«Жүрегім ауырады»: Қазақ әншілері қартаюға қатысты ойын айтты

0

НҰР-СҰЛТАН, 25 қыркүйек – Sputnik, Дәурен Ерболат. Көп адам қартаю жайлы ойлағанды ұнатпайды. Себебі қарттықты денсаулықтың сыр беруі, күш-қуаттың сарқылуы, есте сақтау қабілетінің нашарлауы, әжімнің пайда болуымен байланыстырады. Ал әдемі қартаю дегеніміз не? Ол үшін адам не істеуі керек, барлық адам әдемі қартая ала ма? Sputnik Қазақстан тілшісі осы мәселеге қатысты түрлі мамандық иелерінің пікірін сұрап білді.

Әдемі қартаю үшін не істеу керек?

65 жастағы әнші Бағдат Сәмединова өмірдің мәні қозғалыста деген пікірде. Ол «әдемі қартаюды» әр адам әр қалай түсінетінін айтады.

«Бұл мәселеге қатысты әртүрлі пікір бар. Себебі, ол адамның ой-өрісіне, сана-сезіміне байланысты шығар. Менің ойымша, жақсы өмір сүріп, әдемі қартайғың келсе, алдыңа мақсат қойып, әрекет етуің қажет. Сонда ғана жетістікке жетесің, еңбегіңнің қызығын көресің», — дейді ол.

Сонымен қатар әнші өзінің бет-күтіміне мән беріп, уақыты болғанда спортпен шұғылданып тұратынын жеткізді. 

«Уақыт болғанда жүзуге барып тұрамын. Осындай спортпен шұғылданамын деп өтірік айта алаймын. Алайда көп жаяу жүремін. Нұр-Сұлтандағы қазақ ұлттық өнер университетінде кафедра меңгерушісі болып еңбек етіп жүрмін. Жұмыстан ерте келсем, үйді тазалаймын. Оны көріп маған қыздарым ұрсады. Оларға мұның денсаулыққа пайдалы жаттығу екенін айтамын. Жаным тазалыққа жақын. Ата-анам бізді солай тәрбиеледі», — дейді эстрада әншісі.

Бағдат Сәмединова соңғы кездері жүрегі ауырып жүргенін айтады, дәрігерге қаралуға уақыт табыла бермейді дейді ол.

«Кейбір кездері жүрегім ауырып қалады. Дәрігерге қаралу қажет деймін де қоямын. Оған уақыт табыла бермейді. Енді бұл қанға сіңген әдет. Сондай-ақ Алматыға барған кезде, дауысымды қалыпта ұстау үшін вокалға және міндетті түрде косметологқа барамын», — дейді әнші.

Әншілерге қартайған ұнамайды

Ал 64 жастағы әнші Майра Ілиясова әншілерге «қартаю» деген сөз ұнамайтынын атап өтіп, бұл мәселеге қатысты пікір білдіруден бас тартты.


©
Photo : пресс-служба корпоративного фонда «Туристік Қамқор»

Әнші Майра Ілиясова қартайғанды ұнатпайды

Қартаю – табиғаттың заңдылығы

41 жастағы қазақ эстрадасының өкілі Маржан Арапбаева әдемі қартаюды отбасы түсінігімен байланыстырады. Оның айтуынша, қартаю – табиғаттың заңдылығы, биологиялық процесс.

«Табиғаттың заңына біз қарсы шыға алмаймыз. Ерте ме, кеш пе адам қартаяды. Менің ойымша, әдемі қартаю – отбасыңның жанында болу, әрі балаларыңның қызығын көру. Мысалы, мен қартайған сәтте өзімді белсенді әже ретінде елестетемін. Ұлымды ұяға, қызымды қияға қондырған соң, сүйікті шалыммен бірге қол ұстасып, әлемді аралағым келеді. Құдай қаласа, немерелеріме қарауға да қарсы емеспін», — дейді әнші.

Маржан Арапбаева әнші қартайған сайын оған деген сұраныстың азаятынын ашық айтты.

«Уақыт өткен сайын әртіске сұраныс азаяды. Оған психологиялық түрде дайын болу керек. Бұл – менің жеке пікірім. Сондықтан мұнда туған-туыстарыңның, жақын адамдарыңның саған деген қамқорлығы, жылы сөздері маңызды рөл ойнайды», — дейді ол ағынан жарылып.

Қазақ эстрадасының өкілі әрбір жастың өзіне тән ерекшілігі бар екенін жеткізді. Оның пікірінше, әйел адам 40 жастан асқан соң, бет күтіміне баса мән беруі қажет.


©
Photo : Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз қызметі

Маржан Арапбаева

«Дәрігерге уақытында қараламын. Косметологқа жиі барамын. Менің ойымша, 40 жастан кейін әйел адам бет күтіміне ерекше мән беруі керек. Блефаропластика (қабақ пластикасы) жасаттым. Оны ешкімнен жасырған емеспін. Алайда басқа пластикалық операцияларды жасатқан жоқпын. Бір айда касметологқа 3-4 рет баруым мүмкін», — деді Маржан Арапбаев.

