Жұмабай БІЛӘЛҰЛЫ. Зеңгінің рухы (әңгіме)
Түннің бір уағында, өз бетімен өре жөнелген үлкен табынның сиырлары күн қыза бере қалың бадам ішінен, балдырған арасынан, өлеңді сайдан, айта берсең, қайдағы бір шалдық саз бойынан кейде топтанып, кейде андыздап барып, қара тұмсық қалың адырдың ең биігі, сонау бір ор төбел, доғал шоқыға жайыла бастады. Желсіз, лепсіз күн тыншу еді. Сиырлардың күндегіден ерте самалдауына қарағанда, сонау алыста, биік алшынды кердегі қалың жылқы құйрығының сабауынан сау қалған бүгелек немесе енді шыға бастаған көкбас сонаның найзасынан, тіпті елеусіз шыбын-шіркейден үркіп оқыралап шыққан түрі бар. Сырты жылтырланып кілегей тартқан көксірік доғал тұмсықтарын пысылдатып тепкіленеді, жер тарпиды, әйтеуір шаңдатып жатыр. Өңкей бір томарша үшкіл ала көздер дөй дала айбар шегеді. Сол-ақ екен, сілекейін созылтып, езулері базданған кәперсіз құнажын-тайыншалардың шашақты сімпіс құйрықтары тік шаншыла қалады. Сөйтсе де, лезімде екі айыр тарғыл тұяқтардың тарпындысы, бұрынғы тұрғын түбешік көк тұманға айналады. Арасында селкеу біткен етіктің басындай, жарымы жерге көмулі үшкіл қырлы қастар жылтырап көрінген төбешіктегі селдір бетегенің шалғыны жапырылып, айнала сасыған сиырдың жапасына сұйқыл тоғайраққа айналады.
Дәл осы тұста, сонау бір ояңшадағы бұта-бүрген арасынан әлдебір жалғыз саяқтау қоңыр дөненше құйрығымен аш белін сабалап өрлей тартып келеді. Бауырын жазып, теңселіп қос аяқтап қояды. Мүмкін оның соншалық еркін, шат, шексіз көңілді сәттері өзінің дәурен сүрген қып-қысқа күндерінде тым санаулы болар. Өйткені, бұзау боп жаралғалы, аш уызға тойған алғашқы үш күн өткен соң, басына құр ноқта деген пәле киіле қалды да, толып тұрған төрт емшекті – өзінің шертіп тұрған несібесін адам қолы аузынан қағады. Әйтеуір әрең дегенде таңдайы ғана қылқ ете түседі де, құрсағы жібімей қалады. Соңында ұзақты күні аша қазықты ағаш желіде талмаурап күн қақты күйді көрді. Ол-ол ма, ана сүті аузына жарымай, мәйегі қабысып, балғын тістері шөп баласын түбірлеп жұла алмаған жүдеу шағында, бауыр жүндері қылшықтанған жадау кезінде «қос кіндік» болды деп бауырына ыстық қышқаш басқан тірі күйік күндері, алғашқы өлі жүнін тастаған тайынша болған ересек тұсында әлгі бір қу тақым жүгермек баланың тепкілегенін қайтерсің, жаны ашымайтын пенде баласының, танауына көлденең ырғай істік өткізіп, қанын судай ағызып түп бұйда таққаны тағы бар. Құнан шығар тұсында пішпенің пышағы тиді, борбайынан қанды сарысу саулады. Осы пенде деген көзге көрінген қимылы бардың жауызы секілді, тегі осы тас жүректігін қоймаса, ғаламдағы төрт аяқтыны жалмап болған соң, бірін-бірі жеп тауысатын шығар-ау, тегі… Сөйтіп, оның өзінше өкіріп-бақырып, ен далада еркін тыныс алған, еркінше қалың қапталдың бадамын сорған, кәусардай бұлақтың суын шектеу, тоқтаусыз тоя жұтқан шағы осы ғана болатын. Ертеңгі күннің зәуренін кім білсін? Сүйегі толысып, белі жуандай бере, мүмкін, темір соқаға жекпесе, төсін қыл арқанға қидырып, қабырғасын қайқыш кереге қажайтын болар. Е, әйтеуір бір күн де күн ғой. Баянсыз сайран түрткен дөненше ол-дағы айылдығын кезек тепкілеп манағы қалың бөтен сиырлар шаңдағын шығарған боз тұман төбеге жетті-ау әйтеуір, ол да әлдебір жым-жықпыл арасынан әлгінде сап еткен сайгелден құтылған секілді. Сөйтті де, үлкен-кіші деген жоқ, өзімсініп келген үлкен топқа араласа беріп еді, шеттене берді. Өңкей ай мүйіздердің айбарына, әлденеден секем алған сесіне жолықты. Осының алдында өздері шала бүлініп тұрған шамырқан тобыр ішінен мынау бір көлденеңінен сап еткен бөтен иісті жат табынның лағып келген жалғызына, өздерін сетер санаған бірнеше құнанша, дөненшелер, сынық мүйіз сырдаң, қайдағы бір сыңар емшек, алып терісі, жеп еті жоқ қисық жауырын, қыр арқа қарасандар кезектеп келіп түртуіл жасады. Сиыр шіркіннің сасық мұрны қандай