Жұмбақ жағдайда жоғалған қазақстандық қыз 19 жылдан соң Тәжікстаннан табылды

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

2 0 0

Тәжікстан азаматына ғашық болған бойжеткен 16 жасында мектепті бітіре салып, Душанбеге жігітімен бірге қашып кеткен

АСТАНА, 25 ақпан — Sputnik. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі қызметкерлері 19 жыл бұрын ізім-ғайым жоғалған қазақстандық қызды Тәжікстан астанасынан іздеп тапты. Бұл туралы ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияров брифинг кезінде хабарлады.

Қаңтар айының басында сыртқы істер министрі міндетін атқарушы Бейбіт Атамқұловқа Атырау қаласының депутаты өтініш жазған. Ол бір әйелдің 19 жыл бұрын жоғалып кеткен қызын әлі күнге дейін іздеп жүргенін айтыпты. Сол кезде 16 жастағы қыз Тәжікстан азаматына ғашық болып, мектепті бітіре салысымен жігітімен бірге Душанбеге кетіп қалады.

«Біздің елшілік ауқымды жұмыс атқарды. Қолымызда 19 жыл бұрынғы сурет пен Әсел деген есім ғана бар еді. Оны бір ай бұрын Душанбедегі дипломаттарымыз іздеп тапты», — деп хабарлады сыртқы саясат ведомствосының өкілі.

Тәжікстандағы консул көлікпен кетіп бара жатып, жол шетінде іздестіріліп жатқан қазақстандыққа ұқсас әйелді көріп қалады. Ол қазақ тілін білмесе де, орыс тілінде есімі Әсел екенін айтқан.

«Консул туыстарының суреті мен видеосын көрсеткенде, ол жарты сағат көз жасын тыя алмай жылап, қатты есеңгіреп қалды. Өз-өзіне келе алмай қойды. Біз оны елшілікке алып келіп, қайтар билетіне ақша жинап, Қазақстанға оралу үшін куәлік бердік. Сөйтіп, ол өткен жұмада Душанбе — Алматы — Атырау бағдарымен ұшып келді, қазір туыстарының қасында», — деді Айбек Смадияров.

Осы уақыт бойы Әсел ешбір құжатсыз Тәжікстанда тұрып жатқан. 19 жыл ішінде тәжік күйеуімен ажырасып үлгеріпті. Қазір Атырау билігі әйелге құжаттарын ресімдеуге көмектесіп жатыр.



sputniknews.kz