«Жүгенсіздік». Журналистерге шабуылды қалай «тексеріп» жатыр?

0
131

Алматыда шілденің 22-і күні қазақстандық адам құқықтары жөніндегі бюрода журналистерге, соның ішінде Азаттық тілшілеріне шабуыл жасап, баспасөз жиынының шырқын бұзған әйелдерді жауапқа тартуға байланысты істі билік әлі күнге «сөзбұйдаға салып отыр» деп мәлімдеді адвокат Айман Омарова. Қазақстандағы бірқатар БАҚ өкілдері қатты қысымға тап болды дейді адвокат пен баспасөз құқығын қорғаушы ұйым жетекшісі.

«Екі тергеуші ауысты, істі созбақтап отыр. Техниканы әлі қайтарған жоқ» деді Қазақстанның адам құқығы жөніндегі бюро кеңсесінде журналистерге белгісіз әйелдердің жасаған шабуылын полицияның қалай «тергеп» жатқаны жайлы тамыздың 12-і күні Алматыда БАҚ өкілдеріне баяндаған адвокат Айман Омарова.

Бұдан үш апта бұрын, шілденің 22-сі күні ашуға мінген бір топ әйел Алматыдағы адам құқығы жөніндегі бюро кеңсесінде жоспарланған баспасөз мәслихатын өткіздіруге кедергі жасап, жиынға барған журналистерге шабуылдап, олардың кәсіби аппаратурасын сындырып, бір бөлігін тартып алып кеткен болатын. Әлгі әйелдер сол жиынға барған Азаттық тілшісі Нұргүл Тапаева мен оператор Тоқмолда Құсайыновқа да шабуылдаған. Мығым денелі әйелдер Азаттық тілшілерінің етін көгертіп, тырнап тастаған еді.

«Кикілжің» бе, жоспарлы шабуыл ма? 22 шілде хроникасы:

Адам құқығы жөніндегі бюрода өтетін жиынға шақырусыз барған әйелдер ҚазТАГ агенттігі, жергілікті әкімдікке қарасты «Алматы» телеарнасы тілшілері мен Қазақстан соты «экстремистік» деп танып, елде тыйым салған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы қызметіне қатысы бар деген күдікпен тұтқындалған алматылық көп балалы ана Оксана Шевчуктің ісі бойынша тергеу туралы хабарламақшы болған баспасөз жиынын ұйымдастырушыларға да шабуылдаған.

Шілденің 22-і күнгі оқиғадан кейін полиция «Өзінше билік ету» бабы бойынша тергеу бастағанын хабарлады. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бюрода екі тарап арасында «кикілжің» болған деп мәлімдеді.

– [Полицейлер] зардап шеккен Нұргүл Тапаева мен Тоқмолда Құсайыновтан шағым алмаған. Олар түсіндірме алған. Ол процестік құжатқа жатпайды. Олар көпшілік алдында: «Міне біз бір нәрсе жасап жатырмыз» деді де, сонымен қойды. Адамдар таяқ жеді. Келесі қадам сот-медициналық сараптамасына жіберу туралы қаулы болуы тиіс еді. Бұл адамдар (Азаттық журналистері – ред.) Әуезов аудандық прокуратурасына да жүгініп, сот-медициналық сараптамасына жіберу туралы қаулы беруді сұрады. Бермей қойды. Дененің көгергені мен ісігі толық қайтқанша күтіп отыр, – деп мәлімдеді адвокат Айман Омарова тамыздың 12-і күні Алматыда өткен «Журналистердің кәсіби қызметіне заңсыз кедергіге жол жоқ» деген тақырыппен өткен баспасөз мәслихатында. Оның сөзінше, мемлекеттік өкілетті органдар «тергеу амалдарын өткізуге еш әрекет жасамай» отыр.

Айман Омарова Нұр-Сұлтанда биылғы наурыздан бері бірнеше наразылық акциясы кезінде Азаттық тілшілерінің жұмысына кедергі келтірген белгісіз адамдардың ісіне байланысты берілген өтініш-шағымдарға билік орындары «ақылға қонбайтын жауап» бергенін айтты. Журналистердің кәсіби қызметіне кедергі келтірілгеніне байланысты берген шағымдарының біріне прокуратурадан келген жауапта әлдебір өтінішті «тіркеу» туралы айтылған. «Сірә, әңгіме қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы [өтініш жайлы] екенін прокурор оқымаған болуы керек» деп топшылайды ол.

