Жүйе Қазақстан халқына адал қызмет етуі керек — Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысын өткізді. Бұл туралы Ақорда сайты жазды.
Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысында мемлекеттік жоспарлау жүйесін қайта құру әдістері қарастырылып, макроэкономикалық саясат, әлеуметтік саланы дамыту, экономиканы әртараптандыру және бизнесті реттеу, сот және құқық қорғау жүйелерін реформалау, мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі консультативтік комитеттердің жетекшілері баяндама жасады.
Жиында Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің мүшелері: Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов, Президенттің кеңесшісі – Реформалар жөніндегі жоғары кеңес төрағасының орынбасары сэр Сума Чакрабарти, Премьер-Министр Асқар Мамин, Президент Әкімшілігінің Басшысы Ерлан Қошанов, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев сөз сөйледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары мемлекеттік басқарудың барлық жүйесі Қазақстан халқына адал, шынайы қызмет етуі керек екенін айтты. Мемлекеттік басқарудың барлық жүйесін – мемлекеттік қызметтен жергілікті өзін-өзі басқару деңгейіне дейін іс жүзінде қайта құру қажет.
Жиын қорытындысы бойынша ҚР Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің 2021 жылға арналған жұмыс жоспары және консультативтік комитеттердің құрамы бекітілді.