ЖУРНАЛИСТИКА МАМАНДЫҒЫНЫҢ ӨЗІНДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

0

Әрбір кәсіптің өз мамандығы болатыны секілді, журналистика мамандығы да өз саласы бойынша пайда болған. Журналист басқаға ұқсамайтын, өзгелерден айырмашылығы бар мамандық. Ол өз, шығармашылығы арқылы қоғамға, адамға қызмет етеді. Журналист қандай дәрежеде жұмыс істесе де, қоғамдық ақпараттық саланың қызметкері болып есептеледі. Алаш көсемсөздері айтып кеткен газет — мерзімді басылым. Жалпы, отандық журналистиканың мазмұнын қарастырғанда негізінен жанрлық тұрғыдан үш топқа бөліп қарастырамыз: ақпараттық, сараптамалық және көркем-публицистикалық.

Журналистика әлемі – алып мұхит. Ақиқат жолындағы арпалыс пен айқасқа толы, буырқана бұлқынып, шарпысып жатқан сезімтал әлем. Ол күн сайын сені өзінің түпсіз тұңғиық құпиясына еріксіз тарта береді. Ал, сол әлемнің шыңырауына түсіп кетпеу үшін де даралық пен қабілет, пайым, парасат пен байқампаздық керек. Ізденімпаз жанға нәтиже – мол, білім, тынымсыз еңбек, өз ісіне деген сүйіспеншіліктің арқасында келеді. Ізденіс пен азапты арпалысты өз өмірінің кредосы етіп алған журналист қауымының қалам тербемейтін, араласпайтын саласы жоқ. Бәрінде де іс — әрекеттерді өз жан дүниесімен сезіне өз биігінен баға беріп, ой тұжырым жасайды. Парасат әлеміндегі кейіпкерлердің көңіл-күйіне ене отырып солармен бірге тыныстап, шынайы сезім шуағына бөленеді. Осының бәрі де «шеберлік» дейтін мәнді ұғыммен етене байланысты. Шеберлік жоқ жерде ойлы да көркем дүниенің өмірге келмейтіндігі әлімсақтан белгілі. Десек те, бізде күні бүгінге дейін тележурналистикадағы жекелеген даралықтардың әдістемелік негіздері  тиянақты зерттеуді қажет етеді.

Шығарма материалы – қоғамдағы әлеуметтік шындық. Автор оны өз биігінде жан-жақты терең зерттей отырып, көрермендерге қызғылықты жеткізілу жолдарын іздестіреді. Ол өзгелер байқамаған және сезінбеген жайларды тауып, көре біледі. Автор мақаланы жазу кезінде тақырыпты кездейсоқ таңдамауы тиіс. Белгілі бір саладағы терең әрі жан-жақты білім иелерінің табысқа жету жолында көмекке келіп, көрермен көңіл-күйін өздеріне аудару керек. Теледидар журналистері көрермендер ықыласына бөленіп, өз кезеңінің проблемалық жайларын терең әрі жан-жақты ашып, уақыт кезеңінің ауыр жүгін арқалай білді. Себебі, қиялға қанат байлаған тегеурінді толқын ой әлемдерінде сезімді ойлар ағысы үздіксіз жүріп жатады.

Тақырып – шығармадағы қаралатын мәселе. Автордың құбылысқа қатысындағы сансыз ойлары, өзінің болашақ хабарларындағы кейіпкерлері немесе ізденісіндегі қажетті жайлары. Автордың өзі көрген, куә болған жайларға кірігуі. Демек, тақырып – идеяға шығатын ойтұғыр. Қазақ теледидарындағы әлденеше ондаған, жүздеген хабарлардың бастау бұлағында да тамаша идеялар жатыр.

Журналист өмірді көре, үйрене, біле жүріп, солардан ой тоқиды, идеяға шығатын материал жинайды. Идея да ғайыптан пайда болатын зат емес. Оған да ақыл-ойдың тоғысы мен сезімталдық қабілет керек. Идея – шығарманың негізгі ойы. Автор идеяның көмегімен өзінің тақырыпқа деген өзіндік көзқарасын білдіреді. Материалды зерттеу барысында да идея ойға келуі мүмкін. Шындығында, идея түгелімен авторға, оның ойларына, алымдылығына, сезімталдығы мен өзге де қасиеттеріне түгелдей қатысты. Тақырып идеядан ауқымды. Бір тақырыпқа бірнеше хабарлар арналса да, олардың әрбірінің идеясы бір-бірінен бөлек болуы әбден мүмкін.

Журналист тұлғаның өзіндік ішкі сезімдерін бағалай келе, ұлы бабаларымыздың айтқан «Өмірді тану – ғылым, Өзіңді білу – өнер» дей келе, бірінші өзімізден бастауымыз, яғни өз орныңа қиналған адамды қоя білу, сезіну керектігін айтқым келеді.

Өз тәжірибемде көптеген адамдармен мен пікірлесу барысында, көзімнің жеткені – адам жүрегі асыл қазына сияқты, егерде қазынаға барар жолды дұрыс біліп, қазынаның кілтін аша білу керек. Ол үшін әрбір журналист адам қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын бойына сіңірген, рухани құндылықтарды игерген, тілдерді жетік меңгерген, кәсіби құзіретттілігі қалыптасқан тұлға  болуы керек деп ойлаймын.

Ғайни Болатханқызы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

«Баспа ісі» мамандығының  2- курс студенті