Адвокаттың сөзінше, Азаттық тілшісі Өркен Жоямергеннің өтіші Нұр-Сұлтан полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасына жолданған. Бұл өтінішті шілденің 6-сы, Астана күні тыйым салынған ұйым үкіметке қарсылық акциясы өтетін орын деп атаған жерде азаматтарды ұстап жатқаны туралы тікелей трансляция жүргізген тілші мен оператор Ержан Әмірхановқа белгісіз біреулер кедергі келтірген соң берген. Бетін маскамен тұмшалап алған екі адам Азаттықтың түсірілім тобының видеокамерасын қолшатырмен көлегейлеп, журналистердің кәсіби жұмысына бөгет жасаған. Сол жерде жүрген Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаев пен басқа да полиция өкілдері журналистердің әлгі адамдарды тәртіпке салуға шақырған өтінішіне құлақ аспай, еш шара қолданбаған.​

«Тілшілерге кедергіні көрмейтін» полицей. Малыбаев феномені

Кейін кедергі келтіргендердің бірі Азаттық тілшілеріне қарата газ шашқан.

– Егер журналистерге қарсы осындай әрекеттер жасап жатса, бұл еш жақсылық күтуге болмайтынын білдіреді. Бұл – жүгенсіздік. Біз олардың біреуін өлтіргенін күтіп қарап отыруымыз керек пе? Тек өлтіргенде ғана бұған қылмыс деп қарайтын болғаны ма? – деген Омарова тәуелсіз БАҚ журналистері бұрын-соңды болмаған қысымға кезіккенін айтады.

Шілденің соңында журналистер сұрағына берген жауабында ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Азаттық қызметкерлеріне қарсы газ… шашпаған деп айтты. «Баллоннан [газ] бүріккен жоқ» деді министр.

«Тілшілер үшін мен арыз жазайын ба?». Министрлер журналистерге кедергі жайлы (9 шілде 2019 жыл):

​Адвокат Айман Омарова мен «Әділ сөз» баспасөз бостандығын қорғау қорының жетекшісі Тамара Калеева тамыздың 12-і күні Алматыдағы баспасөз мәслихатында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа журналистерге шабуылдар мен тілшілер жұмысына кедергі келтіргендердің ісін бақылауына алып, оны сотқа дейін жеткізуге шақырып, үндеу әзірлеп жатқандарын айтты.

Қазақстанда журналистерге жасалған шабуылдарға байланысты бұған дейін бірнеше халықаралық ұйым мен қазақстандық қоғам өкілдері алаңдаушылық білдіріп, билікті «мұндай қауіпті арандатулар мен зорлық-зомбылық іс-әрекеттеріне жол бермеуге, әр оқиғаны мұқият тексеруге» шақырған. Жергілікті қоғам өкілдері адам құқығы жөніндегі бюродағы шабуыл ұйымдастырылған болуы мүмкін деп санайды.

Халықаралық «Журналистерді қорғау комитеті» Қазақстан билігіне үндеуінде Алматыда баспасөз мәслихатына барған тілшілерге «шабуылды дереу тексеруге» шақырды. «Құқық қорғаушылар жиынында журналистерге қарсы арсыздықпен шабуыл жасау жиіркеніш тудырады. Билік бұл оқиғаның түбіне жетіп тексеріп, кінәлілерді жазалауы тиіс» деп мәлімдеген Нью-Йоркте орналасқан халықаралық ұйымның бағдарламалық директоры Карлос Мартинез де ла Серна.

Журналистерге шабуылды Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының баспасөз еркіндігі бойынша өкілі Арлем Дезир де Қазақстан билігін шабуылды тексеруге шақырған.

Қазақстан қылмыстық кодексінде журналистер жұмысына кедергі келтіргені үшін екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. «Әділ сөз» қоғамдық қорының мәліметінше, соңғы 19 жылда елде журналистер жұмысына кедергі жасаған 820 оқиға тіркелген. Мемлекеттік органдарға ондаған өтініш берілгенімен, кінәлілерден тек санаулы адам ғана жауапқа тартылған. Тек бір ғана іс бойынша сот БАҚ пайдасына шешім шығарған деп хабарлайды «Әділ сөз».

«Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымы 2018 жылдың қорытындысы бойынша түзген баспасөз бостандығы тізімінде Қазақстан әлемдегі 180 елдің арасында өткен жылғы көрсеткіштен бір орынға төмендеп, 158-ші боп тұр.

Azattyq