«Жұлдыз болды»: Бекжан Тұрыс эфирде алғашқы махаббатымен кездесті

0

Танымал актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс алғашқы махаббатымен кездесті. «Ең алғашқы» бағдарламасында актер мектептегі махаббатын еске алып, хикаясын баяндады.

Студияға Гүлбану Манапова мен Гүлзира Қасымжанова есімді екі қонақ келіп, Бекжан Тұрысқа тосынсый жасады. Оларды көрген актер хикаясын былай деп баяндады:

«9-10 cыныпты ауданда оқыдым. Бану менің парталасым болды, Гүлзира бөлек сыныпта оқыды. Бірақ сол мектепте «Ұлан» атты ансамбль болатын. Сонда Гүлзира жақсы ән салатын, мен кәдімгідей Гүлзираға ғашық болдым», – деп ағынан жарылды өнер иесі.

Бекжан Тұрыс алғашқы махаббатына хат жазып, құрбысы арқылы беріп жібергенімен, ансамбльде ән салатын «жұлдыз» Гүлзира оны оқымаған, тіпті Бекжанның өзіне ғашық екенін «сезбеген». Сөйтіп жүргенде Бекжан әскерге, ал Гүлзира өнер жолымен кетіп, тағдыр екеуінің жолын тоғыстырмаған.  

«Жұлдыз болды. Біз ауылдан келген қарасирақ бала. Аудан деген бізге қала саналады ғой. Ол ауданда тұратын қыз. Мүмкін бізді ұнатпаған болар?” – деп еске алады Бекжан Тұрыс.

Әскерден келгеннен кейін алғашқы махаббатының тұрмыс құрып кеткенін естіген. Алайда көзбен көрмейінше сенбеген. Көргеннен кейін барып, көршінің қызына, бүгінде отасқанына 33 жыл толып отырған жарына көз салған.

«Артқа қарай үңілсек, бізде ешқандай жасандылық болған жоқ. Күлкі де шынайы, махаббат та шынайы. Ол бүгін ғой, ізгілік құйылған сезімнің мейірбандығын жоғалтып алдық, махаббатқа құлдықтың қабытын кигізіп, ақшаның қолын сүйгізіп, ойсыз бен мұңсыздың алдында маңдайын жерге тигізіп қойдық. Амангелді Кеңшіліктің «Махаббатты ұмытқан қоғам бақытсыз ұрпақ тәрбиелеп шығады” деген жақсы сөзі бар. Мейірім жоқ болғаннан кейін, махаббат та жоғалады. Ойсыз үйленіп, мұңсыз ажырасып жатқан жастар көп. Солардан қосылған балалар наркоман, немерелерінің бәрі  «нервный» деп кейде айтамыз», – дейді актер.