«Журналистикаға төрт жыл да аздық етеді…»
Алаш арысы Міржақып Дулатовтың «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор» деген ұтымды сөзі бар. Арада біршама уақыт өтсе де, бұл сөз өз маңызын жойған емес. Заман ағымы жаңарған сайын қазақ баспасөзі де уақыт тезінен қалыспай, тың ақпараттық тасқын кезеңін бастан өткеруде. Әлемдік стандарт бойынша төртінші билік қызметін атқаратын журналистика расымен қоғамдық сананы қозғайтын ықпалды күшке ие. Осы бедел, ықпалды қалыптастыратын бірден-бір үлкен мектеп – журналистика факультеттеріндегі оқуды қысқарту төңірегінде қоғамның ойы екіге бөлінді десек те болады. Қазіргі қазақ журналистикасының кемшін тұстары қандай? Дүниенің ой легінен қалыспау үшін не істемек керек? Бұл тұрғыда Қазақстандағы журналистика факультеттері қандай жобаларды жүзеге асырып келеді? Осы сауалдар төңірегінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетінің деканы, журналист-ғалым Сағатбек Медеубекұлымен сұхбаттасқан едік.
–Алғашқы сауалымызды қоғамдық пікірді қос арнаға бөлген тақырыптан бастасақ. Соңғы кездері журналистиканы 2 жыл оқыту керек деген ой ортаға салынды. Бұл тақырып әлі де талқыға түсері анық…
Журналистика қай кезде төртінші билік қызметін атқарады? Ақпарат айқын, нақты, мемлекет мүддесін қаузайтын, халық санасына қозғау салатын болған жағдайда ғана осы функцияға лайық болады. Ал енді тәуелсіз журналиспіз деп ұрандайтындар мемлекеттік, ақпараттық қауіпсіздікті сақтамайтын болса, жалған хабар тарататын болса, қиындық туындайды. Көп мәселе қазіргі жас журналист мамандардың сауатына кеп тіреледі.
Журналистиканы 2 жыл ғана оқытса деген әңгіме шықты. Бұл дүние басқа мамандықты бітіргендер ары қарай біліктілігін арттыру, жетілдіру мақсатында оқиды дегенге келеді. Яғни салалық журналистерге арналады. Бұл ретте тілші өз саласының маманы, өз саласын жазатын, дамытатын маман ретінде қалыптасады. Ал кәсіби журналистика үшін екі-үш жыл аздық етеді. Қоғамдық, саяси, әлеуметтік мәселелерді дер кезінде көріп, талдап, сараптау арқылы оқырманға қажеттісін ғана беретін журналистер білім арқылы кәсібилікке жол бастайды. Қоғамдық санаға қозғау салады. Олардың білімі мен білігі тек қана бір саламен шектеліп қалмайды. Мектепті жаңадан ғана бітіріп келген бала дереу журналист болып қалыптаспайды. Ол журналистика факультетіне оқуға түседі. Бірінші курста танысу, психологиялық қалыптасу сәті болады. Журналистік әліппемен танысады. Екінші курста мамандыққа қарай бет бұрады. Үшінші курста тәжірибе шыңдайды. Ал төртінші курста сол саланың дайын маманы болып шығады. Яғни төрт жыл бойы білім ала отырып, мықты тілші боп шығуы керек. Екі жыл мүлде жетпейді. Қоғамдық санасы қалыптасқан, ойы жүйрік, өз саласын жетік меңгерген адамдар ғана екі-үш жыл көлемінде меңгеріп шығуы мүмкін. Ал санасы әлі де қалыпқа түсіп үлгермеген бала кәсіби білім алмаса, мықты маман болып қалыптаса алмайды.
