Жөнделген жол – 4,5 мың шақырым

0

«Қазақстанның автожол желілерін дамыту мен же­тіл­діру – басым мемлекеттік мін­деттердің бірі. Автомобиль жол­дарының заманауи желісін құру және тиімді пайдалану, жол кешенінің инфрақұрылымы – мемлекет экономикасының сер­пінді дамуының негізгі тірегі. Үс­тіміздегі жылы еліміз бойынша 4,5 мың шақырымнан астам республикалық маңызы бар көлік жолдары жөнделді», деді Инвестициялар және даму вице-министрі Р.Скляр.

Биылғы көрмеде «Ірі қалалар мен жақын маңдағы елді мекендер арасында көлік қатынасын дамыту бойынша шаралар қа­былдау» және «Өңірішілік қаты­настарды жақсарту үшін жергілікті жолдарды жөндеуге қаржы көлемін 150 млрд теңгеге дейін ұлғайту» мәселелеріне басым­дық беріліп отыр. Бұл шараларды жүзеге асыру Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылдың 31 қаңтардағы халыққа Жолдауында тапсырылған.

Көрмеде Қазақстан, Бе­ла­русь, Украина, Ресей, АҚШ, Гер­­мания, Түр­кия, Қытай және бас­­қа ел­­дер­дің 100-ден аса заманауи ғы­­лы­ми және техникалық өнім­­­дері мен материалдары ұсы­ныл­ды.

Ал «Өңіраралық жол ин­фра­құ­­­рылымын дамытуды ше­шу жол­дары» атты ғылыми-тәжі­рибе­лік конференцияда АҚШ, Фран­ция, Түр­кия, Ресей мен Қазақстанның бел­гілі ком­па­ния­ларының өкіл­дері өз елдеріндегі жол құрылымына қатысты тәжі­рибемен бөлісті. 

«2015-2019 жылдарға ар­нал­ған «Нұрлы жол» мемле­кеттік бағдарламасы аясында біздің министрлік автожолдар, көлік және азаматтық авиация салаларында бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Негізінен автомобиль жолдарын салу мен қайта жөндеу жұмыстарына мән берудеміз. Аталған мемлекеттік бағдарлама аясында 2015-2017 жылдары республика бойынша І жəне ІІ деңгейдегі техникалық категорияларға жататын 5,9 мың шақырым жол салынды және жөндеуден өтті. Соның ішінде іске қосылған Батыс Еуропа –Батыс Қытай көлік дәлізі де бар», деді Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр.

Оның айтуынша, қазіргі уа­қытта елімізде жер­гілікті маңы­зы бар­ жолдарға бөлінген қар­жы көлемі –  155,9 млрд теңге. Оның 64,3 млрд тең­гесі рес­пуб­ли­калық бюд­жеттен қарасты­рыл­ған. Бұл қара­жатқа өңірлер­дегі жал­пы ұзын­дығы 4373 ша­қы­рым­ды құрай­тын автомобиль жолдарына жөн­деу жұмыстары жүргізіледі.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»