Жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарнасы: қазақстандықтар нені білуі тиіс
Қысқа сілтеме алу
БЖЗҚ-ға аударылған 5%-тік жарна жұмысшылардың жеке шартты зейнетақы шотында көрініп тұрады
НҰР-СҰЛТАН, 30 тамыз – Sputnik. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілер қарамағындағы қызметкерлері үшін өз қалтасынан 5% зейнетақы жарнасын төлейді. Яғни, жұмыс істейтін әр қазақстандықтың зейнетақы шотына ай сайын 15% жарна (10 проценті – жұмысшының жалақысынан аударылатын міндетті зейнетақы жарнасы) аударылады. Бұл жаңашылдық кімдерге қолданылатынын және қалай жүзеге асатынын Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.
2020 жылдың 1 қаңтарынан жұмыс берушінің қаражаты есебінен жұмысшының пайдасына 5% міндетті зейнетақы жарнасы енгізіледі. Бұл норма 2015 жылы 2 тамызда «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақымен қамту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңымен қабылданды.
Жаңашылдық кімдерге қолданылады
Жаңа ереже барлық жұмыс істейтін азаматқа, соның ішінде жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын тұлғаларға қатысты.
Тек:
- азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт негізінде жұмыс және қызмет көрсететін адамдарға;
- зейнеткерлік жастағы жеке тұлғаларға;
- әскери қызметшілер мен күш құрылымдары қызметкерлеріне;
- еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемін алатындарға;
- өмір бойы ай сайынғы төлеммен қамтылған отставкадағы судьяларға қолданылмайды.
Мұраға қалмайды
Жұмыс берушінің өз қалтасынан аударған зейнетақы жарнасы жұмысшының меншігі болып саналмайды. Тіпті қайтыс болғаннан кейін де мұраға қалмайды. Бұл ақша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активінде болады және зейнеткерлер арасында қайта бөлінеді.
Ресейде жұмыс беруші қызметкері үшін 22% жарна төлейді
Жұмыс берушіні қарамағындағы қызметкерінің шотына міндетті зейнетақы жарнасын аударуға міндеттеу қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға, сондай-ақ жұмысшылардың еңбек өтіліне сай лайықты зейнетақы алуына мүмкіндік береді.
Бүгінде зейнетақы мемлекет пен жұмысшының өз жарнасы есебінен қамтамасыз етіледі. Жұмыс берушілер зейнетақымен қамту жүйесіне тартылмаған: тек зиянды еңбек жағдайында істейтін жұмысшылары үшін ғана 5% аударады (міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы).
Тағы оқыңыз: Оралмандардың еңбек өтілі зейнетке шыққанда есептеле ме – Сапарбаев жауап берді
Сондықтан бұл жаңашылдықтың арқасында мемлекет, жұмысшы және жұмыс берушінің бірлескен жауапкершілігіне негізделген зейнетақы жүйесі құрылады.
Бұл практика әлем елдерінде баяғыдан бар. Мәселен, көршілес Ресейде жұмыс беруші қызметкерінің пайдасына 22 процент зейнетақы жарнасын аударады. Ал жеке кәсіпкерлер ай сайын белгіленген мөлшерде жарна төлейді, биыл ол 18 мың теңгеге тең.
Әкімшілік жауапкершілік қарастырылған
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңашылдық жұмысшылардың жалақысының төмендеуіне әкеп соқпайды деп сендіріп отыр. Себебі еңбек шарттары мен жалақы мөлшері еңбек келісімшартында көрсетіледі. Қазақстанның еңбек кодексіне сәйкес, келісімшартқа өзгерістер жұмысшы мен жұмыс берушінің өзара келісімімен ғана енгізіледі.
Тағы оқыңыз: Министр зейнетақы неге бірден толық көлемде берілмейтінін түсіндірді
Егер жұмысшының еңбек құқығы бұзылса, ол жұмыс орнындағы еңбек инспекциясына немесе Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетіне мына 74-34-91, 74-35-72 (еңбек қатынастары басқармасы) телефон нөмірі арқылы шағымдана алады.
Жұмысшының құқығын бұзған жұмыс берушілер үшін әкімшілік жаза қарастырылған.
Қазақстанда жұмыс беруші компаниялар саны қанша?
Елімізде жыл сайын орта есеппен 6,6 миллион адам 10% міндетті зейнетақы жарнасын аударады. Төлеушілердің орташа саны (жұмыс берушілер мен жеке қызметпен айналысатын азаматтар) – 670 мың.
Бүгінде зейнетақы қорына түсетін 10%-тік міндетті жарнаның орташа көлемі айына 70 миллиард теңгеге жуықтайды.
Тиісінше, жұмыс берушілерден ай сайын 35 миллиард теңгеге жуық қаржы аударылады деп болжануда.
Зейнетақы шоты автоматты түрде ашылады
БЖЗҚ-да жұмысшының шартты зейнетақы шоты автоматты режимде, яғни жұмыс беруші алғашқы зейнетақы жарнасын аударған кезде ашылады.
Базадағы шартты зейнетақы шотын жұмысшының өзі көре алады. БЖЗҚ-ға аударылған 5%-тік жарна жұмысшылардың жеке шартты зейнетақы шотында көрініп тұрады.
Деректер еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінен алынды
sputniknews.kz