Жұмыссыздық: Бүйрегін 9 млн теңгеге саудаламақ болды
Ақтөбеде бүйрегін 9 млн теңгеге сатпақ болған ер адам сотталды, деп хабарлайды Orda.kz
Ақтөбе қаласы №2 сотының мәліметінше, 2024 жылдың маусым айында тұрақты табыс көзі болмаған соң сотталушы telegram арнасына өзінің бір бүйрегін сататыны жайлы жазған. Ол бір бүйрегін 9 млн теңгеге бағалаған. Өткен жылдың қыркүйегінде хабарландыруға құқық қорғау органдарымен жұмыс істеген куәгер жауап берді. Олар бір бүйректі сатып алу-сату жөнінде келісімге келген. Керекті медициналық тексеруден кейін айыпталушы куәгерден 5 млн теңге алып жатқан жерінде ұсталды.
«Сот үкімімен айыпталушы У. қылмыстық кодекстің 116-бабының 1-бөлігі – 24-бабының 3-бөлігі, яғни «Адамның органдарын және тіндерін алуға мәжбүрлеу немесе заңсыз алу» бойынша кінәлі деп танылды. Оған 1 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қылмыстық кодекстің 63-бабының ережелерін қолдана отырып, жаза шартты деп есептеліп, пробациялық бақылау тағайындалды», – деп мәлімдеді Ақтөбе қаласының соты.