Жұмбақ жағдайда көз жұмған елшілік қызметкеріне тағы бір сараптама жасалды
Қысқа сілтеме алу
28 желтоқсанда Еламан Жолдасовтың денесі Қазақстанға жеткізілген болатын. Сол кезде оның туған-туыстары тағы бір сот-медициналық сараптаманы өткізуді сұрады
НҰР-СҰЛТАН, 13 қаңтар – Sputnik. Мысырда жұмбақ жағдайда көз жұмған Қазақстан елшілігінің қызметкері Еламан Жолдасовқа тағы бір сот-медициналық сараптама жасалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, 28 желтоқсанда Еламан Жолдасовтың денесі Қазақстанға жеткізілген болатын. Сол кезде оның туған-туыстары тағы бір сот-медициналық сараптаманы өткізуді сұрады.
«Біз де сондай ұсыныс жасаған едік. Осылайша, қазақстандық мамандардың қатысуымен қосымша сот-медициналық сараптама жасалды. Қазіргі кезде біз соның нәтижесін күтіп отырмыз», — деді Смадияров бүгінгі баспасөз мәслихатында.
Оның сөзіне қарағанда, Еламан Жолдасовтың денесі Түркістан облысындағы туған ауылында жерленді. Барлық шығындар сыртқы істер министрлігінің есебінен өтелді. Жолдасовтың әйелі және балалары Каир қаласында жүр. Тергеудің нәтижесі әлі белгісіз.
Жұмбақ өлім
Қайғылы оқиға 2019 жылдың 13 желтоқсанында болды. Қазақстанның Мысырдағы елшілігінің екінші хатшысы Еламан Жолдасовтың жұбайы күндіз үйінің кіреберісінен күйеуінің мәйітін тапқан.
Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Жолдасовтың аяқ-қолы байланып, өлі табылғаны туралы ақпарат тарады. Алайда сыртқы істер министрлігі ол ақпаратты жоққа шығарды. Алғашқы тексеру кезінде оның денесінде қандай да бір зақым, көгерген жер мен жарақат болмаған. Аяқ-қолы байланбаған.
Тағы оқыңыз: Елшілік қызметкерінің өлімі: министрлік оқиғаның қалай болғанын хабарлады
Қызметтік тексеріс жүргізу үшін Қазақстан сыртқы істер министрлігінің өкілдері Каирге аттанған болатын. Мысырда марқұмның мәйітіне сот-медициналық сараптама жасалды.
Айта кетейік, Еламан Жолдасов сыртқы істер министрлігі жүйесінде 2013 жылдан бастап жұмыс істеген. 2017 жылдың мамыр айынан Қазақстанның Мысырдағы елшілігінің мәдени-гуманитарлық мәселелер жөніндегі екінші хатшысы қызметін атқарды.
Министр не деді?
Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің сөзіне қарағанда, әзірге елшілік қызметкерінің неден қаза болғаны белгісіз. Дегенмен, суицид ең бірінші версия ретінде қарастырылып отыр.
Ал бұған дейін президенттің атына бейнеүндеу жариялаған марқұмның жұбайы Айнұр Молдабаева суицидтің болғанын жоққа шығарды.
«13 желтоқсанда мен күйеуімді өлі күйінде таптым. Ол кіреберісте біздің пәтеріміздің жанында жатқан. Бас жағында қан, ал мойнында бау болды. Бау баспалдақтың сүйенішіне байланып тұрды. Шалбардың арты шаң. Қабырғада қан және аяқкиім іздері болған. Демек, бұл өз-өзіне қол салу емес», — дейді Молдабаева.
Ол күйеуі елшіліктен пиар кампания өткізуге ақша алғанын айтып отыр. Сол ақша Жолдасовтың өліміне себеп болуы мүмкін. Өйткені қаражат жоғалған.
sputniknews.kz