Жұмагүл жолы

0

Көп ұзамай осы шаңырақ астында жұмыс істеу несібесі бұйыратынын қайдан білейін. Аудандық газетке мүлде ұқ­са­майтын ахуалға алдында таң-тамаша боп жүргенім рас. Елдің бәрі Сейдахмет Бердіқұлов емес­тігі­не жетең жете қоятын кез емес әлі. Редак­торды әулие тұтатын бұ­лар­­­дың қылығында жасан­ды­лық бар­дай көрінетін де тұратын. Қыз­мет­кер біткен атын тіке атамай, аға деп әспет­­теп, алдында құрдай жор­ға­­лайды. Тұс­тарынан өтіп бара жатса бітті, бәрі орындары­нан атып-атып тұрып, қалт тұра қалады. Баппен басып, әркімге бір бұрылып қара­ған­да – Сейдахмет ағамыз жарық­тықтың көз сұғының сәуле­сі өңменді түйреп өтсе де өт­кір­лігі шамалы еді. Сар­ғыш назарын іріккенде ой-ние­тіңді түгел оқып қоятындай қар­­шыға қабағы лезде салың­қы тарта бұрылып жүре бе­ре­тін. Бұрыннан істейтін­дер мұны қаперіне алмастан жұ­мыстарына алаңсыз кірі­се­тін. Жаңа ортаның жөн-жо­сығын білмеген соң әркімге бір жаутаңдап, әлдебір жерден шалыс басып қойғандай қуыс­тану­дан арыла алмай­сың. Жұма­гүл Солтиева бір-екі жолы жылы қаба­ғын танытып, үйірсектесе де сол ал­ғаш­қы жатырқау әсерінен құтылу қиын­ға соғатын. Жүре келе етің үй­ре­ніп, әртүрлі сынға төтеп беретін жағ­дай­ларға көндіккен соң анау-мынауды елемейтін сенім пайда болып еді. Сейдахмет ағамыздың алдында сондай күндердің бірінде жаза ба­сып, жаңсақ сөйлеп қалдым ба екен. «Кеше келген тоқалдар, шөміш алып қоқаңдар­дың» керіне балады ма, әйтеуір қа­былдауына жекелеп ш­а­қы­­рып алды. Арқалығына костюмі ілін­ген орындықты нұқып көрсетіп, жайғас деген белгіні сұсты білдірді. Жаға­лы киім ілінген жерге отырушы бол­ма деген үлкендердің ескертуі жадымыздан шыға қойған жоқ еді.

– Жағалы киім тұр ғой, – дедім сасқанымнан. Сейдах­мет ағамыздың түтігулі қош­қыл жүзіне қызыл жүгі­ріп, өң­­мен­ге тура қадалған жанары бір нүктеден қозғалмастан қадалғанда – қарағанынан ойнақши аударылған ұшқыны кенет инедей жіңішкерді. Тап осы сәттің үстіне Жұмагүл Сол­тиева кіріп келгенде, сені кім шақырды дегендей оған ұзақ сүзіле тесілді. Ашуға қан­ша булыға тығылып отырса да, ағамыз даусын көтерместен нықтап, қатқыл шығарды.

– Анау аты кім еді, мынау сол екінші Сатышев болып шықты.

– Тілепалды, – деді Жұма­гүл жұлып алғандай.

– Міне, мынау соның нақ өзі екен.

– Мен Тілепалды емеспін! Одан да Әкішбай болғаным он есе артық!

Шап ете қалған маған қош­қыл өңі одан бетер күреңітіп, езуіне ащы мыс­қыл үйірген Сей­дах­мет ағамыз дызақ­тап сыр беріп қойғанымды мал­дан­ды ма, ызбары әжеп­тәуір сейіліп, болымсыз жымиға­н­дай көрінді де, бүкіл еңсесімен Жүмагүлге төне қадалды.

– Сен бұған не дейсің Әкішбайдың бауыры?

– Ой, аға, біресе Әкішбай деп, біресе Тілепалды деп біраз жерге апарып тастадыңыз ғой.

– Маған сол Тілепалдыдан гөрі Әкішбайыңыз ұнайды, – деп, қапысын таба тіл қатып үлгердім.

