Журналистің қазасына Бакееваның қатысы бар ма?
Ішкі істер министрлігі журналист Қалыбек Атжанның өліміне байланысты тексеру жүргізіп жатыр. Журналист Facebook парақшасында Айна Бакеева ұсынған тыныс алу жаттығуынан кейін денсаулығының нашарлағанын жазған болатын.
«2021 жылдың 11 тамызында қазақстандық журналист Қалыбек Атжанның 9 тамызда қайтыс болу фактісі бойынша шағым түсті. Ол 7 тамызда Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында А.Бакеева ұсынған тыныс алу жаттығуынан кейін денсаулығының нашарлағанын хабарлаған болатын. 2021 жылдың 11 тамызында аталған шағым ІІМ Ақпараттарды тіркеу кітабына тіркелді және Қылмыстық-процестік кодекстің 181-бабы 5-тармағы тәртібімен тиісінше тексеру жүргізу үшін Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Жамбыл облыстық департаментіне одан ары беру мақсатында Жамбыл облыстық Полиция департаментіне жіберілді», – делінген ІІМ таратқан ақпаратта. Ведомство мәліметінше, Жамбыл облыстық Полиция департаменті тексеруінің қорытындысында процестік шешім қабылданады.
Тексеру жүріп жатыр
Оқиға қалай болған еді? 9 тамыз күні белгілі журналист Қалыбек Атжан қайтыс болды. 67 жастағы ардагер журналист ковид жұқтырып алған. Таныстарының бірі оған тыныс алу жаттығулары бар бейнематериалды жібереді. Ал ол бейнематериалдың авторы реабилитолог дәрігер Айна Бакеева болатын. Қалыбек Атжан әлеуметтік желідегі жазылушыларына тыныс алу жаттығуына дейін жағдайының жақсарғанын, жаттығудан соң нашарлап кеткенін жазған.
Осы оқиғадан кейін блогер Ілияс Мыңжасаров Айна Бакееваның қызметін тексеру керек екенін, өйткені тыныс алу жаттығуларынан кейін де тағы біраз адам өмірімен қоштасуы мүмкін екенін жазған еді. А.Бакеева журналистің қазасынан кейін науқастарды қабылдауды тоқтатқан.
Айна Бакееваның тыныс алу жаттығуларын жүргізіп жүргеніне бір жылдан асты. Ол БАҚ-қа берген сұхбатында: «Бір жыл бойы көптеген науқастарға бұл жаттығулардың көмегі тиді. Бұл туралы менің Instagram парақшама жазылған жағымды пікірлерден байқауларыңызға болады. Өткен жылы жазда елде дәрі-дәрмек жетіспей, ауру асқынып, қатты қиналған науқастар хабарласқан кезде тыныс алу жаттығуларын жасап, суды көбірек ішу қажет екенін ұсынған едім. Осылайша, дертпен алысқан жандарға қолымнан келген көмегімді бердім» деген екен.
Жаттығудың көмегі бар ма?
Дегенмен Айна Бакееваның тыныс алу жаттығуларының көмегі бар ма? Біз осы сауалды дәрігерлерге қойып көрдік. Профессор, гигиенист-эпидемиолог дәрігер Арай Төлемісованың айтуынша, «ковидпен ауырғандарға реабилитация кезінде міндетті түрде жаттығулар жасату керек. Бұл ковидтен кейінгі реабилитация деп аталады. Ковид қай адамға қалай әсер етеді? Адамдардың бәрі бұл індетпен бірдей ауырып жатыр деп айтуға болмайды. Өйткені бұл инфекция мутацияға ұшырап кетті. Әр адамның ағзасы әртүрлі болғандықтан, әрқайсысында дерттің асқынуы әртүрлі болып тұр. Сондықтан дәрігерлер әр адамға ауруына қатысты ем қабылдатады. Егер ковидпен ауырған адамның қызуы қатты көтеріліп тұрса, бойда әлсіздік бар болса не болмаса пневмониямен ауырып тұрса, әрине оларға міндетті түрде дәрігерлік көмек керек. Дерті қатты асқынып тұрмаса, ондай науқастарға аздап жаттығулардың жеңіл түрін пайдалануға болады. Жата бермей, көбірек жүргені дұрыс», – дейді.
