Журналистік ынтымақтастық бар ма?
Қазақстанда соңғы сегіз жылдан бері байланыс және ақпарат құралдары қызметкерлері күні болып келген маусымның 28-і осы аптада үкімет қаулысымен БАҚ қызметкерлерінің күні болып қайта өзгертілді.
Мереке қарсаңында ресми орындар мен қоғамдық ұйымдар журналистерді әдеттегідей түрлі сый-сияпатпен марапаттады. Қазақстан президентінің БАҚ саласындағы гранты мен сыйлығы тапсырылғандар арасында бұл жолы да мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын БАҚ өкілдерінің үлесі басым болды. Журналистер одағы сыйлығына ие болғандар арасында Азаттық тілшісі де бар.
Кәсіби мерекесін атап өтіп жатқан қазақстандық журналистер арасында ынтымақтастық бар ма? Азаттық елдегі кейбір басылымдарда жұмыс істеп жүрген журналистердің пікірін білді.
«ЖУРНАЛИСТ ҚОҒАМ МҮДДЕСІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУІ ТИІС»
Орал қаласында шығатын «Уральская неделя» газетінің бас редакторы Лұқпан Ахмедияров журналистер өзінің негізгі мақсатын түсінгенде ғана ауызбірлік таныта алады деп санайды.
– Жақында Иван Голуновты (Meduza интернет басылымының тілшісі, Ресей билігі оның үстінен қылмыстық іс қозғап, кейін істі тоқтатқан – ред.) қолдаған ресейлік журналистердің ынтымақтастығын біздің елде күту бекершілік. Ол ол ма, «мұның барлығына қашқын олигархтар ақша беріп отыр» деп жазатын әріптестер де табылады. Ынтымақтастық болуы үшін журналистердің өзі басты мақсаты – биліктің емес, қоғам мүддесіне қызмет ету екенін түсінуі керек, — дейді Ахмедияров.
Тәуелсіз басылымда еңбек етіп жүргенде бірнеше рет соққыға жығылып, шенеуніктер мен құқық органдары өкілдерінің шағымы бойынша сотқа тартылған Лұқпан Ахмедияровтың пікірінше, Қазақстанда билік мемлекеттік ақпараттық тапсырыс арқылы медиа алаңына мықты монополия орнатып алған.
— Қазір мемлекеттік тапсырыспен күнелтіп жүрген әріптестермен сөйлескен кезде олардың ой-санасына айтарлықтай нұқсан келгенін байқаймын. Олар мұны қалыпты нәрсе санайды. Мемлекеттік тапсырысқа елдегі БАҚ-тың тоқсан пайызын байлап қойған. Бұл қаржыландыру көзі ғана емес, БАҚ пен жекелеген журналистерді басқару құралына да айналған. Мысалы, Қазақстанда Журналистер күніне орай БАҚ қызметкерлеріне алғыс хат пен сыйлық тапсыру дәстүрі бар. Шенеуніктерден алған марапатқа мақтанған әріптестер әлеуметтік желілерде жапа-тармағай пост жазады. Ондай сыйлықты алуға болмайды. Ол – өте өрескел қылық. Бұл жағдай жыл бойы таяқтан көз ашпай, тек 8 наурызда сыйлыққа гүл алатын әйелдің күйін еске салады. Билік пен отандық журналистиканың қарым-қатынасы сол тәрізді, — дейді Ахмедияров.
«Жас алаш» басылымының бас редакторы Руслан Ербота Қазақстандағы саяси жүйе журналистерді екі топқа бөліп отыр деп санайды.
— Пропагандамен айналысатындар және олардың тілімен айтқанда «негативті» ғана көрсететін журналистер болып екіге бөлінген. Осы жағдай бұл екі топты біріктірмейді. Олардың әрқайсысының өз ауызбірлігі бар, ащы су мен тұщы су сияқты. Биліктің сөзін сөйлейтіндер тәуелсіз басылымдағы әріптестерінен бөлектеніп, оларды қорғап, көмектесуден қашқақтап жүреді. Оған мысал, президент сайлауы кезінде Алматыдағы митингіде полиция тәуелсіз журналистерді (арасында Азаттық тілшілері де бар) негізсіз ұстап, олардың кәсіби жұмысына кедергі келтіріп жатқанда билікке жақын басылымдағы әріптестеріміз өз ақпарат құралында хабарламағаны былай тұрсын, тіпті әлеуметтік желіде моральдық қолдау да білдірген жоқ. Бұл елдегі саяси жүйеге байланысты. Егер елде шынайы демократиялық қоғам болса бұлай болмас еді, — дейді редактор.
