Жүйрік жылқының сипаты
Ол үшін жүйріктің бітім-болмысын – жан-жануар, аң-құстың жақсы сипаттарына салғастыра отырып зерттеген. Мысалы, әскери қолбасшы әрі атбегі Семен Михайлович Буденный (1883-1973) жүйрік жылқыны сынағанда: қоян, түлкі, есек сипаттарына қатты мән беретіні жайлы дерек бар. Маршалдың айтуы бойынша: қоян сипатты жүйріктің белгісі – тыз етпе ұшқыр, аяғы жеңіл әрі жүрісі ұтымды болады десе, түлкі сипатты жүйрік – денесі жинақы, ықшам әрі атқан оқтай тік жүреді, құйрығы түлкінің құйрығындай бір тегіс, жіңішке, сұлу көрінеді. Ал, есек сипатты жүйрік – төрт аяғын тең басады (төрт аяғын тең басатын хайуан есек қана). Яки, төрт аяқты тең басу дегеніміз – төрт тұяқтың дұрыс бітімі. Өйткені, табаны «қазтабандап» жерге тимейтін дөп-дөңгелек қобы тұяқ есекте ғана бар. Тұяғы осылай біткен жылқы ақсамайды һәм жасқанбай басады…
Сол себепті, жылқы түлігін қолданушы қауым ерте кезден бастап оның түбір сипатына қатты мән берген. Ал, байырғы көшпелілер үшін жылқының жаратылысын (түбір сипатын) аңдау әсіресе, жауынгерлік іске аса қажет болған. Атап айтқанда: арыстан, бұлан сипатты жылқыларды найзагер жауынгерлер мініп шеп бұзатын болса, марал, қоян, түлкі сипатты жүйріктерді хабар алмасу ісіне және садақшылар мінері анық. Өйткені, бұндай сипатты жылқылар қозағалыс кезінде ентігін тез басатындықтан садақшылар үшін өте қолайлы. Ал, бөкен, елік, құлан сипатты жылқыларды қылышкерлер мен жеңіл маневр жасауға ыңғайлы қанжар және айбалтамен қаруланған жауынгерлер мінетін болған.
Сұңқар сипатты жүйрік
Құс нышанды жылқының басы қолтоқпақ тәрізді шағын әрі маңдайы кең дөңесті доп пішіндес, тұмсығы мен ауыз-иек ауқымы сүйір, құлағы жатаған, төменшіктеу келеді. Маңдай жазығымен орайлас кеңсірігі жалпақ, желке жалы сұйықтау. Мойыны садақ сияқты иіліңкі, қолтығы сыртына теуіп орналасқан, омырау еті күдірлі, арқасы түзу әрі ұзын, сегізкөзі биік, сауыры күрт ылдилау, жаңбырлығы түсіңкі орналасқан. Арқа сүйегі қырлы, қабырғасы ұзын болғанымен иіні қысқа, шершеуі тығыз, төрт аяғының арасы алшақ, бақайы жатаған. Шапқанда мойынын ішіне алып, артқы тұрқын созып-жинап, орғып отырады.
Бұлан сипатты жүйрік
Бұндай жүйріктің басты белгісі денесі тым үлкен болып келеді. Төрт тұрағы (аяғы) ұзын, тұмсық үсті дөңес, жазық маңдайлы, жайын ауыз, шоқтығы етжеңді, жалы қалың. Жалпы дене тұрқы сыптығыр болғанымен, қабырғасы жуан, бүйірі тоқ. Төрт аяғы денесіне сай келген, жай тұрғанда шоқтығын сауырынан биік ұстайды, мінезі жайлы болып келеді.
Арыстан сипатты жүйрік
Жалпы бітімі тұлғалы, жанынан қарағанда бүкірлеу, қабырғасы жуан, мінезі кең, мініске жарамды, жүрісі жайлы. Жай тұрғанда тұтас денесімен алдыға қарай ұмсына созылып, үстел сияқты теп-тегіс орнында шұлғып тұрады. Басының сүйірлігі шапқанда жел жаруға қолайлы әрі аң сияқты тым иіс сезгіш қабілетке ие. Бұлшық еттері қатты, буындары өте мықты, төрт тұяғының қыры өткір, жон терісі қалың, қолтық-шап терісі жұқа болады.
Түлкі сипатты жүйрік
Сауыры, шоқтығы, желкесі бір сызық бойында тегіс орналасқан, басы шағын, аздап сопақша, кеңсірігі түзу, құлағы кішкентай және тік, көз жанары өткір, тұмсығы доғал, жалпақ маңдайлы, қаз мойын, дөңгелек езу, желке жалы түзу, кеуде еті жұқа, жалы сұйық, арқасы кереқарыс, жаңбырлығында терең ойықшасы бар, қабырғасы қысқа бірақ иінді. Сегізкөзі артына қарай созыңқы, шолақ сауырлы, құйрық сүйегі артқы сан етімен қабысулы, жал-құйрығының қылы қалың.
