Жөндеусіз қалған нысандар мен жалақысыз құрылысшылар
Түркістан облысындағы Арыс қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Анатолий Рунков маусымның 24-і күні қару-жарақ қоймасы жарылғанда жеке мүлкі мен бизнесі зардап шеккендердің бірі. Төрт адам қаза тауып, ондаған жан жаралы болған төтенше оқиға кезінде оның екі үйі мен дүкені, жаңадан салынып жатқан дәмханасы зақымданған. Бір жарым ай өтсе де, үйін, дүкені мен дәмханасын жөндеуге жұмысшылар келмеген.
Жергілікті билік снаряд тиген үйлердің кейбірін жөндетіп, кейбірін бұзғызып, қайта салғызып беріп жатыр. Ал мұндай жәрдемнен мақұрым қалған шарасыз кәсіпкер Рунков үй-жайы мен бизнес нысандарын өз қаражатымен жөндетуге мәжбүр болғанын айтады. Ашынған тұрғын қаланың ортасындағы Аймауытов көшесінде орналасқан дәмханасының қоршауына тақтайша қағып, оған: «Жарылыс зардабын толық өз есебімнен жойып жатырмын. Мемлекеттен әзірге көмек көрмедім. 7 тамыз» деп жазып қойған.
«ІШ ТОЛЫ ЫЗА МЕН ЖАНАЙҚАЙ»
— Дәмхананың шатыры кетті. Есік, терезесі сынған. Бұзылған материалдардың бәрін жинап отырмын. Шығынға баттық. Жарылысқа бір жарым ай болды. Осы уақытқа дейін маған бір тиын өтемақы бермеді. Тіпті құжаттарымды әлі қабылдамады. Әртүрлі құжаттарды сұратып созбалаққа салып жатыр, — дейді кәсіпкер.
Анатолий Рунковтың қоршауға не себепті жазу ілгенін әйелі Дилдора Усманова былай деп түсіндірді:
— «Зақымданған ғимараттардың 90 пайызы жөнделіп бітті» деген [билік мәлімдемесін] естігенде ішіміз толып, ызаландық. Бұл – біздің жанайқайымыз.
Дилдораның айтуынша, тақтайша ілгелі бері ешкім келіп хал-ахуалдарын сұрамаған. Ерлі-зайыптылар әкімдік өкілдері көшелерінен өтсе, наразылығымыз назарға ілінеді деп үміттенеді.
Қалада жарылыстан зақымданып, жөнделген үйлерді шатырынан, сыртқы бояуынан тануға болады. Зақымданған үйлердің көбі темір жолдың екі бетінде орналасқан. Бірі – әскери қалашыққа, екіншісі – қала орталығына жақын тұрған шағын аудан. Бұл аумақтағы үйлер тұтас дерлік жөнделген. Көп үйдің шатыры жабылған. Шатыры әлі ашық жатқан бірді-екілі үйлер көрінеді.
Толық бұзылып, жаңадан салынып жатқан үйлердің құрылысы әлі жүріп жатыр. Кейбірінің іргетасы әлі қаланбаған. Мұдай үйлердің басында адам көрінбейді.
Көшелердің бойында – үйілген қоқыс, көбі – құрылыс қалдықтары. Жол бойындағы жүру ережелерінің белгілері құлап жатыр. Ал бастан-аяқ жөнделіп жатқан әлеуметтік нысандардың құрылысы аяқталмаған. Аулалары жиһаз бен қоқысқа сіресіп тұр.
Арыста ең әуелі түгел жаңартылған зат – көшедегі баннерлер. Әкімдік ғимараты орналасқан Әл-Фараби көшесінің басында Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті ілінген. Астында «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» деген жазу тұр. Мұнда бұрын арыстықтарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақыратын баннер тұратын. Осы көшенің бойына Нұр-Сұлтан қаласының бірнеше суреті де көзге түседі.
Әкімдік құрылыс жұмыстары тамыздың 15-інде бітеді дегенмен жөнделген үйлерінің сапасына көңілі толмайтын тұрғындардың кейбірі оған сенбейді. Аты-жөнін айтудан бас тартқан шамамен 50-ден асқан әйелдің сөзінше, жарылыстан зақымданған үйінің шатыры жабылып, есік-терезесін салынғанымен іші жөнделмеген. Бала-шағасымен далада түнеуге мәжбүр.
— Бәрінен балаларыма қиын болды. Жаңа оқу жылы басталайын деп жатыр. Ал біз әлі далада жүрміз. Қиналып кеттік, — дейді ол.
Тұрғынның сөзін жалғаған зейнет жасындағы және бір әйел:
— Құрылысшылар да қалмай барады. «Жалақымызды ала алмай жүрміз» дейді. Олар кетсе, үйімізді кімге жөндетеміз? — дейді алаңдап.