Қатты науқастанып тұрған адамдарға міндетті түрде дәрігердің көмегі қажет. Көпшілік өз бетінше ем-дом қабылдап жатады. Бұл да дұрыс емес. Арай Төлемісова осылай дейді. «Аурудың алдын алуға болады. Ол бетперде киіп, қолды жиі-жиі сабындап жуып, көпшілік орындарға бармау. Ал егер инфекция жұқтырған жағдайда адамда оның белгісі бірден көрініс береді. Кейбіреулер бұл індетті жеңіл өткізіп жатыр. Бұл – ковидтің симптомсыз түрі. Оның өзінде дәрігерге қаралып, қажетті витаминдерді қабылдаған абзал. Содан кейін ғана жаттығу жасауға болады. Қатты ауырып тұрған науқасқа массаж алу, жаттығу жаса деп айтуға болмайды», – дейді профессор.
Ал дәрігер Ботагөз Мүслімова да профессордың пікірінің жаны бар дейді. «Кез келген науқас ең алдымен дәрігердің көмегіне жүгініп, ем қабылдауы керек. Дертіне қарсы дәрі-дәрмектерді алып, індеттен арылып, жағдайы қалыпты болған соң ғана кешенді түрде жаттығу қажет. Оның ішінде массаж қабылдау, тыныс алу жолдарын реттейтін жаттығулар жасауына болады», – дейді дәрігер. Оның айтуынша, тыныс алу жаттығуын науқас стационарда негізгі емін алып болып, үйіне жіберілгеннен кейін ғана жасауы қажет. «Бұл жаттығулардың өкпе қызметін қайта қалпына келтірудегі маңызы өте зор», – дейді дәрігер.
Сондай-ақ дәрігер «Кез келген адам ковид вирусы, жұқпалы процесс екенін ұмытпауы тиіс. Әрине, жұқпалы процесс кезінде өкпеде, жалпы ағзада әртүрлі өзгерістер болуы мүмкін. Жалпы, тыныс алу жаттығулары тиімді. Бірақ жедел кезең аяқталғаннан кейін ғана. Кез келген инфекциялық аурулардың жедел кезеңіндегі тыныс алу жаттығуы немесе басқа да физиотерапиялық әдістер тек зиянын тигізеді» дегенді айтып отыр.
Әзірге тергеу амалдары жүріп жатқандықтан, жоғарыда айтылған оқиғаға қатысты бір жақты пікір айтуға әлі ерте. Мәселенің анық-қанығын құзырлы органдар анықтай жатар. Ең басты мәселе – инфекцияны жұқтырудың алдын алу. Вакцина салдырып, дертке қарсы тұру. Ал кез келген тыныс алу жолдарын реттейтін жаттығулар ковидтен кейінгі реабилитация кезінде тиімді екенін дәрігерлер де айтып отыр. Учаскелік дәрігер Ботагөз Мүслімова: «Стационардан жазылып шыққан науқас тек дәріге үміт артпауы керек. Өкпені коронавирус зақымдаса, тыныс алу органы үшін реабилитацияның маңызы зор. Бұл жаттығуларды үйде жүйелі түрде жасау керек. Кейде, тіпті күніне үш рет 15-20 минуттан. Міндетті түрде өкпе тыныс алуы керек», – дейді. Сондықтан вирус жұқтырып, ем-дом қабылдаған азаматтар ауруханадан шыққаннан кейін ғана жаттығу жасауына болады. Оның өзінде дәрігердің кеңесіне сүйенгені абзал.