Жұмбақ жағдайда жоғалған қызылордалық жігітке ШҚО-да іздеу салынды (фото) — новости Казахстана

0

Қызылорда тумасы Медетхан Серімбетовке Шығыс Қазақстанда іздеу жарияланды деп жазады Altaynews.kz.

altaynews.kz

Фото:altaynews.kz

23 жастағы жігіт 2017 жылдың жетінші қарашасында Алматы қаласында ұшты-күйлі жоғалып кеткен

Бірақ жігіттің туыстары оны Шығыс Қазақстаннан іздестіріп жатыр.

Медетханның ағасы Тәуіржан Серімбетовтың сөзінше, оны шаруа қожалықтардың бірінде ұстап отыруы мүмкін. Оған мұндай ақпаратты белгісіз адам телефон арқылы хабарлаған.

Жігіттің жоғалғанына бір жарым жыл болған. Осы уақыт бойы одан еш хабар жоқ.

«Ол Қызылорда облысының тумасы. Алматыда тұратын. Техникалық қызмет көрсету станциясында жұмыс істейтін. Соңғы рет 2017 жылдың жетінші қарашасында байланысқа шықты да, із-түзсіз жоғалып кетті. Ұялы телефоны сөндірулі. Бұрын ол ешқашан хабарсыз кетіп көрген емес. Ата-анасына күнделікті қоңырау шалып отыратын», — дейді Тәуіржан Серімбетов.

Жігіттің туысқандары оны телеарналар, Rina.kz еріктілерінің көмегімен, тіпті ресейлік «Жди меня» бағдарламасы арқылы іздеген. Осыдан кейін белгісіз біреу Тәуіржан Серімбетовке хабарласыпты.

«2017 жылдың 12 желтоқсанында белгісіз нөмірден Асқар есімді азамат хабарласып, Медетханды бұрынғы Марқакөл ауданында тұратын Өмірбек есімді малшының үйінен көргенін айтты. Мен бұл нөмірге қайта қоңырау шалуға тырыстым, бірақ ол сөндірулі болды», – дейді ағасы.

Із-түзсіз кеткен азаматтың жақындары бұл қоңырау туралы полицияға хабарлаған. Бірақ тәртіп сақшылары сенімсіздік танытқан.

«Полицейлер хабарласқан адам алаяқ болуы мүмкін деді. Ал рас болса ше? Бәлкім біреулер Медетханды еркінен тыс ұстап отырған шығар?», — деп ашынды Тәуіржан.

Тіпті Серімбетовтермен хабарласқан азаматтың кім екені де анықталыпты. Ол Үржар ауданынан Асқар есімді тұрғыны болып шыққан. Бірақ оның қандай мақсатта Медетхан туралы ақпарат бергені сол беті жұмбақ күйінде қалған.

«Полицейлер «ол адам – алаяқ» деген жауап берді. Тағы бір-екі адам Алматы жақтан көрдік деп айтқан. Солармен байланысу үшін Медетханның анасы қазір Алматыда жүр», — деді Медетханның ағасы.

Жігіттің ерекше белгілері: бойы 175 сантиметр, дене бітімі арықтау келген.

Медетхан Серімбетовты көргендер болса, не ол жайлы қандай да бір ақпарат білсеңіздер төмендегі нөмірге хабар беріңіз: 8-701-563-77-88.

Шығыс Қазақстанда алматылық жігітке іздеу салынды

Дереккөз: kaz.nur.kz