«Жоспары көп еді…» Шолпан Елгезектің әріптестері актриса туралы естелігімен бөлісті

0

АЛМАТЫ, 4 қаңтар — Sputnik, Айгерім Таубай. «Жараланған жүректер», «Айман-Шолпан», «Анашым, мені қалдырма», «Шабдалы» фильміне түскен театр және кино актрисасы Шолпан Елгезекова жаңа жыл қарсаңында жантүршігерлік апаттан көз жұмды. Елгезекованың әріптестері марқұмның туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтып, естеліктерімен бөлісті. 

Академияда оқып жүргенде жүргенде «Сахна тілі» пәнінен сабақ берген ұстазы Оразхан Кенебаевтың айтуынша, Шолпан Елгезекованың бойындағы кішіпейілділік қасиеті бала кездегіден де арта түскен. Отандық «Айман-Шолпан» сериалында бір түсірілім тобында жұмыс істеген ұстаз бен шәкірт бірнеше жылдан кейін кездескен. Актердің айтуынша, ортасына сыйлы болған студент Шолпан өз жұмысына да асқан ұқыптылықпен қарайтын талантты актрисаға айналған. 

«Шолпан академияда оқып жүргенде «Сахна тілі» пәнінен менен сабақ алған. Тәртіпті, ұқыпты бала болатын. Үлкенді үлкендей, кішіні кішідей сыйлай білетін, өзін сыйлата білетін ортасына сыйлы адам еді. Содан кейін мен оны көп уақыт көрген жоқпын. Жоғалтып алдым. Сөйтсем Астанада болған екен. Кейіннен «Айман-Шолпан» сериалында кездестік. Қызымызды көргеніме қуанышты болдым. Шолпан – жұмысына ат үсті қарамайтын, өзі сомдайтын рөлді толықтай зерттеген, үлкен біліммен келген актриса. Үлкейе келе кішіпейілділігі артқан екен. Ешкімнің алдынан өтпейді. Әрдайым ағалап тұратын», — дейді Оразхан Кенебаев. 

«Шабдалының» кастингінен сүрінбей өтті

«Шолпанмен 2011 жылы «Жастығым менің — Астана» деген шағын телевизиялық фильмнің түсірілімінде таныстық.

Кейін мен о кісіні мүлдем ұмытып кетіппін. Араға жеті жыл салып, «Шабдалының» кастингінде кездестік. Бас кейіпкердің анасының рөліне бірнеше үміткер болды. Бәрі жақсы, бірінен бірі өткен, бірі театрдың сахнасында шыңдалған, бірі кинодағы практикаға бай актрисалар келіп жатты.

Бірақ маған бірдеңе жетпей тұрды. График бойынша түсірілім ертең. Мен бас кейіпкерлерді ұдайы апталап, кейде айлап іздеймін», — дейді «Шабдалы» фильмінің қоюшы режиссері Жандос Құсайын. 

Режиссердің айтуынша, ол түсірілімнің алдында кешкі сағат жетіге дейін соңғы үміткерге дейін күткен. Ал соңғы үміткер болып Шолпан Елгезекова мезгілдің қыс болғанына қарамастан шашын түйіп, көзіне күннен қорғайтын көзілдірік киіп кіріп келген көрінеді. 

«Еркін сөйлейді. Кіре кастинг атқарушы қыздарды қағытып қояды. Өзін он сегіздегі бойжеткен сезінеді. Сценарий бойынша, бізге керек актриса — бас кейіпкердің анасы. Ана керек бізге. Ал мына кісінің өзі қыз секілді… Түріне қарап ем, шырамыттым. Камераның алдына келіп тұрды. Монитордан қарадым. Келбеті келісті, түрі сүйкімді, қылығы тартымды. Өзіне жарасатын еркелігі де бар. Сценарийден бір сахна бердік. Түрленіп сала берді. Бағанағы қыз қылық жайына қалды. Ашуланатын жерде шатынады, жылайтын жерде әп-сәтте көзіне жаз алды. Мұңая салады да, кенет жанары жарқ етіп күледі. Ішім жылып сала берді. «Шолпан, былай айтыңыз» деймін — айна-қатесіз орындайды. «Енді былай деңіз» деймін. Тап-тұйнақтай техника. Сезімге бай. Іші бос емес. Командамен ақылдасып, айналасы бір сағатта «Шабдалының» бас рөліне бекітіліп кете барды», — деп еске алды режиссер. 

