Жүрегімнің қалауы – өнер | «Айқын» газеті
Сахна биігінен төменге қарағанда оған не көрінуі мүмкін. Әрине, өмір. «Бірінші, балалық шағым еске түседі. Сол балалық шақпен ілгері жылжисың. Қай қиындықта да, келеңсіз тұстарда да, еске оралатыны – алаңсыз бала кездерің екен.
Сонау Сырдарияның жағасында жалаңаяқ жүгіріп жүргенім ойға оралады. Әке-шешемнің санама құйған сәулесі, көңіл түкпірінде қалған әдемі әсерлер өмір бойы алға жетелеп келеді. Бұл да менің бақытты сәттерім шығар», – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Әбдінәбиева.
Ол театрдағы ғұмырын 1-курстан бастаған. Ғабит Мүсірепов атындағы Жасөспірімдер мен балалар театрында көпшілік сахнасында ойнап, Шәкен Аймановтың көзіне түскені бар. «Шәкен Айманов «Жас Абай» спектаклін қойды. Сонда бізді, яғни студенттерді көпшілік сахнасына шығарады. Бала болсақ та, сол сахнаның өзінен үлкен сабақ алдық. Өйткені Аймановтың мектебінен өттік. Шәкен аға көпшілік сахнасы деп бөле-жармай қарап, киімінің түріне дейін белгілеп қоятын еді. «Ана қыз бала қызыл қамзол, қызыл көйлек, қызыл тақия, қызыл етік кисін» деп мені көрсеткені бар», – дейді сахна саңлағы. Кейіпкеріміздің жүрек көзіне үңіліп, келмес күндердің елесі жайлы сыр шерттік.
Жастар театры мені биікке жетеледі
Оқуды бітірген соң, бірден Жастар театрына жұмысқа қабылдандым. Ол кезде жасым – 19-да. 25 жыл осы сахнаға қызмет еттім. Мәкіл Құланбаев, Байділда Қалтаев, Әмина Өмірзақова, Сәлима Саттарова, Мәриям Жақсымбетова, Күләй Мұраталиева, Аққағаз Мәмбетова, Жамал Бектасова, Қасым Жәкібаев сияқты кіл мықтылар қызмет еткен киелі сахна ғой бұл. Менің Ғазиза болып қалыптасуыма сол кісілердің сіңірген еңбегі зор. Досхан Жолжақсынов, Нұрқанат Жақыпбаев, Лидия Кәденова, Роза Әшірбекова, Гүлжамал Қазақбаева – бұлар сахналық серіктестерім. Солар арқылы жарқырадым, солар арқылы өстім. Актерлік шеберлігім қалыптасты. Нұрлан Оразалиннің «Шырақ жанған түнінде» спектакль үшін Жастар комсомол сыйлығын ұсынды.
Одан кейінгі жас буынмен де сахнада әріптес болдым. Білгенімізбен бөлістік, білмегенімізді үйрендік. Небір жақсылар мен жайсаңдар салтанат құрған сахнада кіл мықты режиссерлер қызмет атқарды. Виктор Пұсырманов, Есмұхан Обаев, Оразхан Кенебаев қойған спектакльдерде ойнадық. Райымбек Сейтметов қойған спектакльдер қандай еді! Дүрілдеп тұрды. Сол кісінің қолтаңбасы болған ғажап туындылар актерлердің бағын ашты. Ол қойған «Алуа» спектаклі ғажап болды. Басты рөлде – Гүлжамал Қазақбаева. Осы спектакль Мемлекеттік сыйлық алды. Райымбек Сейтметовтің еңбегі көп айтыла бермейді. Ол кісі қазақ сахнасына поэзияны алып келді. Поэзияны оқуды үйретті бізге. Жастар театрында Мәриям Жақсымбетова дейтін ғажап актриса болды. Сахнаға шыққанда қызыл-жасыл болып, өзгеріп сала беретін. Бәлкім, менің көзіме солай көріне ме? Әйтеуір, өзі де, сахна да құлпырып кететін еді. Мәриям апа – Мұхтар Бақтыгереевтің жолдасы. Ол кісі «Арманым Әсел» спектаклінде Әселдің рөлін ойнады. Шыңғыс Айтматовтың «Шынарым менің, шырайлым менің» повесі желісімен қойылған еді.
Сол себепті де, жастар театрының мен үшін орны бөлек. Әрдайым жүрегімнің төрінде қалады.
Актердің бағын ашатын – режиссер
Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрға жетелеп әкелген не нәрсе десеңіз, жастар театрының репертуары бір басқа да, әкем театрдың репертуары бөлек. Жасың белгілі бір мөлшерге келгенде, яғни 45-тен асқанда, жас қыздың рөлін ойнай алмайсың ғой. Үлкен рөлдерге барғым келді. Ол үшін әкемтеатрдың сахнасына шығу керек болды. 1993 жылдың күзінде Жастар театрынан кеттім. Қазір академиялық театр сахнасында жүргеніме 25 жыл толыпты. Талай-талай мықты рөлдерім болды. «Айман-Шолпанда» – Теңгені, «Пара» спектаклінде – Анна Андреевнаның рөлі бұйырды. Бұл спектакльдерді қойған – Есмұхан Обаев. «Ай тұтылған түнді» Оразхан Кенебаев қойды. Сонда Таңқабикенің рөлін ойнадым. Әубәкір Рахимовтың, Болат Атабаевтың да спектакльдерінде мықты-мықты рөлдерім болды. Өкінішке қарай, Әзірбайжан Мәмбетовтің спектаклінде ойнай алмадым. Ол кісі мен келгенде, Астанаға ауысып жатыр екен.
Қандай бір биікке көтерілсем, қандай бір жетістікке жетсем, ол – әріптестерімнің арқасы. Маңайымда жүрген аға-әпке, дос-бауыр, қатарластарымның мейірбан көңілі. Кейінгі буын жастардың өзінен үйренеріміз көп болды. Бекжан Тұрыс, Дулыға Ақмолда, Асылбек Боранбаев, Ерлан Біләл, Гүлшат Тұтова, Шынар Асқарова, Шынар Жанысбекова, Дәрия Жүсіп – бірінен-бірі өткен, біріне-бірі ұқсамайтын талантты актерлер. Актердің бағын ашатын – режиссер. Сахнадағы партнерлеріңнің де актерді жарқыратуға септігі көп тиеді. Рөлдің үлкен-кішісі болмайды. Шағын эпизодтық рөлдің өзі актердің маңдайын жарқыратып жатады. Сол себепті болар, рөл таңдаған емеспін. Режиссер қандай рөлге бекітті, соның кілтін таба алсам, маңыздысы – осы. Өзімді режиссердің актрисасымын деп санаймын. Ол бағыт-бағдар бермесе, бір жағына қисайып кетуім мүмкін.
«Жарқырағысы» келіп тұратын актер көп
Театрда іргетасы дұрыс қаланған актер кино өнерінде де жарқырай алады. Қазір жастардың көбі эфирге шығуды көбірек армандайды. Сол арқылы тезірек «жұлдыз» болуға асығады. Мықты актер әуелі театрды бағындыруға тырысады. Сахнада жақсы көріне алса, кейіпкерін сәтті сомдай алса, одан жақсы кино актері шығуы мүмкін. Ал бірден экранға ұмтылса, онда бір сәттік ғана «бейнеге» айналады. Бір кездері телевидение пайда болғанда, «театр өледі» деген де пікірлер болған. Мүлдем, олай емес. Сахнаның сәні басқа. Театрда жарқыраған бала экранда да жақсы бейне жасайды. Қазір жастардың арасында таланттар өте көп. Өзімнен кейінгі өкшемді басып келе жатқан буынның өзі орта жасқа келді. Олардың өзі бір қауым ел. Сахнаны кеше аттаған жастардың да арасында жарқырап тұрғандары жетерлік. Тек олардың бағасын білетін жақсы режиссер қажет. Өз режиссері табылмай, актер театрда да, кинода да ашылмай қалуы мүмкін. Біреудің қалқанын көтеріп жүргенде өмір өтіп кетуі де мүмкін. Режиссері табылмай, өмірден өтіп кеткенде актерлер да бар. Болат Атабаев, Жанат Хаджиев, Есмұхан Обаев болмаса, бағым ашылмас еді. Сол кісілерге дән ризамын.
Сәбира апамның ақ батасы
Менің ұстазым – Есмұхан Обаев. Өнердегі өсу жолымда Обаевтың тигізген еңбегі көп. Жасым жетпіске келсе де, ол кісінің алдында әлі баладаймын. Біз, шәкірттері Есағаны айрықша қадірлеп, мақтан тұтамыз. Оның шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде облыстық театр сахналарында өнер көрсетіп жүр. Есағаң «жаным – арымның садағасы» дейтін туды ұстап жүретін адам. Біз ұстаздан өнерге адалдықты, шәкіртке қамқорлықты сезініп өстік.
