«Жұмыс істетпей отыр»: Таразда жүзге жуық такси жүргізушісі наразылыққа шықты
Таразда такси жүргізушілері шу шығарды. Автобекет маңынан қалааралық бағытта қатынайтын жүзге жуық көліктің жүргізушісі, жергілікті билік өкілдерінің шектеулерінен шаршаған. Айтуларынша, бекет басшылығы тарапынан да кедергі келтірушілер көбейген, деп хабарлайды АстанаТВ арнасы.
Жиналғандар таң сәріден талаптарын тыңдатпақ болып, өз наразылықтарын ашық жеткізді. Айқайға басқандардың айтуынша, автобекет маңына таксилердің тоқтауына тыйым салыныпты. Тырп етсең айыппұл арқалатады деп ашынады. Әр қайссының басында 20-30 мың теңге көлеміндегі айыппұл хаттамалары жиналып қалған.
«ГАИ-де келеді. Көліктегі полиция да келеді. Мына отырған автовокзалдың бастығы біздің сыртымыздан арыз жазып, бізге жұмыс істетпей отыр. Бәрі келіп қуалап жатыр. Бұл жерге тұрмаңыздар дейді. Қай жаққа тұрамыз? Онда бізге автовокзалдан орын беріңіздер, осы жерде тұрып жұмыс істейік», — дейді олар.
Айтуларынша, қалааралық бағытта қатынайтын таксилерді билік өкілдері бес жылдан бері титықтатып келеді. Бүгінгі күнге дейін бірнеше жерге қуып, мезі еткенін айтады. Тұрақ таппадық деген такси жүргізушілерінің жалпы саны — 250. Енді олар атқарушы биліктен арнайы рұқсат қағазын талап етіп отыр. Бірақ ол құжатты беретініне сенбейді.
«Міне, бәрі сыбайлас бәрі. Тиындарын беріп қойған, болды. Міне, әр спринтерден 5 мыңнан алады. Шығарады», — такси жүргізушісі Нұрманбет Сапарбек.
Жиналғандарды сабырға шақыруға әкімдік өкілдері де жедел жетті. Бірақ олар мәселені шешуге асықпады. Көлік саласына жауаптылар да, жиналғандарға мардымды жауап айтпады.
«Оны біз құзырлы органдармен кеңестік. Осы кісілердің жазып берген ұсыныстары бар, соны талқылап, жауабын береміз», — деді Жамбыл облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Мақашев.
Автобекет қожайыны болса, бұл жүргізушілердің құжаттары дұрыс емес деп отыр. Көбісі көрші қырғыз бен армян елдерінен әкелінген көліктер болғандықтан, бекет әкімшілігінің талабына сай емес екенін алға тартты.
«4 жыл бұрын 20-30 көлік тек кешкісін ғана келіп жұмыс істейтін. Қазір сырттан келген көліктер бар, олар да жұмыс сұрап келеді. Егер барлық құжаттары заңды болса, кешкі 6-дан кейін жүрсін. Бәрі заң аясында болады», — деді «Тараз» автобекетінің директоры Марат Аймағанбетов.
Даудың бүгін-ертең бітпейтініні анық. Өйткені бес жыл бойы шешілмеген.