Сейдахмет ағамыз әуелі көзінің асты­мен сүзіле қараған сияқтанған. Кенет екі иығы селкілдеп, еңкілдей күл­­ген­­де суық түсі алабұртқандай райы­­на сирек ұшырасатын жылылық үйіріп еді.

Мұндай сәт енді қайтып оралмайтыны өкінішті-ақ. Жұмагүлдің кейінгі жыл­дары драматургияға ат басын бұ­рып, әлденеше пьеса жазып, олары сах­нада қойылғанының сыры тереңде жат­қан сияқ­ты. Қазақтың қайнаған ор­та­сы­нан шығып, тілдесу үстін­дегі қас-қабақ­тардың құбылуын ғана емес, шиыр­шық ату­дың драмалық шарықтау ше­гін­де сол ұлттық сабыр ұс­тамы Жұ­магүл тұрпатын сал­мақ­тандыра тү­се­­тіндей. Өнер­ге әуесқойлықтың жал­пы жи­нақ­талған қазақы бей­несін Әкіш­бай арқылы елестететін Сейдахмет Бер­ді­­құлов оған деген құрметін ешкім­ге ашып-жарып айта бермейтін ішкі құ­пия­сына ұқсайтын. Өнердің бәрінен дә­ме­леніп, бәріне көзжұмбай талпына бере­тін Сатышев шынын айтқанда, шекесі қыз­ған жанастыруға келе қоймайтындай.

Ұжымдастыру мен ашар­шы­лықтан, қуғын-сүргін, қиян-кескі соғыстан, жетім мен жесірдің қалың ортасы­нан дін аман шыққанын былай қойғанда − жасау-жабдығын мүлт жібермей ат мініп, тазы ерткен, мылтық асынып, домбыра өңгерген, ел аралап, дала кезген Әкішбай жа­рық­тық өткен ғасыр­лар­дан қал­ған сал-серінің шы­бық ұшы, тірі көшірмесі, яғни Серван­тес­тің Дон-Кихо­т­ы­на пара-пар кейіп­кер. Міне, осын­дай типаждар өмір сүр­­ген орт­а­да Жұмагүлдің дүние­ге үңі­­ліп, кейіпкерлерді сом­дау­­дағы дра­ма­тургиялық имп­ро­­­ви­­­за­циясының төр­кінін тану­дың бір тармағы руха­ни қаде­нің үзіл­меген арқауын­д­а жат­қа­ны­на көзің жете түсетіндей.

Шығармашылық адамды тап басып тану дегеннің өзі оңай емес. Кімнің қалай, қан­дай тұрғыда келіп, өмір­лік материалды тірі қозға­лыс­та елестету театр қабыр­ға­сы­нан алыс­та жүрген па­қыр­ларға шарттылыққа толы болып көрінуі әбден ықти­мал. Жұмагүл Солтиева бұл тұр­ғы­дан актер, режиссер қауы­м­ы­мен қарша­дайы­нан таныс-біліс қана емес, етене ара­лас­қанының талай мәр­те куәсі болған жайымыз бар. Сол ортаға абайсызда т­үсіп қалсаң Жұмагүлді өз ада­мы ретінде қабылдап, бүк­пе­сіз ашық-жарқын пікір­леседі. Жұмагүлді алғаш кезік­тір­генде бүкіл қимылы, дауыс әуені, қабақ жасқауы, өң-түсі түгел орыс актрисасы Татьяна Доро­нинаға қатты ұқсата­тынбыз. Бұл жұрттың өнер өл­кесіндегі үлкен құбы­лыс сана­ла­­тыннан бейхабар бол­ған соң, онда тұрған не бар деген ішкі тоқ­там арқылы те­же­лесің де қоя­сың. Күн­дер­­дің бір күні теледидардан әлгі әйелдің Есенин өлең­дерін оқыған кездегі болмысы шарттылықтан ада, ұлының жазған хатын тебіреніспен қабылдаған бейне орыс анасы. Жұма­гүл­дің алқалы жиындарда шырқаған әнінің екпіні қазақша тұжырып айтқан­да, талабы тай жегендей. Біл­гір сарапшылардың талдауы кейде салқынқанды боп, елп ете қоймайтын сабырына таңыр­қамасқа шараң да жоқ. Жазушы, актер, әнші, суретші өнердің әйтеуір барша саласы­ның өкіліне сәттілік өне бо­йына серік­тесе бермейтінін талай жолы байқаған жайы­мыз бар. Жұмагүл темпераменті сол­­ғын тартуды білмей­тін ақ­жар­­қын жаратылысы ар­қылы кез келген ортаға кір­генде құдды өз адамы сияқ­­ты еркін сезінетіні бәрі­бір қы­зық­­­тырмай қоймайды. Қар­­­ша­­­дайынан баршылықта өсіп, жал­пысымен таныс-біліс жан­дай қысылып-қымты­рыл­­майтын мінез біле-білген кісі­ге жарты ырыс па дейсің.