Әнші спортпен шұғылданғанды жаны сүйетінін, осы айдан бастап фитнес пен жүзуге баратынын атап өтті.

Қартаю – трагедия емес

Ал 63 жастағы белгілі журналист, Қазақстан журналистер одағы сыйлығының иегері Шархан Қазығұлов бұл мәселеге көп ойланбайтынын айтады.

«Қартаюдың трагедиясы – сенің күн сайын қартайып бара жатқаныңда емес, қартаюдың трагедиясы – күн сайын іштей «мен әлі жас көрінемін» деп өз-өзіңді алдауыңда жатыр. Иә, қартаю – трагедия емес. Менің ойымша, қартая білмеу – трагедия. Әдемі қартая білу – үлкен өнер! Біздің қарттарымызға осы жетіспейтін сияқты», — дейді ол.

Осы орайда журналист өзінің денсаулығын күтіп, спортпен шұғылданатынын, барынша отбасының жанында болуға тырысатынын жеткізді.

«4 балам мен немерелерім бар. Сүйікті жұмысым, жанымда сүйікті әйелім бар. Отбасымның жанында жиі болғым келеді. Жұмысымды істеп жүрмін. Футбол ойнағанмын. Енді жиі велосипед теуіп, жаяу жүретін болдым», — дейді Шархан Қазығұлов.

Отбасылық психолог не дейді?

Отбасылық психолог, психотерапевт Сәлима Сатылғанқызы әдемі қартаю күрделі тақырып екенін атап өтіп, бұл адамның ішкі жан дүниесімен тығыз байланысты екенін жеткізді. Психология саласында 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп жүрген маман мамандық пен жар таңдау мәселесіне тоқталды.

«Бұл – адам өмірі үшін маңызды қадам. Жастар мамандық таңдаған кезде, үйленбес бұрын үлкен жауапкершілікті сезінуі керек. Олар бірін-бірі сүйіп, қосылғанның өзінде өмірде түрлі қиындықтар болады. Сондықтан қиындықты мүмкіндікке ауыстыру керек», — дейді Сәлима Сатылғанқызы.

Ол отбасында түсінбестік орнаған кезде жастар бір-бірімен ашық сөйлесуі қажет, нәтижесін бермеген жағдайда тәжірибелі психологтың көмегіне жүгіну керек деген пікірде.


©
Photo : Сәлима Сатылғанқызының жеке архивінен

Отбасылық психолог, психотерапевт Сәлима Сатылғанқызы

Отбасылық психолог адам алдына мақсат қойып, үнемі ізденісте жүру қажеттігін айтады. Бұл адамның тез қартаймауына септігін тигізеді.

Сәлима Сатылғанқызының пікірінше, әдемі қартаю – адамның білімге деген құштарлығы, сауалаттты өмір салтын ұстануы, әрі отбасындағы бірлікті сақтау түсінігімен тығыз байланысты. Оның айтуынша, ерлі-зайыптылар бір-біріне деген сүйіспеншілігін жоғалтпас үшін сенімділік пен жеке бастың бостандығы деген мәселеге назар аударғаны жөн. 

«Әйел мен ер адамның жеке хоббиі болуы керек. Мысалы, менің жасым 60-та. Аптасына вокалға барып, ән айтып тұрамын. Күйеуімнің де жеке хоббиі бар. Арасында немерелемізге де қарап тұрамыз. Сондықтан ерлі-зайыптылар бір-біріне сеніп, еркін әрекет етуге жағдай жасауы керек. Балаларға дұрыс тәрбие мен білім беріп, олармен еркін сөйлесе білуі қажет. Оларға да ойын еркін айтуға жағдай жасау керек. Сондай-ақ позитивті ойлау да маңызды», — дейді отбасылық психолог.

Маман өмірде қиындықтармен бетпе-бет келген кезде сары уайымға салынбай, оны жеңе білу керектігін айтады. Өмірде позитивті ойлау, сапалы өмір сүруге септігін тигізеді дейді психолог.

Әңгіме барысында психолог өмір Алланың адамға берген ең үлкен сыйы екенін, әрбір жастың өзіне тән сыйқырлы күші бар екенін жеткізді.

«Әдемі қартаю – өзіңе ұнайтын кәсіппен шұғылдану, сүйікті адамды кездестіру, онымен отбасын құру, балаларды бірге тәрбиелеу, оларды аяқтан тұрғызу… Балалар мен немерелердің қызығын бірге көру. Менің ойымша, бұл – әдемі қартаюдың негізі. Өмір – құдайдың адамға берген ең үлкен сыйы. Әрбір жастың өзіне тән сиқырлы күші бар. Сондықтан әрбір сәттен ләззат алып, уақытты тиімді пайдалану қажет», — дейді Сәлима Сатылғанқызы.

Ол өлімнен қорықпау қажеттігін, бұл өмірдің заңдылығы екенін атап өтті. Психолог қоғаммен тығыз байланыста болып, әлемді жиі саяхаттауға кеңес берді.



sputniknews.kz