Журналистика саласындағы «Шаңырақ» байқауының жеңімпаздары анықталды
Марапаттау рәсімін ресми түрде ашқан ҚХА Төрағасының орынбасары Леонид Прокопенко байқаудың дәстүрлі түрде Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырылып жатқанын айта келе, байқауға қатысқан журналистерге алғысын білдірді.
Қазылар алқасының төрағасы Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов журналистерді марапаттау барысында: «Біздің халқымыздың бірлігі – басты байлығымыз. Біздің басты қазынамыз – жердің астында да, үстінде де емес, адамдардың жүрегінде. Нұрсұлтан Назарбаев көптеген ғасыр бойы кемшілік деп саналған нәрсені, яғни елдің көп ұлттылығын елдің артықшылығына айналдыра білді», деді.
Байқаудағы «Қоғамдық келісім мен жалпыхалықтық бірліктің қазақстандық моделіне арналған үздік материал» аталымы бойынша бірінші орынға «Казахстанская правда» газетінің Павлодар облысындағы тілшісі Екатерина Бескорсая ие болды. «Ассамблея қызметінің жаңа бағыттары мен жобалары туралы үздік материал» аталымы бойынша «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының Талдықорғандағы тілшісі Қуаныш Серікқанов бірінші орын алса, «Өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге арналған үздік материал» аталымы бойынша «Достық аймағы» журналының бас редакторы Дмитрий Полтаренко бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды. «Түркістан» халықаралық газетінің тілшісі Динара Желдібаева «Мемлекеттік тілді насихаттауға арналған үздік материал» аталымы бойынша бірінші орынға ие болды. «Әлеуметтік желілердегі қоғамдық келісім мен жалпыхалықтық бірлік тақырыбына арналған үздік материал» аталымы бойынша бірінші орынға «Давайте говорить» бағдарламасының жүргізушісі Айгүл Мүкей лайық деп танылды.
Сондай-ақ «Астана – бейбітшілік пен келісімнің 20 жылы» деген тақырыптағы үздік материалға тағайындалған арнайы жүлдені «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының журналисі Оңғар Тоқанов иеленді. Әлеуметтік желілерде «Тәуелсіз Қазақстанның дамуына қосқан менің үлесім» тақырыбы бойынша байқауға қатысып, ең үздік пост жазған белсенді пайдаланушылар бағалы сыйлықтар және дипломдармен марапатталды.
Ағымдағы жылдың маусымында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚХА «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасын жүзеге асырды. Осы орайда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және «Қазақтану» жобасына ақпараттық қолдау білдіргені үшін ҚХА тағайындаған гран-при жүлдесі филология ғылымдарының кандидаты Камал Әлпейісоваға табысталды.
Айта кету керек, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы медиация институттарын дамытуға көмектесу мақсатында Қоғамдық медиаторлар арасындағы ұйымдастырылған байқаудың жеңімпаздары анықталды. Батысқазақстандық Құрман Бисеғалиев «Ең үздік медиатор», Павлодар облысы әкімдігінің «Қоғамдық келісім» КММ орталығының меңгерушісі Ольга Николашина жетекшілік ететін кабинет «Ең үздік медиация кабинеті» деп танылды.
Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР