Жошы ханның он шақты әйелі, 40 ұлы болған — тарихшы
![](https://kznews.kz/wp-content/uploads/2025/02/IMG_5277-905x613.webp)
Бірақ тек 20 ұлының ғана есімі бізге жеткен
Тарихи деректерге сүйенсек, Жошының он шақты әйелі болған, ал балаларының саны 40-тан асқан. Бірақ олардың шамамен 20-сының ғана есімі бізге жеткен.
«Жошының лақап аты Улуш Иди болған, бұл «Ұлыстың иесі» дегенді білдіреді. Оның жеке өмірі туралы деректер аз зерттелген. Бізге жеткен мәліметтерге қарағанда, оның кемінде 40 ұлы болған, ал әйелі мен күңдерінің нақты саны белгісіз. Бізге есімі белгілі тоғыз әйелі болған, олардан көптеген ұрпақ тараған», — дейді тарихшы Жақсылық Сәбитов.
Жошының көп әйелінің ішінде төртеуі ерекше маңызды тұлғалар болған:
1. Биктұтмыш (Никтутмыш)– Керейіт ханы Ван ханның жиені. Тарихшылар оны Жошының алғашқы әрі басты әйелі деп санайды. Бұл – саяси неке, өйткені Керейіттер Шыңғыс ханмен жақын байланыста болған. Дегенмен, деректер бойынша ол Жошыға ұрпақ сыйламаған.
2. Сартак – Қоңырат руынан шыққан әйелдерінің бірі. Ол Жошының тұңғыш ұлы Орда-Еженнің анасы.
3. Үкі-Фуджин – Қоңырат тайпасынан шыққан, Бату ханның анасы. Оның шешесі Бөрте Фуджинмен туыстығы болған. Кейбір деректерде ол Мұхаммед есімді ұлды да дүниеге әкелгені айтылады.
4. Хан-Сұлтан (Сұлтан-хатун) – ең ерекше әйелдерінің бірі. Ол Хорезмшах Мұхаммедтің қызы, Теркен-хатунның немересі болған, яғни, оғыз және қыпшақ хандарының ұрпағы.
Деректерге қарағанда, Жошының сүйікті жары – Хан-Сұлтан болуы мүмкін. Себебі ол Жошыға бірден үш ұл туған:
«Хан-Сұлтан Жошыға Берке, Беркечар және Бора есімді үш ұл сыйлаған. Бұл басқа әйелдеріне қарағанда ерекше жағдай, себебі көпшілігі тек бір немесе екі бала ғана дүниеге әкелген. Берке кейіннен Ұлыстың билеушісі болып, Жошы әулетінің мүддесін қорғады. Беркечар Меңгу-Темір ханның қолбасшысы болды, ал Бора туралы деректер аз. Бұл оның Жошы үшін маңызды әйелдерінің бірі болғанын көрсетеді», – деп түсіндірді тарихшы Жақсылық Сәбитов.