Алайда, түсірілімнің бірінші күнінде Шолпан Елгезекова мәтіннен жаңыла берген. «Сценарий бойынша қостанайлық әйел, қазақшасынан гөрі орысшасы жүйрік болуы керек еді», — дейді режиссер. Сол сәтте Жандос Құсайын өзінің таңдауда жаңылғанын айтып, актрисаны ауыстыру керек екенін айтқан. Алайда уақыт пен энергияны шығындаған түсірілім тобы тағы бір күн сынап көруді ұсынған. Түсірілімнің екінші күнінен бастап актриса образына кіріп, рөлді түрлендіре түскен. 

«Шолпан өз образына көп элемент қосты, түрлендірді, толықтырды. Түсірілім барысында үнемі ізденіп, «ол мына сөзді былай айтады, мына әрекетті былай істейді» деп жүретін. Жұмысына жүрдім-бардым қарамайды. Түскі аста қатар отырамыз. Мені сұрақтармен мезі етеді. «Мына жерде неге өйтеді ә? Ол неге былай сөйлейді, неге былай істейді». «Шолпан, бұл жалғанда «Шабдалыдан» да басқа қызықтар бар, мысалы, мына палауды, әнебір салатты әңгіме қылайықшы» деп күлетінмін. Ол болса кейіпкерін талқылаудан талмайтын. Аздап қиялилау да еді», — дейді режиссер. 

«Жүрегінің нәзіктігі айтқан әңгімелерінен білінеді»

«Шабдалы» фильмінде Шолпан Елгезекованің қызының рөлін сомдаған Айдана Қызылкұлова актрисаны әрдайым күлімдеп жүретін, көздерінің жалынынан өмірге деген махаббаты көрінетін деп еске алды. 

«Мен «Шабдалы» фильмнің түсіріліміне келгенде, съемка басталып кеткен болатын. Шолпан тәтені алғаш көргенде: «О, доча, қалайсың? Ұзақ күтіп қалдық қой сені», —  деп қарсы алған.

Бұл кісі әрдайым күлімдеп жүретін, көздерінің жалынынан өмірге деген махаббаты көрінетін. Білер-білмесімді айтып, кеңес беріп тұратын. Түсірілім кезінен тыс хабарласып, «осындай жоба болғалы жатыр, соған бар, көр» деп бағыттайтын мені. Шолпан тәтенің жүрегінің нәзіктігі айтқан әңгімелерінен байқалады. 

Түсірілімнің соңғы күндерінде, арамызда «ана мен қыз» туралы сөз қозғалған болатын. Түйіндеп, маған «Егер сенде сондай таңдау болса, махаббат па, әлде карьера ма, сен нені таңдаушы едің?» дегенде, сұраққа сұрақ қайтарып, «Ал, сіз ше? Қызыңызға қандай ақыл айтар едіңіз?» дегенде, ол маған «Егер қазіргі кезде адамның шынайы болмысы, шынайы қарым-қатынасы бірден көрінетін болса ғой, мен өзім жетектеп апарып беруші едім және сен мені осылай қинамаушы едің» деп күлімдеген болатын», — деп қайғыра еске алды Айдана Қызылкұлова. 

«Жоспары көп еді»

Театр және кино актеры Дулыға Ақмолданың айтуынша, Шолпан Елгезекова Қазақстанда қуыршақ театрын қолға алуды жоспарлап жүргенін айтты. 

«Шамамен бір ай бұрын режиссер Арман Қарабаевтың жаңа жобасында Шолпан Елгезековамен танысып, бірінші рет кинода сахналас болдық. Қайтыс болды деген кезде, желіден суретін көрген кезде өзімде толқу болды. Кеше ғана бірге жұмыс істеп, сырлас болған адамның дүниеден өткенін есту көңілімізге қайғы орнатты. Өте талантты актриса еді. Қуыршақ театры Қазақстанда кенжелеп келеді, соны дамытқым келеді деп өзінің жоспарларын айтып еді», — деді Ақмолда. 

29 желтоқсанда Алматыда Абай мен Сейфуллин көшесіндегі жантүршігерлік жол апатынан үш адам қайтыс болды. Арасында театр және кино актрисасы Шолпан Елгезекова бар.


Дереккөз: https://sputniknews.kz/