Шетелде журналистиканың магистрлік бөлімін 2 жыл оқитын үрдіс бар. Ал бізге салалық журналистика мамандығы үшін кәсіби біліктілікті арттырудың екі жылдық оқу бағдарламасын жасау керек. Барлық журналисті медицина саласына немесе барлық дәрігерді журналистика саласына бейімдеп шығарамыз деу – таза ақымақтық. Тек қана қоғамға, ұлттық мүддеге қызмет ететін, ойды бір арнаға тоғыстыратын журналистерді даярлау міндет. Төрт жыл да аз болады. Тіпті журналистика институтын ашу керек. Мәселен, Өзбекстан журналистика институтын ашты. Сонда ғана сала-сала бойынша оқытып шығаруға болады.
– Журналистика факультеттерінің студенттері төрт жыл бойы теориялық біліммен шектеліп қалса, қызметке орналасқанда тәжірибелік біліктілігін көрсете ала ма?
— Қазіргі журналистка мамандығы бойынша оқу бағдарламасының 70 пайызы практикалық дәрістерге арналады. Енді жоғары оқу орындарына академиялық еркіндік берілгеннен кейін оқу бағдарламаларын қайтадан жаңғыртып жатырмыз. Яғни жаңартқанда өзіміз ғана емес, жұмыс берушілермен ақылдаса отырып оларға қандай маман керек, қазіргі оқу бітіріп барған түлектердің бойынан қандай құзыреттіліктерді көргісі келеді және оқу үрдісі барысында қандай пәндерді көбірек оқытқан жақсы деген сауалдар төңірегінде ұсыныстар білдірдік. Бұл жөнінде біз бірнеше рет кездестік. Журналистикаға қатысы бар мамандармен, баспа ісінің мамандарымен барып екінші практикалық машықтарды көбірек жетілдіру үшін сол жұмыс берушілердің мекемесінің жанынан арнайы бөлімге жауапты адамдарды тағайындап яғни кафедра филиалын ашып осы кейбір практикалық дәрістерді оқыту барысында жұмыс үстінде өткізуге келісіп жатырмыз. Мысалы, «Атамұра» корпорациясына мамандар барып сөйлесті. Бұл тарап қарсылық білдірген жоқ. Болашақ тілшілер, студенттердің тәжірибе алмасуына көмек бермек. Екіншіден, біз мамандардың өзіміздің аудиторияға келіп елу минуттай шеберлік сағаттарын өткізуді алдыңғы жылдардан бері тәжірибеге енгізіп келе жатырмыз. Мәселен, редактор келіп өзінің редакторлық тәжірибесінен өнеге-үлгі айтса және оны қалай жүзеге асыру керектігін үйретеді. Келесі күні корректор келіп өзінің тәжірибесінен корректорлық машықтарды үйретеді. Келесі жолы газеттің қалыптаушы-беттеуші маманы келіп өз тәжірибесімен бөліседі. Мұндай ретте тек бір ғана мекемеден ғана емес, әртүрлі мекеменің өзінің мамндары келіп осылай оқу кестесінен тыс қосымша шеберлік сағаттарын жүргізеді. Демек, біздің студенттер болашақта 4 жылда тек қана теориямен қаруланып емес, практикалық машықтарды меңгеріп шығатынына сенімдімін.
Оның үстіне осы лабораториялық сабақтардың 70 пайызы практикалық сабақтардан тұрады. Семинар, лаборатория, практикалық дәрістерде студенттердің мүмкіндігін ашатын, қабілетін жетілдіретін сабақтардың түрлерін өткізуді жолға қойып жатырмыз. Ең бастысы, студенттің өзіне байланысты. Егер студент өзі құлшынып тұрмаса, өзі ұмтылып тұрмаса, өзі зейінді, ықыласты болмаса, нақты нәтиже шықпайды. Қазақ айтады, «жетектеген таз түлкі алмайды» деп. Қанша сүйресең де өзінің ынтыны басқаға тартып тұратын болса, ертең өкінетін де, өкіндіретін де солар болады. Бірақ, біз қанша дегенмен факультетімізге болашақта журналист боламын деген балалардың көңіліндегі отын, ұшқынын жағып, одан ары тұтандырып жіберуге бар күшімізді саламыз.
— 2005 жылы ҚазҰУ еуропалық стандартқа лайықталған Болондық жүйеге енді. Сол кезден бері бұл система іс жүзінде орындалып келе ме?