Жұмагүлдің прозасы қалай бол­ған күнде шығармашылық аң­сары­ның басты әуен сарыны. Оның діл­дік ерек­шелігі адам баласын жа­тыр­­қа­май­тын бауырмал. Памир­лік қала­мгер тау адамдары туралы тоқ­тала келіп, сезімталдығын ерекше құр­мет­т­ей­тінін айт­қан­да аса ден қой­маған сияқ­ты­мыз. Қазақ әйелінің ежел­гі әңгімелеу сарынын ұстанған Жұмагүл баянында таудан ескен самал­дың лебі бар. Мұн­дағы баяндау екпіні алып-жұлып әкетпейтін биязы, диалогтары көңілге қарай­тын сынық, ұнамсыз жағ­дай­дың өзін суреттегенде жеккөрінішін сездірмейтін ұстамды. Оқи бастағаннан-ақ әжелер шерткен әңгіменің кілті табылғандай жаның жайдары тарта түсетіні қызық. Бұл қолтаңба бұрыннан таныс тәрізді етене қабылданса да шұ­ғыл шешімге барып, күт­пеген кесім айта­тыны жазу­шы­ның ұлттық кәдеге молы­нан суарыл­ғандығының белгісі. Өткен ғасырдың аяғына таман қазақ қауымы шетелдің көркем ойына жаппай бет бұрып, үлгі тұту үрдісі белең алғанда рухани ұлт­тық қоны­­сынан ірге аудармағандар кер­­тарт­палықтың өлмеген тірі куәсінің жорасына жүрген де шығар. «Фәни­дің мінін бақилық көр­мей қоймай­тын» Абай тұ­жы­рымына иек арта үңіліп қа­­райтын болсақ – ғасырлар бойы­на көзқарастардың қазақ­қа астамшылы­ғын әр аттаған сайын кезік­тіретінбіз. Жегі құрттай жаныңды жеген арпалыс үстінде сол қазақ әйелінің жүрек үніне құлақ түрген Жұмагүл Солтиева­ның ізде­ніс­і керек десеңіз перзенттік адалдық емес пе!

Жұмагүл Солтиеваның біреу туралы ой-пікірі әрқа­шан ұстамды. Адам­ды танып, қадірді білудің сан алуан жөні мен жолында шығарма­шы­лық қолтаңбасынан ешқашан ауытқымайтын ұстанымның ақыры қайырлы болатынына қанша көз жеткізсек те біздің бір әдетіміз өзі­міз­ден гөрі өзгенің ерекшелігін айы­руға үйірлігіміз баршылық. Жер ортасы Көктөбе өлшемі өмірдің көп бөлігін алып жатқанын әйгілейтін межелік көрсеткіш қой. Сол биіктен өткен өмір кеңістігінің жазирасына анық­тап үңіл­сеңіз, Жұмагүл Солтиева­ның жүр­ген жолдары қазақ баспа­сөзі­нің киелі шаңырақтарын шарла­ған ізі сайрап жатыр. Ұлттың бас газеті «Егемен Қазақ­­­стан­­­ның» қасиетті табалды­ры­ғы­­­­­нан аттап, жауапты қыз­­мет­ті атқар­­ға­ны­­ның өзі ширек ға­сыр­ға таяп барып жы­ғы­­латы­нын ойлаған кезде, қа­ра­кет­ке толы адам ісінің жемісі кейін­гі ұр­паққа сыйлаған кәде­лі мұра­сы екеніне көз жеткізе түсеміз ғой.

Бұл ойға тоқталып, ұза­май айнал­соқтап шыға алмай отырған себебіміз, сол уақыт­тардағы қашалып сом­дал­ған қазақ болмысынан ­артық ешкімді арқа тұтпай­тыны­мыздан болар.

 

 Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз