болды, — дейді Толғанай Үмбетәлиева.
НАРАЗЫЛЫҚ ЖАЛҒАСА МА?
Құқық қорғаушы Ерлан Қалиев наразылықтың көп болуы шенеуніктерді белгілі бір жеңілдіктер жасауға мәжбүрлегенін айтады.
— Полицияның бейбіт акцияларға тиісті қарым-қатынас көрсете алмауы мемлекеттік органдардың елдегі адам құқығын мүлде құрметтемейтінін аңғартып, соған сәйкес кері реакция туғызды. Батыс тарапынан «елде адам құқықтары жайлы халықаралық келісімдер сақталмай отыр» деген сын көбейді, осындай сөздің астында қалған билікке Тоқаев арқылы митингілер туралы жаңа заң қабылдау керегін мойындауға тура келді. Бұл жерде мен елде жақын уақытта демократиялық реформалар жүргізу керегін жақсы түсінетін азаматтық қоғамның реакциясын қосып отырған жоқпын, — дейді Ерлан Қалиев.
Желтоқсанның соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің (президент жанынан өзінің бастамасымен даулы сайлаудан кейін құрылған консультативті-кеңесші орган) отырысында бейбіт жиын туралы заңды қайта қарап, митинг өткізу үшін рұқсат сұрауға міндеттейтін норманы ескерту формасына ауыстыруға уәде етті (ол дәл осы уәдесін маусым айындағы ант беру рәсімінде де айтқан). Бірақ наразылық акциялары билік белгілеген арнаулы орындарда (әдетте бейбіт жиындарға қала шетінен орын беріледі) өтеді деген бөлім өзгеріссіз қалатынға ұқсайды.
— Қазіргі билік үшін осыған дейін жылдар бойы өзіне саяси жүйені бақылауда ұстауға көмектесіп келген митинг туралы заңды түбегейлі өзгерту тиімсіз. Бірінші президентке де, екінші президентке де жағдайды бақылаудан шығарып алудың еш тиімділігі жоқ, — дейді Досым Сәтпаев.
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис 2019 жылы Қазақстанда болған оқиғалар мен «Араб көктемінің» арасында ұқсастық барын айтады. Режимнің ауысуына әкелген «Араб көктемі» қалада тұратын білімді жастар мен әлеуметтік лифтінің жоқтығынан, жемқорлық пен авторитаризмге наразы орта жастағы адамдардың белсенділігінен басталған. Жовтистің пікірінше, Қазақстанда Солтүстік Африка мемлекеттерінің сценарийі қайталанбайды. Өйткені «жерінің үлкендігі және халықтың ел аумағында бірдей бөлініп, орналаспауынан тиімді қысым жасауға қажетті мобилизация жүргізу мүмкін емес».
Сарапшылар наразылық уақыт өте келе күшеюі, не басылуы мүмкін екенін айтады.
— 1980-жылдардың соңы және 1990-жылдардың басында наразылық күшейгені есімде – ол кезде елді парламентаризм деңгейіне, демократиялық даму жолына шығарғысы келген түрлі оппозициялық топтар пайда болды. Қазір де дәл сол талаптар айтылып жатыр. Бірақ ол кезде бәрі басылып қалды, өйткені көбі бейберекет жағдайға ұласып кетуден қорқып, биліктің бірыңғай орталықта және мықты қолда болғанын қалады. Одан кейінгі жылдары билік оппозициялық алаңды тазартып, наразылық бәсеңдеді. Ал қазір жұрт ол кезең еш жақсылық әкелмегенін түсінді. Сондықтан наразылық алаңы қалыптасып жатыр. Олардың арасында не бөлініс, не бірігу болады, — дейді Досым Сәтпаев.
Саясаттанушы Талғат Исмағамбетов өзгерістер туралы талап ары қарай да айтыла береді деп санайды. Бірақ ол жақын уақытта реформалар болатынына сенбейді.
— Біздің жүйеде бюджет қаржысын бөлуге байланған элиталық топтар өте көп. Олар қазіргі саяси жағдай мен бюджет бөлінісін сақтап қалуға мүдделі. Бизнес бюджет есебінен күн көреді. Наразы топтарға келсек, әзірге оларды бірігуге итермелейтін ортақ мұрат жоқ. Қазір билік пен оппозицияда моральдық ресурстар жоқ, бұрынғы идеология әбден ескіріп бітті. Халыққа бәріне жеткізуге болатын, әр азаматтың қалтасы сезінетін нақты, практикалық ұрандар керек, әзірге ондай ештеңе жоқ, — дейді Талғат Исмағамбетов.
Журналист Сергей Дуванов наразылар халықтың санасында қалыптасқан әдет, қатаң шаралар мен өз бастары біріге алмауы себебінен қоғамның енжар бөлігін өз қатарына қоса алмай отыр деп есептейді.