— Осы жүйемен маман дайындап келе жатқан шетелдердің тәжірибесін біз әлі де толық игеріп болған жоқпыз. Олар өзінің осы Болон жүйесіндегі бағыт бойынша бағдарламалардың еркіндігімен дәріс өткізеді. Бұған біз енді-енді жол ашып келе жатырмыз. Мысалы, салалық журналистика, салалық мамандықтарды иегеруді қолға алдық. Олардың қатарында медицина, спорт, экономика, саясат, агрожурналистика сынды салалар бар. Яғни бітіруші түлек белгілі бір салада білігін жетілдіріп шығады. Бірақ,егер Болон конвенциясындағы кредиттік технологияның шарты бойынша әр студент өзінің оқу бағдарламасының траекториясын өзі таңдауы керек. Егер де ол ауыл шаруашылық жөнінде тереңірек мәлімет алып, тереңірек білгісі келсе ауыл шаруашылығына қатысты пәндерді оқытатын биология факульетінің дәрістеріне қатысып кредитін игеріп кетуі студенттің құзыретінде. Заң, құқық жөнінде көбірек білгім келеді десе, заң факультетінің сабақ кестесіндегі өзіне ең қызықты деген пәнге жазылып білімін шыңдай алады. Біздің сана ұстаздар, оқу бағдарламасы және студент жағынан да әзірше оған жете қойған жоқ.
Қазақ журналистикасын еуропалық стандартқа келтірудің қажеті жоқ. Әрине, кейбір тәжірибе, амалдарын алуымыз керек. Бірақ өзінің түпкі дәстүрлі оқу үрдісін сақтауы керек. Қазақ ұлттық журналистикасы көптеген елдердің журналисткасынан биік. Өзінің қазағына, ұлтына қызмет етуге келгенде көптеген ұлттардың журналистикасынан жоғары: міндетін, парызын, мақсатын орындап келеді. Ақпараттық тәуелсіздік дейміз, алайда цензура, демокартия деген бар. Ең әуелі журналист өзінің ар-ұяты алдында жауапты. Бірінші цензор – ол өзінің ұяты, ар-ожданы. Екінші цензор – үнемі сын көзбен қарайтын оқырман, көрермен. Ал оның арғы жағында республика, мемлекетінің Ата заңы мен өзінің кәсіби біліктілігіне қатысты құқықтық нормативтік құжаттар, баптар, заң алдында жауапты болғаннан кейін ол да кезекті цензордың міндетін атқарады. Ал енді заңда тыйым салынбаған кез келген ақпаратты алуға журналист құқылы. Әсіресе, біздің Қазақстан секілді тәуелсіздігін енді-енді тұрақтандырып келе жатқан, әлемге енді-енді ғана қанатын жайып келе жатқан мемлекеттің журналистері жұмыла жұмыс істеуі керек. Жеке топтардың немесе жеке тұлғалардың емес,мемлекет мүддесі үшін қызмет етуге міндетті. Жалпы мемлекеттің тәуелсіздігін сақтау, тұрақты өмір сүруі, ынтымақ-бірлік, татулық, өзара түсіністік мәселесі бірінші орында. Ішкі бірлік мығым болуы керек. Осы ішкі татулық-ынтымақты, адамдардың бір арнаға тоғысуын атқарап келе жатқан қазақ ұлттық журналистикасы. Ұлтты ұйыстырып отырған да осы журналистер. Тілшінің түйсігіндегі ең бірінші міндет – Отанына, мемлекетіне, еліне, халқына еңбек ету. Ал күнделікті бәсекелестікті желеу етіп, бірінен-бірі есеп алуға күш жұмсайтын журналистика биік болмайды. Ол – әлдекімнің сойылын соғатын қолжаулық журналистика.