25 жыл – Жастар театрында, 25 жыл – М.Әуезов атындағы академиялық театр сахнасында еңбек етіп келемін. Аллаға шүкір, талай белестерді бағындырдым деп көпсінбей-ақ қояйын. Жастар театрында қанатым қатайды, оң-солымды танып келемін. Академиялық театрда жүріп, әже болдым. Өмірдің ең үлкен түйіні – осы. Өнерді ессіз сүю керек деп жатамыз, бірақ оның бәрі жүрек қалауы. Одан бөлек, өз өмірің бар емес пе? Әйелдің ең үлкен миссиясы – ана болу, әже болу. Кезінде тұрмысқа шыққанымда Сәбира апам Майқанова ақ батасын берген еді. Сәбира апам мен Сәлима Саттарова құдағи болып, тойымды өткізді. Сол кісілердің ақ батасымен ана болдым, әже атандым. «Менің пірім – Сүйінбай» демекші, сүйенерім де, табынарым да Сәбира апам болды. Театрға келгенде сол кісінің киімін, аяқкиімін киіп, сахнаға шықтым.
Поэзия оқығанды ұнатамын. Фариза Оңғарсынованың өлеңдерінің тұлға болып қалыптасуыма әсері көп болды. Қалихан Ысқақтың жазбасы да жеке архивімде сақтаулы.
Өзім өнер адамы болсам да, балаларымның актер болғанын қалаған жоқпын. Өне-бойымды кернеген күш мені жетелеп, театрға алып келді. Егер олардың бойында осындай қасиет болса, қарсылығыма қарамас еді. Демек, ондай ішкі бұлқыныс болмағандықтан, өнерді қаламаған да шығар. Сонау дарияның арғы бетінен актриса боламыз деп, арман арқалап, Алматыға келген жоқпыз ба? Бойдағы бұла күш бізді осыған итермеледі.
Өнер адамына керегі – тазалық
Жүрегімнің қалауы – өнер. 70-ке келсем де, сахнаны сүйіп тұрамын. «Өнерде бақталастық бар ма?» деп сұрап жатады. Бақталастық – өз-өзіне сенбеген адамда болады. Әйтпесе, өнерін сүйген, өзін сүйген адам өзгені бақталас санамайды.
Әлі есімде. Жастар театрының сахнасында Виктор Пұсырманов Сәкен Жүнісовтің «Жапандағы жалғыз үйін» қойды. Бірінші құрамда бір орыс қыздың рөлін ойнаймын. Екінші құрамда Лидия ойнайды. Лидия орысша ән айтады, сөйлейді, ағып тұр. Ондай қолымнан келмейді. Содан Пұсырманов мені екінші құрамға түсіріп, Лидияны алға шығарды. «Жұлдыз» болып қалған кезім. Іштей «өкпелеп» қалдым. Бір күні көшеде Сәлима апайды кездестіріп қалдым. Ол кісіге екінші құрамға түсіп қалғанымды айтып, мұң шағып жатырмын. Апай: «Ғазиза, мұндайды сенен күтпеп едім. Неге ана кішкентай қыз сияқты ән айтып, би билемейсің? Бұдан былай мұндай сөзіңді естімейін» деді. Бетімнен отым шығып, ұялғаным-ай… Жер жарылып кетсе, ортасына түсіп кетер едім сол сәтте. «Әр актриса өзгені қайталамайтын жол іздегені дұрыс» деді. Сәлима Саттарованың сол сөзі жанымда, өне бойымда, жүрегімде мектеп болып, жатталып қалды.
Өнер адамына ең басты керегі – тазалық. Өнеріне, өміріне адал адам барлық жағынан биік болады. Адамға ең қажеті – шыншыл болу. Балаларыма да үнемі осыны айтып отырамын. Бүгінгі өнерге де керегі – адалдық, тазалық.
Театр арқылы Алла маған жаны таза, жүрегі нәзік, айрықша жандардың ортасында болуды нәсіп етті. Екінші, бағасы биік көрерменге қызмет етуді бұйырды. Мұның бәрінің Ғазиза Әбдінәбиева дейтін есімнің танылуына, қалыптасуына әсері мол болды. Сондықтан өміріме дән ризамын.
Гүлзина БЕКТАС