шетен, біле қойды, өздерімен мүлде оттас болмаған, бір тепсеңнің шалғынын жұлмаған, бір шөңеттен су ішкенді қойып, бір қорада қамау-матау көрмеген бөтен ауылдың қоспасы, міне, дәл осы себепті аш, таңертеңнен қазіргі кіші бесін тұсына дейін қатпар-қатпар жұмыршағын, арасы таңдай-таңдай таз қарындарын, жер желкегіне сіреп алып, кекіре тапқан, еріккен ессіз топ ұтылап келіп, қаңғып жүрген жалғыз жырындыны сүзгілей бастады. Байқағанға көлденең қосылған қоңыр дөненшенің де қолтығы желденіп, еттері қызып алған екен. Ол да ешқайсысын жолатар емес. Қып-қысқа мойнын күжірейтіп тұрып, біздемшесі қарамтыл тартқан қысқа мүйізімен әлденешеудің бетін қайтарып, жасқап үлгірді. Төбеден құлай ұмтылған үлкен бір шоғырды ығыстырып тастап біраз тыныстады. Бұрын мұндай өз нәсілінен оншалық көп қуынды көрмеген қоңыр дөненше сонысына мәз секілді. Өйткені, алдымен сор түрткен анау бір ұзын мойын әмірқан қаракер, қашақ бөртпе қартаң сиыр қолаулап шыға келді. Бәлемнің қолтық етін қоңыр дөненшенің жасуы қайтпаған көк тебен мүйізі сөгіп жіберген болуы керек, обалсызға сол керек. Сонау-сонау алыстағы құйрығы қылаңдаған жел жүрісті жылқыларға немесе жусауда жатқан жүні күрбиген қойларға, бәріне де жоламай, жаралмыш жосыны бір өз нәсілінен панасын іздеп келгені қаншалық еді.
Манағы манаурап тұрған тұғыл төбенің айналасы осылайша ақ сойдақ ізге айналды. Тастақ жотаны өңкей сұр сіреу тұяқтар түтіп жіберіпті. Әр жерде сойып түскен іздер, қопарылған қоңырала тастар қараңдайды, бір кезде кеше ғана көк мата секілді төбенің шаңы тына бере, өңкей ұялас ара секілді қарсыдағы қалың шоғыр ішінен суырылып шыққан жалғыз біреуі, доңыз айбатын сыртына салған дөненшеге қарай төніп келе жатты. Байқағанға нағыз жемтемірдің өзі секілді, үңірейген үйдей тарғыл өгіз табанын жай аударады. Өзінің құм-қайызғақ мықтап сіреген өнбойында сау жері жоқ екен. Кеңсірігінің ұшындағы ақшулан сызығы бұзау күнінде тартыншақ болғандықтан ноқта қиғандығы. Пұшық тұмсығының тұғылданған орқашынан өрескел тартыншақтығы дәл шой желкесінде теректің безі секілді бұлтиған қалың барттың, кезінде қайың мойынтұрықты ұзақ сүйрегендігі байқалады. Қалақшасы қалқиған қос жауырынның үсті екі тоқымдық тұсына ала бүйрекше жүн шыққаны, үстінен ыңыршақ түспегені, құрым тесті жауыр болғаны, ал қабырғаларының сыртында күдірдің қой тасы секілді қалың шеміршек беріштер бұлтияды. Бұнысы – мың салса бір баспайтын шор қабырғаның өзі екендігін әйгілеп тұрды. Ал анау құйысқандық пен шартиған жуан қарын тұсындағы ақ айыл таптар кезінде үстіне ер тоқтатпайтын, қияс қылықты жәутіктің өзі болғандығын аңғартады. Қысқалау алдыңғы екі аяғының өзі де ғажап-ақ, бақайлары мен күнтиген тізелерінің арасы бунақ-бунақ арқан қиды ала белдеулер тұсауға тұрмайтын желаяқ безбенің қиястығын еске түсіреді.
Алдына келген өне бойы ала жолақ тарғыл өгіздің күйін көргенде қоңыр дөненшенің көңілі босап сала берді. Үнсіз ғана пысыл байқатқан байғұсты алдымен иіскеп қойды. Мүмкін, оның да алдыда көретін күні сол шығар. Бір-ақ тартыншақ, шабан немесе қиқар болмаса тірі бейнетті ол азырақ көретін шығар. Неде болса, бәрі де зеңгі бабаның рухы ғой. Қоңыр дөненше енді сырты тікенше тілін шығарып аяқ астынан мүсәпірсіп, өзі ұсына берген атанның әукесін жалады. Тамырлары білеуленген тамақтан тартып, жер соғарға дейінгі ұзынды-қысқалы жал иректерге жасырынған жабысқақ түйекенелер, қатты қайызғақтар, әлдебір жабысқақ қылтандар қоңыр дөненшенің қысқа тарақты тілі арқылы құлан-таза күйге келді. Бұл кезде тарғыл өгіздің үшкіл тұмарша көздері жұмылып, бүкіл денесін керіп-созып рақаттанып қалды. Жануардың қатты сүйсінгені байқалады. Мойнын тік көтеріп, мең-зең қалпында ұзақ тұрды. Қырсықты болғандығы үшін, бұғалық түскен бұзау күнінен мынау бурыл тартқан тұсқа дейін дәл қазіргідей ешкім де оған жанашырлық етпеген болар.
