Жошы ұлысының заңды мұрагері кім?

0

НҰР-СҰЛТАН, 29 желтоқсан – Sputnik. Шыңғыс хан құрған империя қалай ыдырады? Оның орнына қандай мемлекеттер келді? Алтын Орданың заңды мұрагері кім? Жошы ұлысының тарихы жайында Sputnik Қазақстанның дерекқорынан оқыңыздар.

750 жыл бұрын қандай оқиға болды?

Осыдан тура 750 жыл бұрын Талас өзені бойында Шағатай, Үгедей мен Жошы әулетінің ханзада-нояндары жиналып, ұлы құрылтайты өткізген. Тарихта оны «Талас құрылтайы» деп атайды.

Үгедейдің немересі – Қайду ханның шықыруымен өткен үлкен жиынға Жошының ұрпақтары Беркечар мен Мөңке-темір, сондай-ақ Шағатай ұлысынан Барақ қатысты.

Құрылтайда Шыңғыс қағанның дәстүрлерін сақтай отырып, көшпелілер мүддесін қорғаған маңызды шешімдер қабылданды. Ал, ең бастысы, әрбір ұлыстың жеке мемлекет болып жарияланды.

Талас құрылтайының шешімімен үш ұлыстың шекарасы айқындалды. Мауереннаһрдың үштен екісін Барақ алды, үштен бірі Қайду мен Мөңке-темірге тиесілі болды.

Тағы оқыңыз: КСРО мемлекеттік сыйлығын алған үш қазақтың бірі Әбдіжәміл Нұрпейісов туралы деректер

Қайдудың Бұхараның төңірегіне де билігі жүрді. Шыңғыс ханның ортақ мұрасы жолында бірлескен хандар бұдан былай қалаларға емес, таулар мен далаларға, жазық жерлерге қоныстанатын болып уағдаласты.

Бағынышты халықтардан салып жинау тәртібі реттелді. Осылайша Талас құрылтайында Шыңғыс хан құрған ұлы империя ыдырап, оның орнына дербес үш мемлекет — Жошы ұлысы, Шағатай ұлысы және Моғолстан бой көтерді.

Құрылтайдан кейін Жошы ұлысының әміршісі Мөңке-темір өзін хан деп атап, өз атынан теңге бастырды. Бұл дербес мемлекеттің белгісі еді.

Сондықтан Талас құрылтайы Алтын Орданың (Жошы ұлысы, Ұлық ұлыс) ресми түрде бөлек мемлекет болып қалыптасуына негіз болды.

Орда тарихы құрылтайдан бұрын басталған

Шыңғыс хан қайтыс боларының алдында  өз иелігіндегі жерлерді төрт ұлына бөліп берді. Жошының үлкен ұлдары Бату мен Орда-Еженнің еншісіне моңғол иеліктерінің қиыр батысында жатқан оңтүстік Ресей мен Қазақстанның жерлері тиді.

Бату Алтын Орданы билесе, Орда-Ежен Ақ Орданы басқарды. 1235 жылы Бату қолбасшы Сүбедей баһадурдың көмегімен батысқа қарай жаңа жорық бастап, алдымен башқұрттарды, бір жылдан кейін Еділ Бұлғариясын жаулап алады.

Ал 1237 жылы Украинаның оңтүстік даласын бағындырып, ондағы құмандарды батысқа қарай ығыстырады. Содан солтүстікке қарай бұрылады да, Руське басып кіреді.

Тағы оқыңыз: Түрмедегі соңғы күн: Қайрат Рысқұлбековтің өліміне кім кінәлі?

Сөйтіп, үш жыл бойы орыс княздықтарын жаулаумен болады. Бату құмандардың батысқа қашып, Мажарстан королінің жерін паналап отырғанын желеу етіп, Шайбан, Орда-Ежен, Байдар және Мөңке сияқты Шыңғыс әулеті мен өз бауырларымен бірге батысқа жорық жасайды.

Легница және Мухи маңында неміс-поляк рыцарьларынан жиналған әскерді талқандайды. Бірақ Үгедей ханның қайтыс болғанын естіп, енді ғана қоршап-қамай бастаған Венаны тастап, елге қайтып кетеді. Моңғол әскерінің батыс бағытындағы жорығы осымен тоқтайды.

Бату 1242 жылы Мажарстан арқылы қайтып, жолшыбай Пешт қаласын, Болгарияны бағындырады. Алтын Орданың астанасы Сарай-Бату, ал кейінірек Сарай-Берке қаласы болды.

