Жұлдызай Дүйсенбиева: «Екі миллионға медаль сатып алғанша, жер сатып алмаймын ба?»

0

Жұлдызайды жұрт «Шаншар» әзіл-сықақ театрынан таныды. Ол сомдаған әр образды көзі қырағы көрермен жақсы біледі. Сынға жақын жандар актрисаға аз мін тағып жүрген жоқ. Осы ретте өжет қыздың өзіне шығып, жұрт талқысына түскен сауалдарды жолдадық деп хабарлайды Nege.kz тілшісі.

–Жұлдызай ханым, келіп жеткен туған күніңізбен!

– Рақмет!

– Желіде әріптестеріңіз жаппай құттықтап жатыр екен. Қайсысының сый-сияпаты ерекше түсті?

– Ешкімді бөліп-жармаймын. Уақытын бөліп, жылы лебіздерін білдіріп жатқан барлық дос-жарандарыма алғысым шексіз! Бір-біріне жақсы сөз айтып, алғыс жаудырудан қалып бара жатқан уақытта кісі баласын туған күнімен құттықтаудың өзі ғанибет болып қалды ғой.

– Әріптесіңіз Қуаныштың Қарлығашы «Сәл көре алмайтыны болмаса, жүрегі аппақ құрбым» деп түйрей тілек білдірген екен…

– Біз үшеуіміз бала кезден доспыз. Сондықтан арасында Қарлығаш екеуіміздің бір-бірімізге «осы сені көре алмаймын» деп әзілдейтініміз бар. Құрбымның қалжыңға салып, соны тілге тиек етіп жазғаны ғой.

– Айтпақшы, жуырда «Қазақстанның құрметі азаматы» атандыңыз. Қос қуаныш қатар келіп, көзайым болып қалған боларсыз?

– Мен жалпы атақ-даңққа құмар адам емеспін. Сондықтан қалыпты жағдай есебінде қабылдадым. Дегенмен, еңбегің еленіп, алғыс алып жатқаның жанға қуат сыйлайды екен.

атақ
democrat.kz

–Өзіңіз түсірген вайнда айтқандай, атақтың буы болатын сияқты ма?

– Кімге қалай екенін білмедім. Бірақ айтып отырғанымдай, аттаққа құмартпағандықтан, оның қандай буы болатынын аңғармадым.

–Төсбелгі тағынатындай қандай еңбегі сіңіпті?» деген сын да айтылды. Мұны қалай қабылдадыңыз?

– Мен көлденең сөзге көп мән бере бермеймін. Бастысы, өзімнің жасап жатқан жұмысымды білемін. Сондықтан негативті жүрегіме жақын қабылдамадым, тіпті, кімнің не жазғанын қарамадым да. Сондай-ақ кез келген пікірді байсаналы түрде қабылдауға тырысамын. Тіпті, «атақ бұларға не үшін берілді?» деген адамның өзіне ертең біреу қандайда бір марапат берсе, бас тартпаған болар ма еді.

– Осы медальдың жарна құны екі миллионға жетіп жығылады деген сөз шыққан еді. Осы рас па?

– Атақ аламын деп ешкімге бір тиын да берген жоқпын. Егер ақшамен аласың десе, бірден бас тартқан болар едім. Екі миллионға медаль сатып алғанша, жер сатып алмаймын ба? Кейін оған үй салып аламын ғой. Сатып алған құрметтің қанша қажеті бар?!

–Өнердегі бауырыңыз Бағлан Әбдірайымовтың киносына түсірмегеніне кейіп, кейін өзіңіз де туынды таспаладыңыз. Қанағаттандыңыз ба?

– Иә, мен кино түсіргеніме еш өкінбеймін. Себебі, ол мен үшін үлкен сабақ болды. Алда тағы туынды таспалап жатсам нені ескеру керектігіне қанық болдым.

Жалпы өз басым түсірген киноммен мақтана аламын. Бастысы — онда балағат сөз жоқ. Сондықтан жас та, жасамыс та бетін баспай бірге отырып көре береді. Ұстазым Райымбек Сейтметов болғанннан кейін ол кісінің атына кір келтіріп өнерге қиянат жасамауға тырыстым. Дегенмен, ақ қарасына халық сыншы.

–«Ауызы күйген үрлеп ішеді» дейді ғой. Осыдан кейін кино түсіруден тартынып қалмадыңыз ба?

– Жоқ. Түсінгенім, киноны қандай дәрежеде және қандай аудиторияға арнап түсіресің, осы жағына жақсылап анализ жасап алу керек екен. Бірақ, әзірге кино түсіру ойымда жоқ.

– Туындыңызды кинотеатрлардың санаулы күн ғана көрсеткенін ескерсек, шығынданып қалған боларсыз?

– Мен ешқандай шығынға батқан жоқпын. Түскен қаражат айналдырған он күннің ішінде толық ақталды. Тек ораза кезінде жарыққа шығарып, жарнамам аздау болып, қалаберді көп адамға сеніп қалғаным бар. Оның үстіне көрсететін залдардың бірі істесе, бірі істемей қалып, түрлі кедергілер туындады. Содан өз ықтиярыммен туындыны тоқтатуларын сұрадым.

–Болмысыңызға қарасақ, ер мінезді көрінесіз. Біздің қоғамның бетке айтатын жандарды жақтыра бермейтіні бар ғой…

–Менің көп жерде төбе көрсете бермейтінім де содан болар. Өнерде әртіс болғанмен, өмірде әртіс емеспін. Өтірік күле алмаймын. Сондықтан көп ортада жүре алмаймын.

– Тектілік танытып, шаншарлық Уәли ағаңыздың алдынан өттіңіз. Ал Тукамен қарым-қатынасыңыз қалай? Мәселен, сіздерді тағы бір сахнада көргісі келетін көремен бар сияқты…

– Тукамен көрген жерде сәлеміміз түзу. Бірақ көңіл шіркін суып қалса қиындау ғой. Ал болашақта творчестволық тандем орнататынымыз жайында айта алмаймын. Оны уақыт көрсетеді. Бірақ алда дейтіндей, жас та емеспіз, менің өзім қырқтан асып кеттім.

актриса
видеодан скриншот

– Дизайнер Ғани Көбеев көлік сыйлады. Темір тұлпарды тізгіндеп жүрсіз бе? 

–– Жоқ. Жалпы өзім көлік жүргізбеймін. Желідегі жұрт «көлік көрмегендей сонша жылап не болды?!» деп жазса керек. Мәселе, көлікте емес, көңілде. Әйтпесе, көлік алуға өзімнің де жағдайым жетеді. Ғанидың еңбегімді бағалаған көңіліне риза болғандықтан, көз жасыма ерік бердім.

Жұлдызай
ғаламтор

– Өнердегі біраз жайды жақсы білесіз. Осы тұрғыдан алғанда қызыңыздың әртіс болғанын қаламайтын боларсыз?

– Баланың өз қалауына саламын. Егер таланты тасып жатса, мархабат. Әйтпесе атымды пайдаланып, әр жерге бір сүйрелеуден аулақпын.