«ҮНДЕМЕЙ ҚАЛАТЫН КЕЗДЕР КӨП»
Мемлекеттен қаржылай қолдау алатын «Ана тілі» газетінің бас редакторы, осы аптада Қазақстан президентінің БАҚ саласы бойынша тағайындаған сыйлығын иеленген Жанарбек Әшімжанның пікірінше, қазақстандық журналистер қажет кезде ауызбірлік таныта алады.
— Белгілі бір оқиға кезінде, әлеуметтік, саяси ахуалдарда журналистердің басы бірігеді. Ал жекелеген жағдайларда ынтымақтастық жоқ, әркім әртүрлі топтардың, газеттердің, ұйымдардың жалауын желбіретін жүрген әріптестер ғой. Бұл әр журналистің арына, жеке адамгершілігіне қатысты нәрсе. Ал ынтымақтастықты қалыптастыру үшін ақпарат кеңістігінде еркіндік қажет деп ойлаймын. Журналистердің жұмыс істеуіне барлық жақтан қолдау болғанда олар өз үнін еркін жеткізеді. Ал егер істі болып, сотқа тартылса, онда бірігеді деп ойлаймын, — дейді Әшімжан.
Алматы облысы әкімдігі қолдау көрсететін «Жетісу» телеарнасының бас редакторы Серік Әбікен де қазақ журналистерінің арасында ынтымақтастық бар деген ойда.
— Ұлттық, тіл және тарих мәселесінде қазақ журналистерінің арасында ауызбірлік бар, бәрі жұмыла көтеріледі. Ал саяси мәселелерге келгенде төбеден тоқпағы мықтылардың тілі байланып қалатыны бар… Содан кейін, аға буын журналистер, біз енді орта буынбыз ғой, сол аға буынның Жаңаөзен оқиғасы сияқты жағдайларда үндемей қалатын кездері көп. Осындай аздаған кемшіліктер бар, бірақ қоғам үшін ол үлкен кемшілік, — дейді ол.
«Қазақстан дәуірі» басылымы бас редакторының орынбасары Бауыржан Карипов болса «қоғам қалай дамыса журналистер де солай дамып жатыр» деп түсіндіреді.
— Мысалы, бұрынғы азаматтық белсенділер, дәл кешегі Әсияны (Алматыдағы марафон кезінде «Шындықтан қашып құтылмайсың» деген жазу ілгені үшін әкімшілік жауапқа тартылған белсенді Әсия Төлесова – ред.) қолдап шыққандай белсенді болған жоқ. Журналистика да енді дамып келеді. Өкінішті әрине, себебі журналистер азаматтық қоғамды дамытуы керек қой. Бірақ жағдай сондай, — дейді ол.
ҚОҒАМНЫҢ ҚОЛДАУЫ
Holanews.kz сайтының бас редакторы Гүлнар Бажкенова БАҚ өкілдерін қорғауға қоғамның қолдауы қажет деп біледі.
— Журналистер арасында ынтымақтастық барын байқамадым. Өкінішке қарай, жекелеген БАҚ немесе журналисті күллі кәсіби қауымдастық боп қорғағанына мысал келтіре алмаймыз. Журналистика қоғамның, көптің қолдауынсыз өзін өзі қорғай алмайды. Ал ондай қолдау сөз және пікір бостандығы тек жекелеген кәсіп иесіне емес, ең алдымен барша қоғамға қажет екенін жұртшылық түсінгенде ғана болады. Бұдан бөлек тағы бір проблема, адамдар өз көзқарасы мен эмоциялық қажеттігіне жағатын дүниелерді көріп, оқығысы келетіндіктен, әдетте сондай ақпараттың шеңберінен шықпағанды жөн көреді, — дейді Бажкенова.
