ЖСДП үстінен түсірілген шағым бойынша сот тыңдауы басталды

0

5 ақпанда Нұр-Сұлтанда Сарыарқа аудандық сотының судьясы Салтанат Қашқынбекова Шымкент тұрғыны Данияр Құлтаевтың «Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясы» (ЖСДП) ұйымының үстінен түсірген шағымын қарады.

Өзінің ЖСДП-ға мүше екенін айтқан Құлтаев соттан партияның 15-съезін заңсыз деп тануды, партия басшылығын өзгерту туралы шешімнің күшін жоюды сұрайды.

Былтыр 6 қыркүйекте Алматыда өткен партия съезінде жиналғандар бес ай бұрын ұйым жетекшісі ретінде сайланған Ермұрат Бапиге сенімсіздік білдіріп, оны партия құрамынан шығарған. Партия жетекшісі болып бұған дейін партия филиалының астаналық бөліміне жетекшілік еткен Асхат Рақымжанов сайланған.

Бірқатар партия мүшелері оны көппен келіспей, белсенділермен Парижге барып, бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдин және Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевпен кездесті деп айыптады.

5 ақпанда шағым түсіруші интернет арқылы байланысқа шығып, сотқа қатысты. Құлтаевтың айтуынша, қыркүйек айындағы республикалық съезд өтпей тұрып, барлық аймақта партия конференциялары өтуі тиіс болған. Бірақ Шымкентте партия мүшелері конференция өткізбеген.

Шағым беруші сотқа төрт куәгерді (арасында Ермұрат Бапи де бар) шақыруды сұрады. Судья Бапиді сотқа шақыру туралу өтінішті қанағаттандырғанмен екі куәгерге байланысты өтінішті қабылдаған жоқ, бір куәгерге байланысты мәселені ашық қалдырды. Сол себепті Құлтаев судьяны ауыстыруды сұрады.

Оқи отырыңыз: Ермұрат Бапиды ЖСДП төрағалығынан неге кетірді?

Бұған дейін Данияр Құлтаев Facebook-тағы парақшасында ЖСДП-ға 2007 жылдан бері мүше екенін жазған. Оның пікірінше, соңғы съезде қабылданған шешім «Саяси партиялар туралы» заңның 16-бабына (3 және 5 пунктер) қайшы.

Ал партияның қазіргі жетекшісі Асхат Рақымжанов Азаттыққа қыркүйек айындағы съезден кейін «партия мүддесіне қарсы жазба жариялағаны үшін» Құлтаевтың партиядан шығарылғанын айтты.

— Съезд алдында Шымкентте партия конференциясы өтті. Құлтаев Алматыдағы съезге қатысқан жоқ, яғни Шымкенттен делегат болып келген жоқ. Егер жәбірленуші болмаса, онда оның Бапидің мүддесін қорғауға құқығы жоқ, бірақ неге екені белгісіз сот оның арызын қабылдаған және соған сәл алаңдап отырмыз. Мұнда саяси тапсырыстың иісі шығады, — дейді Рақымжанов.

Өздерін елдегі жалғыз оппозициялық партия деп есептейтін ЖСДП-ның парламентте өкілдері жоқ. Олар парламент сайлауына қатыспай, бойкот жариялап келеді.

Былтыр күзде Азаттыққа съезге байланысты түсініктеме берген Ермұрат Бапи «төраға қызметінен кету туралы ойы болғанын» бірақ айтып үлгермегенін айтқан. Ол өзінің орнына Жанболат Мамайдың кандидатурасын ұсынғысы келген. Ал Мамай қазір Қазақстанның демократиялық партиясын тіркеуге ұмтылып жатыр.

Оқи отырыңыз: Тіркелмеген «партиялардың» уәделері

Azattyq