Жұмыстағы күйзеліс несімен қауіпті

0

Психология бойынша адамның сегіз типі бар. Маман олардың әрқайсысының демалысы да әр түрлі болуы керек екенін айтады

НҰР-СҰЛТАН, 18 қыркүйек – Sputnik, Дәурен Ерболат. Психолог Серікгүл Сәлі жұмыстағы стрестің неден пайда болатынын, оны қалай жеңу қажет екенін, қазақстандықтардың жұмыстағы стреспен қалай күресіп жүргенін Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында айтты.

Қалыпты стресс

Психологтар жұмыста қызметкердің стресте болуы жиі кездесетін құбылыс деген пікірде. Себебі, басшының жаңа тапсырма беруі қызметкердің физикалық және интеллектуалды қабілетіне әсер етеді. Серікгүл Сәлі жаңа тапсырманың оң немесе теріс әсері болатын айтады. Мысалы, кейбір адамдар тапсырманы тезірек орындау үшін қабілетін шыңдап, еңбек өнімділігін арттырады. Ал кейбірі бұл өзгерісті қиын қабылдауы мүмкін.

«Қарапайым тілмен айтқанда, адамның психикасы, яғни миымыздың бір бөлігі өзгерісті қаламайды. Егер өзгеріс болса, оған ми қайтадан бейімделеді. Бұл адамға стресс әкелуі мүмкін. Алайда адамның өмірінде қосымша өзгерістер болып жатады. Мысалы, бастықтың ауысуы, жұмыс орнының басқа жерге көшуі де кейбір адам үшін стресс. Бірақ бұл өмірдегі қалыпты жағдай», — дейді Серікгүл Сәлі.

Созылмалы стресс

Маман кейбір адамдар мамандығын дұрыс таңдамағандықтан, созылмалы күйзеліске шалдығатынын жеткізді.

«Жұмыстағы стрестің бір бөлігі адам өзінің мамандығын дұрыс таңдамағандықтан туындайды. Бұл жағдай үнемі қайталанып отырады. Өйткені, адамның істеген жұмысына көңілі толмайды, әрі жұмысқа деген қызығушылық болмайды. Салдарынан созылмалы стресс пайда болады», — дейді ол.

Ұзақ уақыт күйзелісте жүру несімен қауіпті

Психолог адамның ұзақ уақыт күйзелісте жүруі денсаулығына кері әсерін тигізетінін атап өтті. Оның пікірінше, қызметкер стресті жеңе алмаса, маманның көмегіне жүгінуі керек.

«Созылмалы стресс адамның ағзасына қауіпті. Себебі, ұзақ уақыт күйзелісте жүру адамның денсаулығына кері әсерін тигізеді. Салдарынан адам ауруға шалдығады», — дейді Серікгүл Сәлі.


©
Photo : Серікгүл Сәлінің жеке архивінен алынды

Психолог адамдар жаны қалаған жұмысты емес, табысы мол істі таңдауға әуес екенін айтады

Ол осындай жағдайлар болмас үшін адам болашақ мамандығын ойланып таңдауы қажеттігін айтады. Себебі, адам сүйікті кәсібімен шұғылданса, қиындықтарға шыдайды, әрі қоғамның дамуына өз үлесін қосады. Алайда маманды қоғамда жеңіл жолмен ақша табу түсінігі басым екені қынжылтады.

«Адамдар көп ақша тапқысы келеді. Бұл барлық адамға тән, әлеуметтік психология. Алайда кейбір адамдар білім алмай, мамандық иесі болмай, жеңіл жолмен ақша тапқысы келеді. Бір салада жетістікке жету үшін, жағдайыңды жасау үшін білім алып, мамандық иесі атанып, білімің мен қабілетіңді шыңдау керек. Алайда кейбір адамдар қай жерде ақша бар, сол саланы таңдайды», — дейді ол.

Жұмыстағы күйзеліс елімізде зерттелмеген

Психолог өз тәжірибесінде қандай іспен шұғылдағысы келетінін білмей жүрген адамға көмектескенін айтады. Ол қазақстандықтардың жұмыстағы күйзелісі елімізде ғылыми түрде зерттелмегенін жеткізді. Серікгүл Сәлі тұрғындардың жұмыстағы күйзелісті қалай жеңіп жүргеніне тоқталды.

Тағы оқыңыз: Психолог адамдардың күз мезгілін неге ұнатпайтынын айтты

«Жұмыстан кейін дәмханаға, мейрамханаға, клубқа барып, ішімдік ішу – стресс шығарудың жеңіл жолы. Бұл жағымсыз әдет адамның ішкі жан дүниесін байыта алмайды. Ертеңінде мұндай «демалыстың» құндылығы сезілмейді», — дейді ол.

Қалай демалу керек

Маман адамның сегіз психологиялық типі болатынын атап өтті. Ол әр адам қалай демалатынын өзі біледі деп отыр.

«Психология бойынша адамның 8 типі бар. Әр адам әрқалай демалғанды ұнатады. Өзіңізге демалыстың қандай түрі жағатынын білу керек. Бұл – заман талабы, әрі адам өзін-өзі тануға мүмкіндік алады», — деді психолог.

Серікгүл Сәлі жұмыста күйзелісті болдырмау үшін еңбек демалысына уақытында шығуға, адамдармен жиі сөйлесіп тұруға, жаңа дүниелерді үйренуге, саяхаттауға кеңес берді.

«Уақытында демалу керек. Адамдармен қарым-қатынас орнатқан жөн. Бір нәрсе қайталана берсе, адам жалығып кетеді ғой. Сондықтан демалған уақытта саяхаттап, басқа саладағы адамдармен араласуы қажет», — дейді маман.



sputniknews.kz