«ЕҢБЕКАҚЫСЫН ТОЛЫҚ БЕРЕ АЛМАДЫҚ»
Азаттық тілшісі құрылысшылардың жұмысы мен жалақысы туралы ақпаратты анықтау үшін арнайы құрылған секторларға барды. Жамбыл облысының әкімдігі жауапты 3-сектордағы штаб басшысының орынбасары Бақытжан Жүнісбеков өз секторында жұмыс істеген құрылысшылардың жалақысы толық берілмегенін растады. Оның айтуынша, алғашында республика бюджетінен бөлінген қаражат шектеулі болған. Секторда бас-аяғы 140 үйді жөндеу туралы келісім-шарт жасалған. Кейін жөнделетін үйдің саны 312-ге өскен. Қазір жөнделмеген 15 үй қалған.
— Құрылысшылардың еңбекақысы толық берілген жоқ. Аяқталған жұмыстың сметасы астанаға (Нұр-Сұлтан қаласын айтады – ред.) енді жіберілді. Жұмысшылардың еңбекақысының 50 пайызы ғана шоттарына аударылған, — деді ол.
Бақытжан Жүнісбеков мердігер компания өз есебінен құрылысшыларға жалақысын төлей алмайтынын айтады. Ресми өкілдің мәлімдеуінше, тамыздың 14-інде республика бюджетінен қосымша қаражат түскен соң құрылысшылардың жалақысы толық беріледі. Қалған 15 үй де сол уақытта жөнделеді. Бұл секторда 580 құрылысшыға дейін жұмыс істеген. Жұмыстың аяқталуына аз қалғанына байланысты олардың саны 240 адамға қысқарған.
ӘКІМДІКТІҢ УӘЖІ
Құрылысшылардың жалақысы мен жөндеу жұмысына және билік зардап шеккен әрбір арыстыққа беріледі деп уәде еткен 100 мың теңге көмекке байланысты қала әкімі Мұрат Қадырбек Азаттыққа комментарий берді.
— Құрылысшылардың жалақысын алу-алмауына әкімдік араласа алмайды. Бұл – мердігер компания мен жұмысшылардың арасындағы келісім-шарт. Олардың арасындағы дау сол шарт арқылы шешіледі. Қалада сегіз мыңнан аса құрылысшы жұмыс істеп жатыр. Әзірге әкімдікке «жалақымды ала алмадым» деп ешкім арыз түсірмеді, — дейді әкім.
Оның сөзінше, 100 мың теңге беру үшін 57 мың тұрғынның құжаты дайындалған. Банк карточкалары таратылып жатыр. Құжат әзірлеу кезінде 1800 адамның құжатын екі рет тапсырғаны анықталған. Шамамен бес мың адам дайын тұрған банк карточкасын түрлі себеппен алмаған. Көмек алу үшін құжат рәсімдеп үлгермегендер үшін арнайы комиссия құрылған. Ондай адамдардың саны екі мыңға жеткен. Олардың тұрғылықты жері мектеп, балабақша, жұмыс орны не емханадан берілген анықтама бойынша анықталады. Өтініштері тек содан соң қабылданады.
Ресми ақпаратқа сәйкес, қаладағы жарылыстан зақымданған үйлердің 98 пайызы жөнделіп біткен. Сырлау сияқты ұсақ-түйек жұмыстар қалған.
Мұрат Қадырбек кәсіпкер Анатолий Рунковтың қоршауына наразылық білдіріп, тақтайшаға жазба жазып іліп қойғанынан хабарсыз болып шықты. Оның сөзінше, «халық болған соң әртүрлі жағдай кездесіп жатыр».
— Егер негізсіз шағым айтылса, құқық қорғау органдары шара қолданады, — деп бір ескертіп қойды әкім.
Маусымның 24-інде Арыс қаласында әскери қойма жарылып, төрт адам қаза тапқан. Ресми дерек бойынша, қоймадағы оқ-дәрінің 70 пайыздан астамы жарылып кеткен. Қаладағы тұрғын үйлердің басым бөлігі бүлінген. Маусымның 27-сінде Шымкентте шеруге шыққан жүздеген арыстық соңғы он жыл ішінде төрт рет жарылыс болған Арыс қаласына бармайтынын айтып, биліктен өздерін басқа жаққа көшіруді талап еткен. Билік Арыстағы әр тұрғынға 100 мың теңге көмек берілетінін айтқан. Тамыздың 12-сінде Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов «Арыс қаласын қалпына келтіру бюджеті – 56,1 миллиард теңге» деп мәлімдеген.