«Журналистика факультеттеріне түбегейлі реформа қажет»

0

Зиян келтірмеудің өзі – күш

Танымдық, интеллектуалдық, аналитикалық, салалық медианы дамытуға болады. Бірақ оның тұтынушысы аз болады. Қазіргі тренд “жаға ұстату” болып тұр. Қазір біреуге пайда келтіру емес, зиян келтірмеудің өзі үлкен күш. Заманға сілтемей, журналистер еңбегіне адал болуы керек. Біреудің жазғанын ұрламай, əр жерден үзіп-жұлмай эксклюзив контент жасауға ешқандай кедергі жоқ. Бүгінгі журналистер тым құрығанда ақпараттың рас-өтірігін тексере алуы керек.

Аудитория сауатты болса, оқығанына анализ жасай алса, сыни ойлай білсе, оқығанын елеп-екшеп, өзі қорытынды жасай алатын болса, бір қадам алға басар едік.

Оқытушы-профессорларға талапты күшейткен жөн

Жуырда “Медианет” халықаралық журналистика орталығы академиялық журналистік білім беру мәселесіне қатысты зерттеу жүргізді. Елімізде осы салада білім беретін оқу орындарының саны көбейгенімен сапасы көңіл көншітпейді екен. Өйткені нарықтағы кәсіби мамандар, яғни жұмыс берушілер жас журналистердің деңгейін төмен деп бағалады. Жұмыс істеуге келетін мамандар журналист білуі тиіс негізгі дағдыларды біле бермейтіні де сол зерттеу кезінде мәлім болды. Кейбір оқу орындары “трендтегі” тақырыптарды оқу бағдарламасына енгізгенімен оларан сабақ беретін мамандары мәз емес екені де белгілі болды.

Медианарық, әсіресе, осы саладағы білім беру ісі реформаны қажет етеді. Оқу бағдарламасын жетілдіру бойынша оқу орындарына академиялық еркіндік те беріліп отыр. Бірақ ол жеткіліксіз. Өйткені бәрібір шектеулер бар. Шын мәнінде практик мамандарды жоғары оқу орнына шақыруға кедергі келтіретін фактор көп. Соның негізгілері – кемінде магистр болуы керек деген талап, қағазбастылық пен бюрократия, жалақының аздығы. Жаңа заманға сай журналистика қалыптастыру үшін жаңа заманға сай маман даярлауды қолға алу керек. Ол үшін оқытушы-профессорларға талапты күшейткен жөн.

Зерттеуге респондент болған студенттердің бастапқы жауабына қарап, таңғалдым. Оқу орындарының ерекшелігі болар, кей студенттер (түлектер) дата журналистиканы да, мультимедиа өнімдерін жасауды да, фактчекингті де, тіпті дизайн жасайтын түрлі бағдарламалар мен редакторларды да біледі. Ал енді бір түлектер төрт жылда не үйренгенін дұрыстап айтып та бере алмаған. Мәселен, “емтихан алушы мұғалімдермен сөзге келмеуді үйрендім” деген де жауап болды. “Көркем жазуды үйрендім” дегендер бар.

Қазір де салалық журналистиканы оқытқан болады, бірақ жеткіліксіз. Көбі қағаз жүзінде ғана. Сосын болашақ журналистердің практикадан өтуіне қатысты да мәселе көп екен.

Реформалауды қажет еткен себептер мен ұсыныстар

Академиялық журналистік білім беру мәселесіне қатысты зерттеуге пікір білдірген эксперттердің көбі салалық журналистиканы қолдады. Жеке пікірімді айтсам, иә, мен де журналистердің белгілі бір салаға мамандануын қолдаймын. Қазіргі журналистика факультеттеріне түбегейлі реформа қажет. Кәсіби мамандардың көзқарасынша:

• Отандық оқу орындарының журналистика факультеттерінде Батыстағы оқу орындары секілді пәндерді академиялық және тренерлік деп бөлу керек, сонда практик оқытушыларды көптеп тартуға мүмкіндік болады;

• Қазақстандық оқу орындарындағы журналистерге арналған оқу бағдарламасы әлі күнге дейін “кеңестік” кезеңдегі бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы рольі деген түсінікке негізделгендіктен, мәтіннің көркем әрі әдеби болуына баса назар аударылады;

• Оқу бағдарламасындағы кейбір пәндер бүгінгідей интернет журналистика дәуірінде өзекті емес және практикалық тұрғыда да ешқандай құндылығы жоқ;

• “Журналистика” мамандығы бойынша оқу жоспарын да, пәнаралық электив курстарды да күшейту қажет, студенттер алғашқы екі оқу жылында болашақта жұмыс істегісі келетін саласын анықтап алуы керек; 

  • Нарықтың талабына жауап беру үшін жоғары оқу орындары кәсіби практик мамандармен жаңартылуы керек. Ондай мамандарды оқу бағдарламасын жасауға және сабақ беруге, бірлескен жобалар жасауға тартуы тиіс;

• Медианарықтағы ең қажет деген дағдылар: ақпарат көздерімен жұмыс, сауаттылық, жаза білу, мультимедиалық контент жасау, қоғамдық мәселелер мен саяси жағдайлардан хабардар болу, деректерді тексере білу;

• Медиа бойынша білім беру мерзімін қысқарту керек.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!