Бөкен сипатты жүйрік
Жай тұрғанда басын еңкіш ұстайды, ал, негізі тұрқы осындағы қоян сипатты жүйрікке ұқсас. Бірақ, желке жалы ұйысқан қалың, шоқтық бітімі шодырлы. Төрт сирағы сіңірлі, жүрісі қаттылау болады, денесі майсыз қара етті болып келеді. Маңдайы жазық, танауы ұзын, жайын езу, қос құлағының түбі бекем, әрі арасы алшақ. Егер, бұл жылқының құлақтары жақын орналасқан жағдайда, тұрқы да жатаған болып келеді де, ал, құлақ арасы алшақ болса, тұрқы тіктеліп тұрады. Басқа жүйріктерден айырмасы осы.
Елік сипатты жүйрік
Басын үнемі көтеріп ұстайды, бауыздауы тар, шүйдесі ойпаң, жалы сұйық, ақ шеміршегі жұмсақ, шоқтығы сұйық, омырау еті түйнекті келеді. Қабырға иіні қалыпты, жаясы бүкір, бүйірі төртбақ әрі көлемді. Бүйірі мен қоңдық арасы алшақ. Төрт аяғы тегіс, түзу. Жай тұрғанда сауырын бүгіп, төрт тұяғын астына жинап тұрады.
Құлан сипатты жүйрік
Басы үлкен, құлағы көзінің үстіндегі ойыққа қарай құлай орналасқан, ауыздығы қатты, астыңғы ерні жер тіреген, көбір жүні сұйық, тұяғы доғал, ұшасы кең, бір ерекшелігі жалғыз шаппайды, топты доданы ұнатады. Желкелігі ойынды, мойнын кері тартып тұрады. Шоқтығы шұғыл биік, жатаған сауырлы. Қабырғасы нәзік, жай тұрғанда төрт аяғын түзу әрі тегіс ұстайды. Омырау еті сылыңқы, өмілдірігі көтеріңкі, жалпылай бұлшық еттері жұқалау болғанымен, артқы сан етінің бұлшығы қалың әрі қатты. Мінезі алып-ұшпа, жүрісі жеңіл, аяңшыл.
Бөрі сипатты жүйрік
Басы түзу, құлағы ұзын, тұрқы артынан қарағанда қусырылған сөлбең, кеудесі талысты, мойны сылаң, айылдығы тартық, алыстан бажайлағанда сүбе қабырғасы мықынға тиіп тұрғандай көрінеді. Көзінің оты қаралтым, мінезі ауыр, құрықтауға ыңғайлы, көбінесе үйірден бөлініп, шеттеп оттайды. Жүрісі жеңіл, шапқанда басын тұқыртып, құлағын қайшылап, бауырын жазып еркін көсіледі.
Ұлу сипатты жүйрік.
Басы үлкен, көзі шырайлы, делбе танау, қабағы қалың, иегі көлемді, алқымы және ауыздығы кең, желкесінің бұлшық еті жұқа әрі жалпақ, мойны сұңғақ, шоқтығы биік. Арқасы түзу әрі ұзын, ұшасы обалы, сауыры күрт құлди, жауырыны үлкен әрі қиыс тұрпатты, омырау еті салқы, қолтық бітімі қысаңдау, жіліншігі сом, бақайы жатаған жазық, аяғы сіңірлі, шашасы қылшықты.
Марал сипатты жүйрік
Бұл жүйрікте бөрі сипатына тән белгілердің барлығы бар. Оның сыртында жалпы тұлғасы төртбақ. Тұтас бітімі сымпыстау, кеңсірігі биік, жанынан қарағанда еңкіш, қарны салқы, мойны қысқа, құлағы шағын, шоқтығы тақыр, денесінде айналма орайы көп болады. Сондай-ақ, көз жанары күрең түсті, маңдайы қатты, үйірге қосылмай саяқ жайылады. Құрыққа бейім, мініске жеңіл, мінезі жұмсақ.
Қоян сипатты жүйрік
Жай тұрғанда желкесі шоқтығынан сәл төмен, ал, шоқтығы сегізкөзінен аласа көрінеді. Басы салыңқы, маңдайы сүзе тұрықты, желке жалы сұйық, алдыңғы аяғы аласа, арты ұзын, арқа-жаясы бүкір, жай тұрғанда төрт тұяғын ішіне жинап бүрістіріп тұрады.
Бақа сипатты жүйрік
Көзі шарасынан шығыңқы, қабағы томпақ, басы доғал, тұмсығы төртбақ, кең маңдайлы, жайын ауызды, арқасы тегіс әрі жонды, жалпы дене бітімі жайылыңқы, төрт аяғы жуан әрі қуатты, сүбе қабырғасы теліңкі (кең иінді).
Бұғы сипатты жүйрік
Басын тым көтеріп ұстайды, қаз мойын, денесі төртбақ келген етжеңді, төрт сирағы ұзын, иықты, омыраулы, екі бұты алшы, аяғының аралары алшақ. Жай тұрғанда алысқа көз тастап өзін сергек ұстайды, төрт аяғын нық басады, құлақ түптері жақын орналасқан, мінезі жеңіл, үйірсек.
Дереккөз: http://egemen.kz/