Алтын Орда қалай ыдырады

Түрік деректерінде Бату ханның әскерлері «қыпшақтар» деп аталды. Себебі ұлан-ғайыр өлкеде орналасқан мемлекет халқының басым бөлігі түркі тілдес қыпшақтар болатын.

Мемлекеттің басты саяси-мәдени тілі – қыпшақ. Алтын Орда мемлекеті тарихи әдебиетте «Қыпшақ ұлысы» деп те аталды.

Алтын Орда қазіргі Ресей, Украина, Молдова, Қазақстан және Кавказдың жерінде орналасқан. Ал шарықтау дәуірінде Алтын Орда Шығыс Еуропаның Орал тауларынан Днепр өзенінің оң жақ жағалауына дейінгі жерлерді алып, Сібірге терең бойлап еніп жатты.

Оңтүстігінде Орданың жері Қара теңізбен, Кавказ тауларымен және моңғол Хулагу мемлекетінің қол астындағы Персиямен шектесті. Алтын Орда Өзбек пен Жәнібек хандар тұсында едәуір көтерілді.

Мәселен, Өзбек ханның кезінде мұсылман діні мемлекеттік дін болып жарияланды. Алғашқыда көне ұйғыр жазуы негізгі жазу болып қалыптасса, кейіннен ислам діні ықпалының күшеюіне байланысты араб жазуы да қатар қолданылды.

ХІV ғасырдың ІІ жартысы — Алтын Орданың тәуелсіз иеліктерге бөлінген кезі. Ал 1359—1379 жылдар «Ұлы дүрбелең» кезеңі деп аталады.

Артынан Тоқтамыс хан Алтын Ордадағы билігін соғыстағы жеңістермен бекіте түспек болып, 1382 жылы Мәскеуді өртеді. Ақсақ Темірдің басқыншылық жоспарларына солтүстік-батыста орналсқан Алтын Орда кедергі жасады.

Содан ол өз жорықтарын бастайды. Әмір Темір мен Тоқтамыс хан арасындағы шешуші шайқас 1395 жылы болды.

Ол жайында Сыпыра жырау жырлып өтті. Әмір Темір Алтын Ордаға жойқын соққы жасап, астанасын қиратып кетеді.

Қырым сауда қалаларын тонайды, ең шебер қолөнершілерін өзінің астанасы — Самарқандқа айдап әкетеді. 1440-шы жылдары Ордада тағы бір азамат соғысы бұрқ ете түсті.

Тағы оқыңыз: Қарға бойлы Қазтуған атанып кеткен жырау туралы қызықты деректер

Осыдан кейн ол бірнеше хандықтарға бөлшектеніп кетеді. Олар — Қасым хандығы, Қазан хандығы, Астархан хандығы, Қазақ хандығы, Өзбек хандығы және Қырым хандығы.

Ресейлік антрополог Л.Т. Яблонский 30 жыл бойы Алтын Орда көшпенділерінің бассүйегін, қаңқасын зерттей келе, ортағасырлық бұл жасампаз жұрттың бет-пішініне, қазіргі халықтардың ішінде пошымы жағынан тек қазақтар қатты ұқсайды деген қорытынды жасаған.

Сондай-ақ, палеогенетикалық зерттемелер нәтижесі де Алтын Орда аристократтарына гендік, қандық тұрғыдан тағы да қазақтар ғана жақын деген шешім шығарыпты.

Тоқаев Алтын Орданың 750 жылдығы жайында не айтты?

Биыл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумында осы қасиетті жерді барша әлемге таныту қажеттігін айтқан болатын.

«Бүгінде атқарылған жұмыс аз емес. «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи мұражай қорығы ел игілігіне айналды. Ұлытау ауданының орталығында Қазақ хандарының аллеясы бой көтерді. Енді еліміздің осындай баға жетпес бай мұрасын өзге жұртқа танытудың жаңаша жолдарын ойластыруымыз керек. Мысалы, Монғолия Шыңғыс хан тұлғасын халықаралық туризмді дамыту үшін өте тиімді пайдаланып отыр», — деді ол.

Осы орайда президент ұлы ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейтінін жеткізді. Сондықтан Алтын орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алу қажеттігін айтты.

«Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңызды міндет. Ұлытау – халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығы болуы тиіс. Бұл жұмыстар Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында басталуы қажет», — деп атап көрсетті Қасым-Жомарт Тоқаев.



sputniknews.kz