Жұмыс уақытында аңға шыққан шенеуніктің басы дауға қалды

0

Қостанайда инспекция басшысы жұмыс уақытында аңға шығып, карантин кезінде дәмханаға барған. Мемлекеттік қызмет істері бойынша кеңес мүшелері шенеунікті қызметінен босату жөнінде ұсыныс енгізді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілі шенеунікке қатысты қылмыстық іс тергеліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды «Астана» арнасы.

Аумақтық инспекция басшысы Оразбек Батырбеков жұмыс уақытында өзге облыс аумағына аңға шыққаны анықталып отыр. Оған қоса карантин кезінде тәртіпке бағынбай, дәмхағана барған. Қызметтік көлігін де қызметтен тыс пайдаланғаны анықталыпты.

«2020 жылы қазан айының 26 мен 29 аралығында Арқалық қаласына іс-сапармен барған. Жол шығындарын толық өтеп алған. Алайда қазанның жиырма сегізі, яғни сәрсенбі жұмыс күні ол Қостанай облысынан алыстап Ақмола аумағына аңға шыққан. Сол жерде бір тәуліктен астам болған», — деді Қостанай облысы бойынша СЖҚІҚ департаменті басшысының орынбасары Нұржан Шалов.

Атқамінер Арқалық жаққа аңға емес, іс-сапармен барғанын  айтып ақталды. Бірақ онлайн байланысқа шыққан жергілікті инспекция қызметкерлері оның сөзін жоққа шығарды. Ақыры шенеунік аңшы екенін мойындады. Ал басшылық қызметін қашықтан жүргізіп, барлық жұмысты телефон арқылы шешкенін айтты.

Кеңес мүшелері Еңбек кодексін елемеген, карантин талаптарын сақтамаған, мемлекеттік қызмет әдебін ескермеген басшыны қызметінен босатпақшы.

Айта кетейік Оразбек Батырбеков облыстық аумақтық инспекцияны 6 жыл бойы басқарып келеді.

«Қазіргі таңда бүкіл әлем пандемияға байланысты қашықтан жұмыс істеп жатыр ғой. Ал кім аңшылықтың жайын түсінетін болса айтайын. Иә,мен аңшымын. Құжаттарым түгел.Негізі аңға шығатын уақыт  таңғы жетіден –сегізге дейін ғана. Ары қарай уақытың босқа өтеді. Сондықтан мен қашықтан жұмыс істедім. Арқалықтағы жұмысымды толық атқардым.Оған фото,видео айғақтарым бар», — деді Қостанай облысы бойынша ветеринарлық бақылау және қадағалау инспекцияның басшысы Оразбек Батырбеков.