Журналистиканың принципі баршаға ортақ – қоғамдық санаға қозғау салу. Ал немен және қалай ақпарат аласың, қандай жолмен тарату ол екінші мәселе. Мәселе нені және не үшін таратасың? Соған жауап іздейсің. Мәселен, білікті журналист те, басқа саланың адамы да ақпарат ала алады. Ал енді ақпарат тарушының бәрі журналист емес. Журналистің ұлы міндеті – бір ақпарат болса да қажетті, керекті дүниенің өтімділігін арттыру. Және миллиондардың, миллиардттардың қажетіне жарайтындай болуы тиіс. Оның тағдырын ойлай отырып, болашағына кесірін тигізбеу керек. Ал енді қирату, бүлдіру, құрту, ыдырату үшін ақпарат тарату – жауыздық. Осы функцияны яғни дезинформация – нақпаратты мақсат етіп жүргендер де бар. бұдан аулақ болу керек. Егер де шынымен де біздің мемлекетімізді, ұлтымызды жаһандану кезеңінде алып шалғысы орып бара жатқан заманда ұлтымызды сақтап қалу үшін бірінші кезек кімнің қаруы керек болады? Әлбетте, мылтықсыз майданның басы-қасында жүрген журналистердің ақпараты. Барлығының ішіндегі ең қуаттысы да, ең ықпалдысы да – қарусыз майдан. Дәл осы тұста биік журналистиканың кәсіби мамандары ақапарттық қауіпсіздікті, мемлекеттік қауіпсіздікті, ұлт болашағын ойлай отырып хабар таратады. Ал ұлтына, мемлекетіне қызмет етпеген журналистика атына лайық емес. Журналистиканың ұлы міндеті – ұлтты ұйыстыру, келешекке еңбек ету.
– Факультетте дуалды оқыту – ғылым мен өндірісті тиімді байланыстыру үрдісі бар. Бұл қаншалықты жүзеге асып келеді?
Біз ілгерілеу арқылы осы бағытқа келе жатырмыз. Мәселен, «The Qazaq Times» сайтында, «Айқын» газетінде, «Қазақстан» ұлттық арнасында шәкірттеріміз қызмет етумен қатар, университетте білім алып жүр. Яғни білім алудың бұл түрі жан-жақтылыққа бейімдейді. Білім алумен қатар, тәжірибе шыңдап ЖОО-ны тәмәмдаған кезде нағыз білікті, дайын маман болып қалыптасады. Оқып жүріп үйрену, үйреніп жүріп оқу – бүгінгі заманның талабы.
– Кейде насихатқа құралған ақпарат жазатын тілшілер ұлттық мүддені қаузайтын журналистердің алдын орап кетеді. Сіздіңше, сарыжағал басылымдардың артуына не себеп?
— Мұндайлардың артуына сарыжағал сананың, сарыжағал танымның, сарыжағал талғамның төмендігі себеп. Биік журналистиканың қажетті ақпараттарын алып, қорытып пайдалануға әзірге өреміздің жетпейтіндігі. Ол өз алдына бөлек. Өреміз жетуі мүмкін, бірақ соны жеткізбей отырған сыртқы ақпарат күштерінің ықпалы бар. Бізді көгертейін, көктетейін деген бірде-бір мемлекет жоқ, меніңше. Осы ұлан-байтақ елдің иемденіп отырған жеріне кішкене көз алартып отырғандар да бар. Қайтсек те осы 18-ақ миллион халықты жұтып алып, өзімізге айналдырып жіберсек деп ақпарат таратып отырғандар да бар және олар жастардың санасын улау үшін, жастардың пиғылын өзгерту үшін, жас буынның ұлттық құндылықтарға деген түсінігі мен танымын мүлдем басқаға бұру үшін берекетсіздікке, бейжайлыққа, немқұрайдылыққа, өзінен-өзі жиренуге үйретіп жатқан ақапарт тасқыны өте көп. Ал биік журналистика сондай жаман қылықтардан қорған болып, ұлттың ұлылығын, мемлекеттің қуаттылығын танытуы тиіс. Сыртқы күштерге тойтарыс беруі керек. Оған тек теориялық тұрғыдан танымын толықтырғандар ғана тойтарыс бере алады. Ал жүрдім-бардым қарап, оқымай ақпарат тарататындар сарыжағал өсек хабар таратады. Ондайдың санасында біреудің қолшоқпары болып, өзінің атын шығару, біреуге қызмет ету немесе арзан атақ жинау мақсат болады. Демек, ақпарат таратып жүргендердің бәрі – журналист емес!