2017 жылы күзде «қылмыстық жолмен табылған қаржыны заңдастыруға қатысты» деген айыппен үш жылға бас бостандығы шектеліп, сонша мерзімге журналистік қызметпен айналысу құқығынан айрылған Жанболат Мамай қуғынға тап болған журналиске қолдау білдірудің өзі батылдықты қажет етеді дейді.
— Қудалау мен қысымның дәмін татқан санаулы ғана тәуелсіз журналист бар, солар бір-бірін қолдайды, қорғайды. Ал жалпы журналистік қауымдастықты алсақ, әрине, ондай қолдау жоқ. Мен тергеуде отырып, істі болғанда жекелеген шетелдік ұйымдар, Қазақстандағы кей ұйымдар мен санаулы тәуелсіз басылымдардың қолдауын сездім. Ал мемлекеттік БАҚ-та істейтін әріптестер бір ауыз үн қатқан жоқ. Мен олардан күткен де жоқпын. Өйткені ондай азаматтық батылдыққа баратын журналистер, өкінішке қарай, өте аз, — дейді жабылып қалған «Трибуна. Саяси қалам» тәуелсіз газетінің бас редакторы міндетін атқарған Жанболат Мамай.
Өзіне қарсы қылмыстық істің «саяси астары бар» деп санайтын Жанболат Мамайдың қазақстандық журналистерге ауызбірлік жетіспейді деген пікірімен «Factcheck.kz» сайтының редакторы Думан Смақов та келіседі.
— Мен әзірге барлық БАҚ пен журналистердің бірігіп, ортақ проблеманы жұмыла көтергенін көрмедім. Ынтымақтастық жекелеген серіктестер мен таныстар арасында ғана бар. Ол үшін бірлескен жобалар жасап, түрлі БАҚ журналистері бірге оқып-үйренуі, ал мемлекет оларға араласпай, журналистерге не істеу керектігін міндеттемеуі керек, — дейді Смақов.
«Ферғана» агенттігінің журналисі Бағдат Асылбек 2016 жылы Ақтөбедегі «Диапазон» газетінде жұмыс істеген кезінде басынан өткен оқиғаны мысалға келтірді.
— Жер митингісінен хабар таратып жүрген мені полиция ұстады. Сол сәтте жанымда жүрген өзге БАҚ журналистерінен мені заңсыз ұстап жатқанын түсіріп алуын өтіндім, бірақ ешкім әрекет қылмады. Мені тек редакциям ғана қолдады. Ауызбірлік тек бір ғана редакцияның өз ішінде немесе шынайы тәуелсіз және шетелдік БАҚ-та ғана бар, — дейді ол.
Бағдат Асылбек Қазақстанда басына іс түскен я қуғынға ұшыраған журналисті қорғауға белсеніп кірісетін әріптес табыла бермейді деп санайды.
— Ары кетсе әлеуметтік желіде пост жазуы мүмкін, оның өзінде бірен-сараны ғана. Тіпті өз журналистері қысым көріп жатқанда көмектеспейтін БАҚ та бар. Ынтымақтастық жоқтығының себебі біздің саяси жүйеге байланысты. БАҚ-тың басым көпшілігі мемлекетке бағынышты. Саяси жүйе өзгеріп, бұқаралық ақпарат құралдары еркін болса ғана журналистік ауызбірлік пайда болады. Әрине, бұл журналистердің белсенділігіне, олардың негізгі миссиясына қаншалықты берік және «демократияның қабаған төбеті» болуға қаншалық дайын екендігіне де байланысты, — дейді ол.
«ЖАРЫМ-ЖАРТЫ» АУЫЗБІРЛІК
Атыраулық «Ақ Жайық» басылымының бас редакторы Азамат Майтанов қазақстандық журналистердің ауызбірлігін «жарым-жарты» деңгейде деп бағалайды.
— Айталық, журналистің жеке басына қатысты жайт болса онда өзге БАҚ ол туралы жазып, көрсетеді. Ал егер журналисті кәсіби қызметіне байланысты немесе саяси себеппен қудаласа БАҚ бұл мәселені айтатындар және оны мүлдем қозғамайтындар болып екіге бөлінеді. Мысалы, Журналистер одағының жетекшісі Сейтқазы Матаев пен оның ұлын қудалаған кезде БАҚ-тың басым көпшілігі ол жайында үнсіз қалды. Жанболат Мамайға кім араша түсті? Ratel.kz сайты жабылып жатқаны туралы кімдер жазды? Биыл мамырдағы сайттардың бұғатталуы жайлы қанша БАҚ хабарлады? Яғни ынтымақтастық білдіруге келгенде қазақстандық журналистер өз ішінде ала-құла, — дейді Майтанов.
