«Жұқтырудан аса қатты сақтанатынымыз рас»: Коронавирустан шошынған жұрт Алматыдан кетіп бара жатыр — Қазақстан жаңалықтары

0

Қазақстанда коронавирусқа байланысты 15 сәуірге дейін төтенше жағдай жарияланып, Алматы мен Нұр-Сұлтан карантинге жабылды. Алматының шекаралары да жабылып, әзірге 22 наурызға дейін тұрғылықты мекен-жайлары бойынша қала ішіне тұрғындар кіргізіліп жатыр. Қытайда пайда болып, бүкіл әлемге жайылған дерттен қауіптенгенген жерлестеріміздің біразы ауылды жерлерге уақытша кетіп жатыр. Солардың бірі — журналист Әсел Керімбековамен Stan.kz тілшісі байланысқа шығып, қал-жағдайын білді. 

«Вирустан аса сақтанғанымыз рас. Қалада бәрібір байланысқа түспей тұра алмайсың, мүмкін емес, балаларға да қиын. Алматының ауасын да білеміз қандай екенін, сондықтан мұндай кезде меніңше алысқа, ауасы таза жерге кеткен дұрыс. Масканы екі сағат сайын ауыстыру керек, үйден шықпағанның өзінде екі сағат сайын ауыстыратын маска жоқ, бағасы шарықтап кеткен. Үнемі далаға шықпай отыру да қиын, одан да ауылды жерде, өз үйінің ауласында еркін жүргені жақсы. Қауіпсіздік шаралары үшін Алматыдан 1000 шақырым алыстағы ауылға кетуге бел будық. Екі баламыз үйде қамалып отыра алмайды, сыртқа шығып елмен ойнағысы келеді, олар карантиніңді ұқпайды. Бір өкініштісі, жолдың нашарлығын соншалықты, адасып жүрген халықтың қарасы көп. Соңғы рет 2012 ж машинамен келгенбіз, бұл жолы самолет поездан оқшауланайық деп ойлаған едік, жол өте нашар екен», — дейді жол жүріп кеткен Әсел. Айтуынша, жолдың сапасына халық үнемі шағымданып жүр, бірақ құлақ асып жатқан жан жоқ. 

Журналист біраз азық-түлік алып қойғандарын да айтты.

«Алып қойдық, ең қажетті заттарды. Бастысы ұн мен май, ет, сүт өнімдері, қалғанын қолдан пісірерміз», — дейді ол.

«Менің туған ағам екі ұлы әйелімен Таразға кетті. Себебі, біз де, олар да мүмкіндігінше оқшауландық осы күнге дейін. Масканы қаңтардан бастап кие бастадық, кісі көп жерде. Ылғалды салфеткамен көшеде артық зат, есік ұстаған сайын сүртініп, автобусқа мінбеуге тырысып жүрдік. Себебі, короновирусты анықтайтын орталық Қазақстанда жоқ та шығар, сондықтан ауырған адамдар әзірге белгісіз шығар деп күдіктендік басында. Ал енді күнделікті шығып жатқан соң, осылай қауіпсіздікті сақтауды ұйғардық», — дейді сұхбат беруші.

Шетелдіктер Қазақстан үшін қалай қауіпті болса, өзіміз де ауыл тұрғындары үшін сондай қауіпті болуымыз мүмкін деген ниетте Әсел отбасымен тексерістен өтпек болғанын айтады: «Сондықтан тексерілмек боп ақпарат іздедік, бірақ еш симптомы жоқ адам тексеріле алмайды екен. Сондықтан 3-4 күн ешқайда ешкіммен қарым-қатынасқа түспей, оқшауландық, сосын еш өзгеріс болмағасын, демек саумыз деп ауылға кеттік. Бірақ онда да алғашқы 2-3 күн жеке үйден шықпаймыз», — дейді келіншек.

Дұрыс жол жоқ, Алматы мен Алакөл арасындағы жолдың 1000 шақырымдай жерін қайта жөндеуден өткізіп жатыр. Оның сыртында жол белгілері дұрыс қойылмаған. Күндізгі 11-де шыққан біз, түнгі 12 болды, әлі келе жатырмыз. 40-пен келеміз, сұмдық қой бұл», — деп тасжолдың сапасыны налыды журналист. 

stan.kz