Жұмыс бар, бірақ жұмыс істейтін адам жоқ — Қазақстан жаңалықтары

0

Кәсіпкерлер жұмысқа адам шақырса да, ешкім келмей жатыр деп дабыл қағуда, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

50-ді алқымдаған Мақсат Әбілқаев карантинге дейін бір мекеменің күзетшісі болған. Енді жол жөндеп жүр. Банктен алған 500 мың теңге несиені өтеу керек, үйде қол қусырып қарап отыра алмай, жұмысқа қосылдым, дейді ол.

«Бір ай карантинде үйде отырдым. Кейін осы жұмыс басталды. Осында кірдім. Жұмыс жүріп жатыр. Айлығын алатын шығармын, 20 күндей болды», — дейді Мақсат Әбілқаев, жұмысшы.

Алайда, бұл кісі секілді ұсынған жұмысқа келісіп жатқандар аз. Мысалы, жол жөндеу компаниясына әлі де жұмысшылар керек. Жөндеу жұмыстары күзге дейін жалғасады. Айлығы — 100 мың теңге.

«Диплом сұрап, мамандық сұрап жатқанымыз жоқ, ондай ештеңенің қажеті жоқ. Өзіміз үйретеміз. Техникамыз бар. Одан бөлек мастерлерді де осы жерде үйретеміз», — дейді Орынбек Баймурзин, жол компаниясының өкілі.

Төтенше жағдай жарияланған сәтте кәсіпорны бар, мердігер ұйымдары бар бас-аяғы 3671 адамға уақытша кәсіп ұсынғанымен, тек 30 адам ғана келіскен. Жалақысы -80 мыңның кәсібі. Бірақ, басым көпшілік ұсынысқа қырын қараған.

«Ол кісілермен сөйлесу барысында тұрақты жұмысқа барғысы келмейтіндерін мына мемлекет тарапынан және несие төлей алмаған, сондай жағдайларына байланысты шоттары жабылған. Жабық болғандықтан, қазір олар тұрақты жұмыс жасаса, жалақымыздың жартысын алып қалады немесе өзімізге дым болмай қалады деген оймен тұрақты жұмысқа барудан бас тартады», — дейді Алтынай Маханова, қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры. 

Айына 80 мың теңге ұсынып отырған мекемелердің көпшілігі қаланы аббаттандыру, тазалыққа жауапты кәсіпорындар, жол жөндеуге жұмылдырылған компаниялар, құрылыс мекемелері. Кейбіреулері жұмысшылардың түскі аспен де қамтамасыз етуге дайын. Бірақ, соның өзінде ұсынған кәсіпке сұраныс өте аз. 

Қалалық жұмыспен қамту орталығындағылар бұндай жұмысқа 29 жастан асқандар орналаса алатындығын айтты. Дегенмен, басында жұмыс жасауға келісіп, артынша, 1 күннен соң бармай қалатындар да кездескен. Жалпы, наурыз айының ортасынан бастап 6 мыңға жуық ақтөбелік жалақысы сақталмайтын еңбек демалысына жіберілген.

stan.kz