– Заманауи журналистиканың дәстүрлі ақпарат таратуды түбегейлі жойып жіберуі мүмкін бе?
— Қазір ақпарат алу мен таратудың амал-тәсілдері өзгерді. Яғни тасқа басып-қашаудың мүлдем тың түрлері қалыптасты. Сайт, портал кең қолданысқа еніп, блогерлер пайда болды. Әлеуметтік желіде қысқа дүние жазғандардың бәрі өзін журналист сезінетін болды. Ал енді осы заманауи технология алып келген жаңалық, әдіс-тәсілдер кешегі дәстүрлі ақпарат тартудың жалғасы. Оқуға деген ынта-ықыласы жоғары халық бар кезде қағаздағы ақпарат қалмайды. Өйткені, көзбен көрген ақпарат пен интернеттегі ақпараттардың өз айырмашылықтары мен өз алдына бөлек берілу формалары бар. Әрине, лездік тұрғыдан келгенде ғаламтор қазіргіні қазір өңдеп береді. Ал болған оқиғаны түп-тұқиянына дейін зерттеп, екшелеп беретін немесе қадағалайтын дәстүрлі журналистика.
– Сіздіңше, қазіргі қазақ журналистикасының түйіткілді мәселесі не? Болашағынан қандай үміт күтесіз?
— Журналистердің білігі, білімі өз саласын ары қарай игеруге жетіп жатыр. Мәселе мемлдекеттік тұрғыдан қамқорлықта. Журналистер Америкада болса да өзінің мемлекетіне, ұлтына, болашағына қызмет етуі керек. Екінші жағынан алғанда, технологиялық жағынан дамыту қажет. Қаржы бөлу арқылы мүмкіндіктерге жол ашу керек. Сондай жағдайда әлемдік кеңістікті игеріп, ғаламдық ақпарат кеңістігін қазақ контентімен толтыра аламыз. Қазірше осы орта бос тұр. Ал сол бос орындарды шетелдіктер өз мүддесіне негізделген ақпараттармен толықтырып жатыр. Бізде әлі де америкалық немесе ресейлік ақпараттың ықпалымен қазақ тілінде хабар тарату бар. Осы басты мәселе деп айтуға болады. Өзіміздің мүмкіндігімізді пайдаланып, өз мақсат-мүддеміз арқылы хабар таратуды қолға алу керек. Сондай-ақ әлемнің 70 пайызы сөйлейтін ағылшын тілін меңгеріп, өзімнің ұлтымды әлемге танытамын деген ұл-қыздарға жол ашуымыз керек. Қазақтың мүддесін қорғап, ұлтын сүйетін, өзгенің ықпалына жығылмайтын журналистер қалыптастыру басты парыз. Үшіншіден, техникалық база жасап, оқу-әдістемелік қор қалыптастыру керек. Дәріс үйрету дәстүрі әлі жетілмеген, оқу базасы жаңармаған дүниелер бар. Осындайда бәсекелестік те қажет. Сонымен қатар, оқу бітірген түлектерді мемлекеттік гранттармен қызметке орналасу мүмкіндігін арттырған жөн.«Жоғары оқу орындарын бітіргендер неге әлі жұмыссыз бос жүр?!» деп ұрысып, талап етпестен бұрын, сол жағдайды реттеу керек.
Егер әр тілші ұлтының рухын көтеріп, Отаным деп қызмет ететін болса, қазақ журналистикасы ешқашан құлдырамайды. Қай жағдайда болмасын нақты әрі дәлелді ақпарат тарату журналистің азаматтық , патриоттық мүддесіне келіп саяды. Сол кезде ғана ұлттық журналистиканың келешегі кемел, болашағы жарқын болмақ.
Сұхбатыңызға рақмет!