Ол мұның себебін «БАҚ-тың көбі билік мен билікке жақын қаржы топтарының бақылауында болғандықтан» деп түсіндіреді.
— Мемлекеттік БАҚ журналистері жұмыссыз қалудан немесе басына бәле тілеп алудан қорқады. Көпшілігі журналистік кәсіби принципті жұмысы мен табысынан айырылып қалам ба деген қорқынышқа жығып береді. Ынтымақтастық болуы үшін БАҚ саласындағы проблемаларды шешу керек. Ол үшін «БАҚ туралы» заң өзгеріп, журналистің құқықтары сақталуы тиіс, — дейді Азамат Майтанов.
Қазақстандағы санаулы тәуелсіз басылымдардың бірі «DАТ» газеттер жобасында 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп жүрген журналист Бақытгүл Мәкімбай осы уақыт ішінде талай рет істі болды. Олардың арасында «Қазақстан президентінің ар-намысына тию» бабы бойынша Мәкімбайдың үстінен қозғалып, екі жылдай уақыт өткенде жабылған қылмыстық іс те бар. 2002 жылы мамырдың 21-і күні түн мезгілінде редакцияға шабуыл жасағандар Бақытгүл Мәкімбай мен әріптесін ұрып-соғып кетті. Бас сүйегіне зақым келіп, миы шайқалған журналист біраз уақыт ауруханада емделген.
— Бізде орыстілді, қазақтілді, мемлекеттік және тәуелсіз басылымда істейтін журналист болып бөлініп жатады. Тәуелсіз журналистикада жүргендер аз. Бәлкім, журналистер өзара біріккісі келетін шығар, бірақ өз арасында бөлініс бары рас. Журналистің басына іс түссе, оны қорғап, қолдау білдіретіні да бірен-саран. Адамгершілігі, адами ұстанымы бар жандар араласады. Жалпы журналисті бөліп-жармай, кәсіби міндетіне адалдығы мен принципіне беріктігіне, жемқорлық, әділетсіздікті әшкерелеп, қоғам мүддесін қорғап атқарған еңбегіне қарап бағалау керек, — дейді Бақытгүл Мәкімбай.
Қазақстандық баспасөз тарихын зерттеуші Андрей Свиридов қазақстандық журналистік қауымдастық арасында ынтымақтастық жоқ дегенмен келіссе де, БАҚ өкілдерінің ауызбірлік танытқан оқиғалар болғанын еске салады. Оған мысал ретінде Свиридов 2006 жылы маусымның 24-і күні Алматыда өткен БАҚ туралы заңға даулы өзгерістер енгізуге қарсы митингіні, 2009 жылы маусымда Алматыдағы Ұлттық баспасөз клубы алдында болған қамаудағы және тергеудегі журналистерді қолдау акциясын, 2010 жылы Алматының орталығында түрмеде отырған журналистерді қолдау шарасын келтіреді.
«Шекарасыз тілшілер» халықаралық журналистер құқығын қорғау ұйымының биылғы Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі рейтингісінде Қазақстан 180 елдің арасында 158 орын алып, бір жыл ішінде бір саты төмендеген.
Қазақстанда негізгі оппозициялық газеттер жабылғанын айтқан ұйым «тіпті сәл ғана сынай жазатын басылымдардың өзі биліктің қырына ілінеді» деп жазған. «Шекарасыз тілшілер»ұйымының ақпаратынша, Қазақстанда «полиция журналистерді жиі ұстайды, интернетке қатаң бақылау қойылған», ал блогерлерді «абақтыға не психиатрлық мекемелерге қамайды».
Қазақстан билігі «елде тәуелсіз БАҚ пен журналистерге қысым бар, сөз бостандығы шектеледі» деген мәлімдемелерді бірнеше рет жоққа шығарған.