жүріп кеткен пойызды тоқтатқан астаналық айыппұл төледі

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Жолаушыларды тасымалдау туралы ережеде «стоп-кранды тек қажеттілік болғанда кезде ғана тартуға болады» деп жазылған. Бірақ нақты қандай қажеттілік екені көрсетілмеген

НҰР-СҰЛТАН, 28 шілде – Sputnik Арман Асқар. Бүгінде пойызда стоп-кранды негізсіз тартқаны үшін айыппұл қарастырылған. Жолсеріктер бұл құрылғыны қай кезде қолдануға болатынын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Әйелім станцияда қалып қойды»

Инфрақұрылымдық даму және индустрия минстрінің №545 бұйрығымен бекітілген жолаушыларды тасымалдау ережесіне сәйкес, «қажеттілік болмаса, стоп-кранның көмегімен пойызды тоқтатуға тыйым салынған». Ал астаналық Сәрсенбай Қалқамановтың жағдайында стоп-кранды тартуға қажеттілік болды. Соған қарамастан, оған айыппұл салған.

«Келіншегім екеуіміз Алматыдан келе жатқанбыз. Қарағандыға кіргенде біршама уақыт аялдадық. Сол екі арада келіншегім қысылып, вокзалдың дәретханасына барған. Пойыз тоқтаған кезде ішіндегінің бәрін жауып тастайды ғой. Сөйтіп, ол вокзалдан шыққанда пойыз қозғалып кетті. Терезеден қарасам, жүгіріп келе жатыр. Мен тамбурға жүгіріп бардым да, стоп-кранды бастым «, — деді Қалқаманов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, стоп-кранды басқаннан кейін пойыз тоқтады. Ал жолсеріктер оның келіншегін мінгізіп алды. Бірақ артынан пойыздың жолсеріктері, бастықтары бар, бірнеше адам жиналып, оның атына айыппұлдың хаттамасын толтырды. Соны төлеуге тура келген.

«Бәледен аулақ деп, айыппұлды төлей салдым. Артынан ережені оқысам, «қажеттілік болған жағдайда ғана пойызды тоқтатуға болады» деп жазылған. Сонда менікі қажеттілік емес пе? Әйелім станцияда қалып қойды. Құжаттары да, ақшасы да жоқ. Қажеттіліктің көкесі осы емес пе?», — дейді Қалқаманов.

Стоп-кранды бірнеше жағдайда тартуға болады

23 жыл еңбек өтілі бар жолсерік Марат Серікбаевтың айтуынша, жолаушыларға пойыздағы стоп-кранды бірнеше жағдайда ғана тартуға болады.

«Стоп-кранды үш жағдайда тартуға болады. Біріншіден, өрт шықса, екіншіден, адам өміріне қауіп төніп тұрса, үшіншіден, қозғалыс қауіпсіздігі бұзылған жайдайда. Мысалы, пойыз қозғалып кеткенде біреу секіріп, сырттан есіктің тұтқасынан ұстап алып, вагонның басқышына тұрып жүрсе, стоп-кранды басуға тура келеді. Сосын қозғалыс қауіпсіздігі бар. Теміржол өткелінде көлік тұрып қалса, жол-көлік апаты болмай ма? Сондықтан пойызды тоқтату қажет», — деп атап көрсетті Серікбаев.

Тағы оқыңыз: Маңғыстау – Ақтөбе пойызының вагоны «жоғалып кетті»

Оның сөзіне қарағанда, аталған жағдайлар ережеде көрсетілмесе де, жолсеріктердің нұсқаулығында жазылған. Бұны инструктор Нұрмахан Жақыпбеков та растап отыр.

«Сосын техникалық ақаулықтар болса, стоп-кранды тартуға болады. Мысалы, арнайы құрылғылар қызып кетеді және тағысын тағы. Басқа жағдайда болмайды. Стоп-кранды негізсіз басқаны үшін айыппұл салынады. Оны құқық қорғаушылар жасайды. Бұрын пойыздың 1 минут тұрып қалғаны үшін 30 000 мың теңгенің айыппұлын салатын. Қазір қанша екенін білмеймін», — деді Жақыпбеков.

Ал астаналық Сәрсенбай Қалқаманов стоп-кранға қатысты нұқсаулықты вагонда іліп қоюды ұсынып отыр. Сонда жолаушылар «қажеттіліктің» не екенін білетін болады.

Стоп-кранды тартқаны үшін айыппұлдың көлемі қанша?

«Жолаушылар тасымалы» компаниясының мәліметіне сәйкес, биыл бес айдың ішінде пойыздарда стоп-кранды 46 рет тартқан. Соның ішінде 13 адам құрылғыны абайсызда тартып қалса, бесеуі жанындағы адамның кешігіп келуіне байланысты стоп-кранның көмегіне жүгініпті. Бұдан бөлек, жолаушының денсаулығы күрт нашарлап кетсе және адам өміріне қауіп төнген кезде пойызды тоқтатуға тура келді.

«Жолаушылар пойыздан түсіп үлгермегеннен кейін стоп-кранды басып жатады. Жолаушылар мен оларды шығарып салған адамдардың мас күйінде жасаған әрекеті де пйызды тоқтатуға себеп болды», — дейді компанияның мамандары.

Қазақстанның әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша жүк пойызына заңсыз мінгені үшін, пойыз жүріп келе жатқанда мінгені және түскені үшін, вагонның баспалдағы мен төбесінде жүргені үшін және стоп-кранды негізсіз тартқаны үшін 5 АЕК (12 625 теңге — Sputnik Қазақстан) көлемінде айыппұл қарастырылған. Бұдан бөлек, қозғалыс кезінде вагон есігін ашқаны үшін және терезеден қоқыс тастағаны үшін 3 АЕК (7 575 теңге — Sputnik Қазақстан) көлемінде айыппұл салынады.



sputniknews.kz


Тегтер:пойыз