Журналистерге шабуылдаған әйелдер ұсталған жоқ

0

Бүгін, 30 шілдеде Қазақстанның ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев өткен аптада Алматыдағы адам құқығы жөніндегі бюрода өтпек болған баспасөз жиынының өтуі кедергі келтіріп, журналистер мен ұйымдастыруға шабуылдаған әйелдер «ұсталмағанын» айтты.

Шабуылға қатысы бар қанша адам ұсталып, олардың үстінен іс қозғалған-қозғалмағаны туралы сұраған Азаттық тілшісінің сауалына министр Тұрғымбаев «Әлгі әйелдер ұсталған жоқ. Олар [полицияға] шағым түсірген. Алматы ішкі істер департаменті арызды қарап жатыр» деп жауап берді.

Министр шабуылға қатысты бұдан өзге ақпарат айтқан жоқ.

22 шілде күні жиырма шақты әйел Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында жоспарланған баспасөз жиынына келіп, оның өтуіне кедергі жасады. Баспасөз жиынына келген журналистерге, оның ішінде Азаттық тілшілеріне шабуыл жасады. Ғимараттың төртінші қабатына көтеріліп бара жатқан журналистерге бірнеше әйел тарпа бас салып, камераларын сындырды.

Сол күні бюрода елде тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысы бар деген күдікпен тұтқындалған көп балалы ана Оксана Шевчук пен жалғызбасты аналар Гүлзипа Жәукерова мен Жазира Демеуованың үстінен қозғалған істер туралы баспасөз жиыны өтуі тиіс еді.

Қарай отырыңыз: Хроника. Тілшілерге шабуыл қалай жасалды?

Келесі күні Азаттықтың Алматыдағы кеңесесіне шабуыл жасаған бірнеше әйел келіп, кешірім сұрап, артынша Азаттықты айыптай сөйледі.

Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар тілшілерге шабуылды айыптап, билікті оқиғаны мұқият тергеуге шақырған. Кейбір сарапшылар «оқиға алдын ала жоспарланған» деп тұжырған. Бірақ ІІМ мұны жоққа шығарып, шабуылды министр Тұрғымбаев «екі тараптың жанжалы» деп атаған.

Azattyq