Бір қауым уақыт өтті. Қазір жота үсті салқын, сай қуалап өрлей соққан жұмсақ қана қоңыр леп аласа шөп басын тербейді. Манағы шамырқан ыстық тұсындағы сона сайгел дауысы естілмейді. Тегі, арасындағы ең бір дәу перісі бөлектеніп шыққан соң көңілдері жай тапқандай өзге сиырлардың барлығы бауырын жерге төсеп, күйіс қайтарған беті үнсіз жатыр. Тек ербиген баяғы екеу ғана арбасып ұзақ тұрды. Шегінен асқан қошаметтің қадірі бола ма? Қоңыр дөненше әбден жалығайын деді. Кәпірдің өн бойы құжынаған құрт секілді, қасып қанағат еттіру қиынға түсті. Мүмкін, жас неменің созаңдаған тіл түбіндегі тамырлары сыздап барып талыққан шығар немесе әлі толық қата қоймаған балғын жас мүйізшесі, терісі теміреткі тартқан сол пәледен мұқылданып тозған болар. Әйтеуір алдында тұрған атан өгізді қасығанын тоқтата қойғаны мұң екен, қан ойнап шыға келген тұмарша көздерін ашып алған дәу пері байқатпай қос өкпенің тұсынан бар денесінің салмағын, бүкіл қаһарын жиып тұрып сүзіп үлгірді. Домалап түскен қоңыр дөненше ыңқ етіп барып, жан-дәрменде орнынан тез тұрып қозғала бергенде, әлгі сұм тажал, қара жүрек опасыз, бар пәлені өз басына өзі тапқан әккі сұм шегініп барып тағы да іреп тастады. Соры қайнағанда орнынан барлық күшін жиып тез ұмтылған дөненшенің қоқия қалған құйрық астынан тырқ еткен күшті бір жел шықты, сұмдықтың үлкені енді басталды. Сол-ақ екен, әлгінде ғана жусауда жатқан бүкіл үйірдің үлкенді-кішілі ай мүйіздері тұс-тұстан ербиіп шыға келмесі бар ма, ерігіп тұрған ессіз топ жығылған дөненшеге тұра ұмтылысты. Тұныған су секілді түскі дамылдың шырқы бұзылды. Қатарынан самырай шыққан көк сүңгілер садақтың оғынша самсып келіп қоңыр дөненшеге қадалып жатты да, қабырғасын, қалың қарасанының толық еттеріне қарымды пышақ қадалған. Ажалы өзгеден емес, өз нәсілінен болған байғұс қалың түтек астында қамырша иленді.
* * *
Осының дәл ертеңінде, дәл сол төбеде, әлдекім (мүмкін иесі болар) тері-тарамысын алып жоғалған. Дөненшенің қан-жынына қаптаған қалың қарға-құзғынмен бірге кешегі бір табын сиыр да өкіріп-бақырып озандап жоқтап жатты. Озандаған сиыр дауысы, құзғынның күңкілі бүкіл тауды жаңғыртады; тағы да таңғы өрістен соң, күн қыза келе сайгелден қашқан желі басынан тосын азаға үн қосқан тосын есірік иелері өңкей көк сірі тұяқтар сай-саладан құйылып жатыр. Ақылына енді түскен құтырық хайуандар алдымен дөненшенің жемтік орнын иіскеп алады да, артынан жер тарпып, ұзын тілдерін салаңдатып, құлақтарын тігіп, өңеші жарылғанша дауыстарын құбылтып айғай салады. Өздерінше қайғырады. Сол қара-құрық құлақ, тұндырған шуыл арасында демін ышқына ішіне тартып, басын жерден алмастан бар пәрменімен мұң-жоқтау айтқанның ең күштісі – кешегі тарғыл атан өгіз еді.
Дегенмен, қоңыр дөненшенің киесі бар секілді, жыл айналған жоқ, сол бәр төбедегі шоғыр сиыр тозып тынды. Сол жылғы қыс тым қатты болып, қар қалың жауды да, ақ сүйек жұт қаптады. Өзіне қайыры жоқ сұмдардың көбі аштан қырылып, жемтігі қасқыр, түлкінің мұжындысы болған. Ал, әлгі бір тарғыл атан әлдекімнің қыстық соғымына бұйырды. Ет біткені адам пәленің қызыл өңешіне түсті. Тіпті, оның күресін астында көмулі қалған қан-жынына қаптаған қарға-құзғын да болған жоқ. Басына күн туып, өздеріне зауал төнген өзге сиырлардың қазалы айғайы да естілмей, бейшара күймен жаһаннамға жол тартты.
Ей, қарғыс алған зеңгінің рухы, атаңа нәлет.
Дереккөз: http://egemen.kz/