Жұмыс орындары қай салада көп болады – бас экономистің болжамы

0
60

Цифрландыру және ақпараттық технологиялар еңбек өнімділігін арттырады, бірақ жұмыс орындарының қысқаруына себеп болады

НҰР-СҰЛТАН, 29 қазан – Sputnik. Экономика министрі Руслан Дәленов отандық еңбек нарығының қалай өзгеретінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрдің айтуынша, бүгінде еңбек нарығында үлкен өзгерістер болып жатыр. Ал халықаралық сарапшылардың болжамына сәйкес, цифрландыру және ақпараттық технологиялар еңбек өнімділігін арттырады, бірақ жұмыс орындарының қысқаруына себеп болады. Есесіне өндірістерге қызмет көрсету саласында жаңа жұмыс орындары ашылады.

«Бүгінде біліктілігі жоғары жұмыс күшіне сұраныс өсуде. Ал біліктілігі төмен жұмыс орындары қысқаруда. Бұл әмбебап дағдыларды дамытуға алып келеді. Қазіргі уақытта жұмыспен қамтудың «фриланс», «краудворкинг» сияқты түрлері артқаны байқалады. Халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша 2020 жылдан бастап фрилансерлер әлемдегі барлық жұмыс күшінің елеулі бөлігін құрайды», – деді Дәленов үкіметтің бүгінгі отырысында.

Оның айтуынша, жаһандық трендтер Қазақстан нарығына да әсер етеді. Дегенмен, қазіргі инвестициялық жобалар сәтті іске асатын болса, елімізде біраз тұрақты жұмыс орны ашылуы тиіс.

«Бүгінгі таңда 41,6 триллион теңгеге инвестициялық жобалар пулы құрылды. Осы пулға сүйене отырып, 2025 жылға дейін жаңа дайындалған кадрларға сұраныстың көлемі 1,3 миллион адам деңгейінде болады деген болжам бар», – деп атап көрсетті Дәленов.

«Жалақы 50%-ке дейін өседі»: министр 2020 жылы болатын өзгеріс туралы айтты

Ең көп жұмыс орындары туризм, көлік, агроөнеркәсіп кешені, сауда және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында ашылады деп жоспарлануда.

«Бұл білікті кадрларды көптеп дайындауды талап етеді», – деп түйіндеді министр.



sputniknews.kz