Жұмысымды адал істегенім көп адамға ұнамады – Елжан Біртанов

0

Денсаулық сақтау министрлігінің экс-басшысы Елжан Біртанов Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында тергеушілерден қысым көргенін айтты. Бұл туралы Kznews.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Журналистің “Сіздің аяғыңыздан кім шалды? Кімге ұнамай қалдыңыз?” деген сауалына Елжан Біртанов:

“Шынымды айтсам, білмеймін. Мен өзімнің жұмысымды адал, таза істеуге тырыстым. Әрине, көп адамға бұл ұнамады. Себебі медицина саласында да, басқа салаларда да жүйелі жемқорлық көп. Кейбір азаматтар жемқор емес, жалпы реформаға, саясатқа, өзгерістерге қарсы шығады. Біздің “бөлек ауруханаларды біріктірейік, көпсалалы аурухана жасайық” деген шешімімізге көп адам қарсы шықты. Себебі көп адам жұмыстан кетті. Мысалы, 5-6 бас дәрігерден бір дәрігер ғана қалды. Астана қаласын алсақ, мұнда 4 аурухана бар. Бір кездері олардың әр қайсысында бас дәрігері, әкімшілігі болды. Оның бәрі ақша ғой. Соның бәрін біз біріктірдік. Бұл шешім қаражатты үнемдеу үшін қабылданған жоқ. Ондағы біздің мақсатымыз – медициналық көмектің сапасын көтеру”, – дейді Елжан Біртанов.

Экс-министр өзінің сотты болғанына ешкімді кінәламайтынын және бұл кімнің ісі екенін іздеуге тырыспайтынын да айтты.

“Жемқорлықпен бірталай адам ұсталды. Сөйтіп мені жақтырмайтын азаматтар көбейді. Бірақ олардың атын атап, түсін түстей алмаймын. Мен ол туралы мүлдем ойламаймын. Болатын нәрсе болды, өтті, кетті. Менің оқиғама қатысты адамдар өздері туралы біледі. Бұл іс өздерінің жауапкершілігінде. Маған оларды іздеудің еш қажеті жоқ. Қазір менің бар ойлағаным – өзімнің болашағым”, – дейді ол.

Сондай-ақ Елжан Біртанов тергеу кезінде өзіне қоқан-лоқы көрсетіп, қысым жасағандардың болғанын жасырмай айтты.

“Әрине, заңсыз әрекеттер болды. “Айыпты мойында, сонда іс бітеді. Сот болғанда саған шартты мерзім береді. Сөйтіп бәрі аяқталады. Мойындамасаң іс әрі қарай жалғасады. Саған қатысты қосымша тағы іс қозғаймыз” деді. Бірақ мен ешнәрсені мойындамайтынымды айттым. Сөйтіп 2-3 күннен кейін тағы бір тергеуші келді. Тағы бір іс қозғалды. Маған қатысты бар, жоқ дүниенің бәрін тексерді. Маған қатысы жоқ әріптестерімнің үйін тінтті. Оларды қорқытты, кейін шетел асып кеткендер де болды. Бірақ оның бәрі нәтижесіз аяқталды”, – деп ағынан жарылды Біртанов.

Фото: Facebook / Гульмира Каракозова