Жұлдыздар астана күнін мерекелеу туралы

0

Елорданың туған күнін атап өтуге қатысты пікірлер қазір екіге бөлінді. Қарапайым халық та, шоу бизнес өкілдерінің басым бөлігі қарсылық танытуда. Осы тақырыпқа қатысты Stan.kz тілшісі бір топ әншілердің пікірін білді.

«Меніңше, елорданың туған күнін тойлау немесе тойламау Арыстың қаз-қалпына келуіне әсер етпейтін сияқты. Өйткені қазіргі президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы жарылыстан соң мән-жайды білу үшін барып, толыққанды жағдаймен танысып қайтты ғой. Сол кезде мемлекет басшысы ретінде: «Арысты қалпына келтіреміз. Бәрі жақсы болады», — деп халыққа уәдесін берді. Президенттің өзінің аузынан шыққан кейін, орындайды деп сенеміз. Сондықтан елорданың туған күнін тойламайық деп елді дүрліктірудің қажеті жоқ. Шаш ал десе бас алатын азаматтар өте көп. Ертең ол адамдар қате түсініп алып, атойлап алаңға шығып, бейбітшілігімізге зиян келуі әбден мүмкін», — дейді Жігер Ауыпбаев. 

Ал Айгүл Иманбаева бұл сұраққа жауап беруден бас тартты. Себебін былай түсіндірді:

«Бұл сұраққа жауап бергім келмейді. Өз ойым өзімде. Жасаған жақсылықты жарыса жариялау қоғамда, әсіресе өнер иелерінің арасында тенденция болып кеткен сияқты. Мен де қолымнан келгенше көмегімді жасаудамын. Бірақ айқайлап айтқым келмейді. «Оң қолым бергенді сол қолым көрмесін» деген жақсы сөз бар. Ал елорданы тойлау тойламау деген сияқты саяси сұраққа араласқым келмейді. Мұны оқырман түсінеді деп ойлаймын».

Шахизада ханым да көпке көрсетпей туған жеріне көмектескен әншілердің бірі де бірегейі екен. Әнші елорданы тойлауға аса құлшыныс танытып жүрген жоқ. 

«Мен астанамыздың туған күнін тойлаудан бас тартып, барлық ақшаны Арысқа аударуды 100%  қолдаймын. Себебі мына жақта менің туған елімде қарапайым халық қиналып, не ішерге тамақ, жатарға баспана жоқ, анасы баласынан, баласы анасынан тірідей адасып қалған кезде астана күнін тойлау Алланың алдында қателік деп ойлаймын. Көп түкірсе – көл. Халықтың жинаған ақшасы үлкен шығынның орнын жаппайды. Меніңше, елорда күніне жұмсалатын қыруар қаржыны Арыстықтарға бөліп, әлгі қойманы басқа жаққа аудару керек немесе халыққа басқа қала салынса деймін. Жылап жүрген халықтың жағдайын жасаса, елімізде де тыныш, биліктегілердің көңілі тоқ, жұртымыз риза болады. Нұр-Сұлтанның Целиноград болған кезі есімде. Міне, аз ғана уақытта адам танымастай өзгеріп шыға келді. Дәл солай Арысқа да жаңа дем беру керек», — дейді Шахизада.

Еске сала кетсек, биыл елорда күнін мерекелеу шығыны үш есе қысқартылды. Сондай-ақ елорда күніне арналған мерекелік отшашудан бас тартылды. Арнайы қарастырылған қаржыны Арыс қаласының зардап шеккен тұрғындарына көмек көрсету қорына аудармақ.

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет!  Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

stan.kz